550 жылдықты тойлармыз-ау, бірақ...

/uploads/thumbnail/20170708155311841_small.jpg

Біздің тарихшылар ұйықтап жүре ме, әлде биліктің өз дүмше тарихшылары бар ма, - ұлтымыздың осындай елдік, мемлекеттік, өркениеттік мәселелерінде қапы қалып жататынымыз қалай? Неге терең бойлар жерде үнемі жеңіл қалқып жүреміз? Ана жылы Түркістанның туған жылынан шатастық, енді Шымкенттің 2250 жылдық түпкі тарихы нақыланып қалған кезде өз қолымызды өзіміз кесіп, тіпті қолымыз емес-ау өз тамырымызға балта шауып, шолтитып жатырмыз. Сонда Отырар, Сығанақ, Түркістан, Тараз, Шымкент, Қимақ, Баласағұн, Ақмешіт, Алматы, т.б. сияқты ежелгі қалаларымыздан бас тартып, 550 жылмен шектеліп отырмақпыз ба? Әлде, 550 жылдың ар жағында ол қалаларда қазақтар тұрмағанда тарихта жоқ біреуден тартып алдық па? Сонау қатын патша тұсында жалған жылнамалар жазғызып, монастырларға таратып, оларын Мусин-Пушкиндерге тапқызып, Киев Русіне жолдан ортақтасқан "тарихы" соңғы жылдары әшкереленіп, "тамырынан" айрылып қалған соң, бүгінгі РЕСЕЙ енді "Монғол-татар игосы болған жоқ" деп, Алтын Ордаға, Аттилаға жармасып, жанталасып, иемденіп, өз тарихын қолмен шұқып, тереңдету үстінде. Ал біз болсақ өз тарихымыздан ат-тонымызды ала қашып әлекпіз. Біз бүгінгі мұрагері ретінде өз елдігімізді ең кемінде Білге қаған дәуірінен бастауымыз керек. "Біз - Түріктің ата жұртымыз, Күлтегін, Тоныкөк пен Қорқыттың Отанымыз!" деп кеуде қаққанда жерге сыймаймыз. Солай айтып, жазып келіп, бір-ақ күнде соның бәрінің басынан аттап өте шықтық. Сондай-ақ Үйсін, Қаңлы, Найман, Керей хандықтарының өмір сүрген дәуірлері де 550 жылға сыймайды ғой! Армяндар қазбадан тауып алған бір тастағы қашалған бірер сөзді малданып, Ереван қаласының салынғанына 2790 жыл болды деп дәлелдеді. Тым болмаса қасымыздағы Қырғыз бен Өзбектен үлгі алмаймыз ба, биліктегі "тарихшы" мырзалар! Қырғыздар өз мемлекеттігінің 2200 жылдығын тойлағалы бақандай 10 шақты жыл өтті. Біздің басшылар ол кезде "бізде бұрын мемлекет болған жоқ, шекара болған жоқ" деп, аузын қу шөппен сүртіп, "бәрін өзіміз қолдан құрдық" деп күпсініп жүрген. Сөйтіп жүріп, арамниеттінің аузына "қазақта мемлекет болған жоқ" деген сөз салып беріп, бір күйдік. Ендігіміз мынау. 550 жыл - әрине, тарихымызды 1991 жылдан бастағаннан жақсы. Жерімізге көз алартып жүрген жойпан, жыртқыш көршілердің аузына өзіміз барып түсуге неге сонша құмармыз? Дұшпанға таба болмасақ та, досқа күлкі болған жақсы емес. Маңайға мойын бұрмай, қашанғы жем боламыз?.. Өмірдегі кейбір қателіктерді көрмеуге болар, ірі қателіктерді жөндеуге болар, бірақ халық тағдырына, ел тарихына қатысты жіберілген ең ұсақ қателіктің өзін түзету ұрпақтарға аса ауыр тиетіні анық... Дегенмен, қай қазақ тойдан қашыпты? Қарар қабылданып қойған екен, ендеше, шегінер жер жоқ, бұған да шүкір деп, 550 жылдығымызды лайықты тойлайық, бірақ одан әлдеқайда терең тарихымызға бойлайық! Мұны Қазақ елінің 2300 жылдығын өткізуге дайындық деп ойлайық...

Ұлықбек Есдәулеттің жеке парақшасынан

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар