«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС мен Қазақстан Жазушылар одағы жыл сайынғы «Балауса» бәйгесіне байқау жұмыстарын қабылдау басталды, - деп хабарлайды Qamshy.kz корпорацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Бəйгенің мақсаты – балалар əдебиетіне қолдау көрсету арқылы бүгінгі заман талабына сай шығармалардың жазылуына ықпал ету, сол арқылы балаларды қаршадай кезінен өз
ұғымдарына лайық əдеби туындылармен молынан сусындатып, туған елге, ата-анаға, дос пен бауырға деген сүйіспеншіліктерін қалыптастырып, ұлтжанды, өнегелі, білімқұмар болып өсуіне негіз қалау.
Дәстүрге айналған «Балауса» бəйгесі мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге арналған қазақ тіліндегі үздік әдеби шығармаларды анықтауға арналған. Былтырғы жылы әділқазылардың қарауына 195 автордан 220-дан астам еңбек келіп түскен болатын. Жеңімпаздардың шығармалары «Балдырған» балалар әдеби-көркем журналы беттерінде жарияланды. Әділқазылар ескертеді: өткен жылы бәйгеге қатыстырылған жұмыстар қайта қаралмайды.
«Балауса» бəйгесінің Ережесі қазақ тілінде шығатын бірқатар БАҚ-да жарық көреді. Бәйгеге қатыстырылатын шығармалар 2015 жылдың 10 ақпанына дейін қабылданады. Байқауға жолданған шығармаларды «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС мен Қазақстан Жазушылар одағының өкілдерінен құралған әділқазылар алқасы қарастырып, жеңімпаздарды анықтайды. Бәйгенің қорытындысы 2015 жылдың 2 сәуірі күні жарияланады.
Бәйге жеңімпаздары ақшалай сыйлықтарға ие болады, ал олардың шығармалары бірқатар республикалық басылымдарда жарық көреді.
Пікір қалдыру