«Ұшасың түнде, талмай қанатың
Екі-үш мың теңге әрбір сағатың!»
Бүгінде балапан дауысты бозбалалардың бейәдеп сөзбен қаруланған бейнабаяндары брэндке айналуда. Әр-жерден жиып, әумесер әуезден құраған дүниесін ән деп те таныстырып жүр. Жаңағы текст «Түнгі көбелек» деген рэптің сөзі. Желіккен жастың тілінде ойнаған әуеннің қимылы санасында сайрап жатыр. Ыңғайға көнбейтін былапыт сөздерді былайғы жұртқа әннің формасына салып жеткізгендегісі ғой. Біз артық кетіппіз, сөйтсек бұлары рэп екен. Қазір сыбырлағанның бәрі әнші заманда осы рэпшілер «әу» демейтін қазақ болмайтынын дәлелдеп жүр. Екінің бірінің «трегі» бар. Трек дегені қоржындағы әндері. Өздеріне лақап таққыш топтардың тапқаны жаңағы жанрға жаны жақын жастардың жан-жақты қолпашы ғана. Біз осы зерттеу барысында көптеген трэктер мен бейнежазбаларға жолықтық. Тіпті, күнделікті тұрмыста қолдануға қораш көретін тіркестер олардың сөздік қорларын байытып отыр. Солардың ішінен аз ғана бөлігін ұсынып көрейін. Баянсыз махаббат, бақытсыз балалық шақ жайлы өмір жайлы көзқарасы қалыптасып үлгермесе де үлкендерше ақыл айту олардан алыс емес. Сыпыра жамандап, жондарынан таспа тілгіміз жоқ. Арагідік қазақты бірлікке шақыратын жігіттер де бар екен... Бірақ көп жағдайда кезіккеніміз ортанқол дүниелер мен «оқшау» сөздер. Мысалға:
R.I.D.O
Көңіліміз толмады
Ортаңғы саусағымызды жолдадық
Smitty
Жезөкше қыз екенсің деген басыма келді ой.
Mc Madi x Loony Lao x BIG KAJY
Маған сенің көтенің ұнайды
Бірақ мен сені толықтай қалаймын»
Тағы бір жолдарда:
«Кілең үйір ешкі, болса уақыт кешкі. Жиналып фото түсірер камерамен ескі. Сапасы сын көтермес, көрсетеді үйір санын, Мен үшін нәжіссіңдер, үйірдегі бәрің» деген жолдар бар. Арзан ұйқастың сауырынан соғып, керексіз дүинені «керемет» қылып көрсеткен. Екіншіден ешкіде ешқашан үйір болған емес,үйір жылқыда. Қоймен қосылып қотан болады. Үшіншіден төртінші жолда анайы сөйлемді қолданып, жалпы жабайылыққа барған. Әрі қарай кеттік.
«Мен үшін пілден төменсің, қалтаң ақшаға толса да, Көйлегің болса да, атағың бар деп сорса да, Қойныңдағы маймылың лайықты сол саған. (түсініксіз) исі шықты, кілең арзан атақ қуған, Адамдар санаулы, намаз үшін ...... жуған» - дей салыпты. Сөз ауанын бақсам сол «аз»-дан өздері де алыс емес-ау. «Қойныңдағы маймылың лайықты сол саған» депті. Қазақта ең даудың дүрмекке жолығар сәті қыздың намысының қорлануында. Арының аяқ асты болуында. Ендеше қызды маймылға теңеген мықтының «мәдениеттен» мылқау екенін байқаймыз. Тіпті өлең атаулыдан өрімдей негізі жоқ бұл сылдыр-судың кейбір жастар алдында Абайдың алдын орап кеткені жаныңа батады. Сегіз серіні танымаса да Смиттиді,кезіндегі аш жалаңаш қазақтардың тарихын білмесе да ASH KAZAKH-ты тыңдайды. Кей кісілер осы рэптің шығу тегін өзіміздің жыраулар поэзиясымен байланыстырады. Дұрыс та шығар. Сөздерінің дұрыстығына дәлел бола алатын фактілер де жоқ емес. Бірақта Ақтамбердіше жан айқайынан, бүгінгілердің бос айғайы көп, Шалкиздің шешендігінен,бүгінгінің мешеулігі көп Махамбеттің отты өлеңдерінен, бұлардың боқты өлеңдері көп. Тіпті, кешегінің кемеңгерлерін бүгінгілермен салыстырып, салғастыру ақылға ауырлық қылады. Ашынғанда шығады ащы даусымға салып Ақтамберділер:
Әлпештеген ханшасын
Түйедегі наршасын
Аялаған аруын
Ақ көтіне мінгізіп
Тегіннен тегін олжа қылмасам
Жер басып тірі жүрменді – дейді. Нарталап ердің намысты өлеңі далиған даланың рухын көрсетіп тұрған жоқ па? Ал рэпшілерге келсек «өйттім, бүйттім, сондай екенсің, білмей қалыппын» осының айналасындағы кәкір-шүкірлер. Өлеңіне қарап өзіне баға берер заманда Ақтанберділер «өр» атанса,бүгінгілердің боқтығына не дейміз?
