ЭКСПО көрмесіне түйе кіргізу үшін 3х4 суретімен арнайы куәлік жасату қажет

/uploads/thumbnail/20170716220505878_small.jpg

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі басталғалы бері түрлі дау-дамайлар мен әр түрлі мазмұндағы пікірлер жиілеп кеткені рас. Ондағы қызықтар мен олқылықтар, сонымен қатар жетістіктер жайында көзімен көрген адамдардың барлығы да жарыса жазуда. Ал мына жағдай, тіпті, елде болмаған оқиға болды.

ЭКСПО көрмесі өтіп жатқан аймаққа кез келген адам арнайы аккредитациядан өтіп, куәлік жасатуы қажет. Бұл – кез келген ауқымды іс-шарада қалыптасқан үрдіс. Ал, жануарлар ше?.. ЭКСПО көрмесіне енді жануарлар да арнайы куәлік жасатып кіруі қажет екен. Оған Айгүл Ибраева есімді желі қолданушысының жазған жазбасы дәлел бола алады.

«Астанадағы ЭКСПО көрмесінде өтетін шоуға 4 түйе әкелінген болатын. Алайда, ЭКСПО аймағына өту үшін аккредитациядан өтіп, арнайы куәлік жасату қажет екен. Олай болмаған жағдайда есікте тұрған күзетші кіргізбей қояды. Аккредитация болмаса ол түйе ме, әлде басқа ма – қызықтырмайды екен, ең бастысы аккредитация болу керек.

Кейіннен аккредитация жасайтын орталыққа хабарласып көріп едік, бір қыз «Аккредитациядан өту үшін көзілдіріксіз 3х4 сурет, анфас және де әртістің толық аты-жөні қажет» - деп жауап берді. Суретті көріп ары қарай не болғандығы белгілі шығар... Алайда, аздап қулық жасадық, бір түйені ғана суретке түсіріп алып, барлығына сол суретті жабыстырдық», - деп жазады оқиға куәгері Айгүл Ибраева өзінің жеке парақшасында.

Қатысты Мақалалар