Өзгенің қоқсығын теруді қашан қоямыз?

/uploads/thumbnail/20170710161837528_small.jpg

Қазақстанда отандық телеарналардың саны көбейіп келеді. Осыдан 20 жыл бұрын 2,3 арнанын місе тұттық. Содан бері қазақстандық тележурналистика көптеген жетістіктерге жетті. Оның бір дәлелі ретінде түрлі аудиторияға негізделген телеарналардың ашылуын айтса болады. Мәселен, балаларға арналған «Балапан» телеарнасы. Қазақтың көптеген қара көз қыздары мен ұлдары аталмыш телеарнаның қазақ батырлары жайында мультфильмдер мен танымдық бағдарламаларын көріп келеді. «Балапан» телеарнасы тек қазақ тілінде болғандықтан бүлдіршіндеріміздің таза қазақ тілінде сөйлеуіне себеп болғаны да жасырын емес.

Тележурналистика саласында жеткен ең үлкен жетістік ретінде тек қазақ тілінде хабар тарататын «Қазақстан» Ұлттық телеарнасын атап өтпеуге болмас.

Бұдан бөлек дәстүрлі Ислам дінін дәріптейтін «Асыл арна», отандық әншілердің әндерін ротациялайтын «Гакку» арнасы, елдің және әлемнің спорт жаңалықтарымен патша көңілді көрерменді таныстырып жүрген «Kaz.sport» телеарнасы бар.

Жуырда Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрі фильмдер туралы хабар тарататын «Еларна» телеарнасының іске қосылатынын айтқан.

Мұның барлығы жетістік емес пе? Алайда оның кемшін тұстары да жоқ емес. Яғни, өзге елдің бағдарламалаларына плагиат жасау. Тіпті студиясына дейін айна қатесіз көшіріп алатынымыз жасырын емес. Осы тұста өз идеямыздың жоқтығы ма деген сұрақ туындайды. Тіпті өнер байқауларының өзі көшірме. Әрине авторлық бағдарламалар мүлде жоқ деуден аулақпын. Әлеуметтік мәселелерді көтеретін, әйелдердің басындағы қиындықтарды қозғайтын, шоу-бизнес серкелерін насихаттайтын бағдарламалар, ток-шоулар бар. Десек те, Қазақстан және әлем экономикасынан хабар беретін, саяси, сараптамалық, ұлттық құндылықтарды, ұлттық дәстүрді, ұлттық өнерді дәріптейтін бағдарламалар жоқтың қасы. Оның орнын Үндістан мен Түркияның мағынасыз, ұзын-сонар телехикаялары басқан.

БАҚ – халықтың тілі, көзі, құлағы. Оның ішінде телеарнаның орны айрықша. Себебі халық ақпаратты тыңдап, көзбен көреді. Халық радионы көбіне көлікте уақытта өткізу үшін тыңдаса, қазақ тілді газеттердің тиражы орыс тілді газеттермен салыстырғанда аз. Ал телеарнадағы өнімдердің көрермендері қалың, рейтингісі жоғары. Осыдан халықтың БАҚ ішінде телеарнаны көбірек қарайтынын аңғару қиын емес.

Осы ретте көрерменге тарих, экономика, саясат, әлеумет, білім т.б танымдық ақпарат беретін, халықтың пайдалы іліммен сусындататын жобалар болса құба-құп. Телеарананың қозғаушы күш екенін пайдаланып оны пайдалы, сауапты іске пайдалансақ нұр үстіне нұр болары анық.

 

Арайлым Мелдешова

Қатысты Мақалалар