Әрі қарай.
«Түкірдім түсінігіңе, дініңе, сеніміңе, Менің жолым осы, болмайды шегінуге. «Адамзат – менің дұшпаным! Көрмедім, ешқашан, көгершіннің ұшқанын. Адамзат – қасіреттің бесігі, Естіледі жер ананың өксігі» -деп бір демалыпты. Қазақша рэпті тек қазақ қана тыңдайды. Қазақтың діні – ислам. Бірінші жолынан бүлікке бастаған өлеңде Исламға түкіргенім бар дегендегісі ме? Сонда жастарды атеизмге үгіттеп жатқаны ма? «Адамзат - менің дұшпаным» депті. Атеистерде адамзаттың дұшпаны болған. Жаратылысын маймылмен байланыстырған ортада адаммын деу де ақылға сыймайтын ақталыс ғой. «Адамзат - касіреттің бесігі» дейді. Сол қасіреттің бесігін тербетіп отырған өздері емес пе? Жыласа трегімен жұбататын. Бұл тікелей суицидке қатысты тармақтар. Қайта біз кей былапыт боқтықтың орнын сыпайылау сөздермен ауыстырдық. Кейбір бейне баяндарын көргенде өзіңмен қоса көзің ұялады. Бұл клиптердің астындағы пікірлерге келсек көп қазақ теріс көрмейтін сияқты. Не көп бізде рэпшілер көп екен. Тас лақтырсаң рэпшіге тиеді. Ескере кететін жайт бұлар әнді де,сөзді де өздері жазады екен. Жазған шимайлары шыдамыңа шоқ түсірердей. Буын деген бүтіндей бүлінген, ұйқас дегенді ұқпайды. Әлемде солай ма,әр елде солай ма,ажыратып алу қиын. Бұлар бүгінгі күннің замана тудырған сал-серілері. Бір қызығы жаңағы жігіттердің басым көбінің есімдері қазақша емес. Smitty, R.I.D.O, Maximum осылай жалғасып кете береді. Біздегі бар кінә қалай көрдік солай сана сүзгісінен өткізбей қабылдай беріп, дарылдай кетеміз. Өйткені жырына жыны аралас батыстың рэптерінен боқтық сөздердің «бәленбай» түрін естисіз. Музыка мен көк жәшіктің тәрбиеші құрал екенін ескеріп, жастарымыздың кімді тыңдап, нені көріп жатқанына назар аударайық.
Кешегі заманның кереметтері көзге елестейді. Бай көңіл Біржан көмейі бұлбұл Ақан Үкілі Ыбырайлардың атағын шығарып,шымыр шумақтармен өрілген әндері осы «Түнгі көбелек» деп секектеген серілердің жасы болса керек. Замана озып, әдептен қашық, ашықтан-ашық кеткен әншісымақтардың бүгінгі «әләуләйлімі» осы сарында. Осы соңғы бес жылдың жүзі болды қазаққа РЭП жанрының етене таныс бола бастағаны. Алғаш Ерболаттың «Мен Қазақпыны» қазақ екенімізді есімізге түсіріп,еңсе көтерердей құбылыс болып, «Біздің Жігіттерге» дейін жорға желіспен келді. Онан кейінгі шыққан түрлі топтардың боқтардан ары ұзай алмағаны белгілі. Біздегі бар кінә қалай көрдік солай сана сүзгісінен өткізбей қабылдай беріп,дарылдай кетеміз. Батыстың рэрерлерінің де сөзінің сиқы осындай.
Орынбасар Бақытбек
Сурет: musicmir.kz
Пікір қалдыру