Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Театр - өмір айнасы» бағдарламасы өтіп жатыр. Бұл өнер ордасының Алматы облысы Іле ауданының әкімшілігімен бірлесіп жүзеге асырған іс-шарасы. Ол 4-ші қараша күні М. Мақатаевтың «Мен ұмытылмаймын...» (режиссері Б.Сейітмамытов) лирикалық драмасымен басталды.
6-шы қарашада Р. Киплингтің «Маугли» (режиссері Ж. Хаджиев) ертегісі, 7-шы қарашада Ө.Боранбаевтың «Ер көжек» (режиссері И. Әбілмәжінов) музыкалық ертегісі мен Иран-Ғайыптың «Естайдың Қорланы» (режиссері М.Ахманов) махаббат-намасы қойылатын болады.
Театрдың бас әкімшісі Гүлзия Есенжанованың айтуынша, театр қойылымдарын көргеннен кейін аудан мектептерінде «Театр - өмір айнасы» тәрбие сағаты өткізіледі. Ол Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» деп аталатын халыққа арнаған биылғы Жолдауындағы «жалпы қазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін беру» міндеті аясында қолға алынып отыр. Басты мақсат - өскелең жас ұрпаққа еліміздің мәдени-рухани және патриоттық-идеологиялық саясатын жүргізу және қазақ театр өнерін насихаттау. Себебі театр – халыққа эстетикалық, рухани, патриоттық тәрбие беретін бірегей мәдениет ошағы. Ал әлемдік жаһандану үдерісі екпін алған кезеңде ел болашағын айқындайтын өскелең ұрпақ - балалар мен жасөспірімдер тәрбиесінің маңызы күн санап артып келе жатыр.