Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер ресми іс-сапармен Астанаға келді. Штайнмайер президент болып сайланғаннан кейін Астанаға ресми сапармен алғаш келуі, деп хабарлайды Qamshy.kz тілшісі.
Шетел делегациясын Қазақстан Президентінің резиденциясында қарсы алды.
«Қазақстанға қош келдіңіз. Президент болып сайланғаннан кейін Қазақстанға алғашқы ресми сапармен келгеніңізге қуаныштымын. Әрі ЭКСПО-2017 көрмесін аралаймын депсіз. Сізді президент етіп сайлағанына өз басым қуаныштымын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ал бұған дейін ол осы елдің Сыртқы істер министрі қызметін атқарған. Сондай-ақ, Елбасы екі мемлекеттің арасындағы тығыз достық қарым-қатынасын айта кетіп, шетелдік әріптесіне деген құрметін білдірді.
«Сіз әлемге танымал саясаткерсіз, көңілді, сыйлы адамсыз. Менің ойымша, сізді президент етіп сайлаған Германия халқының бағы бар», - дей келе Штайнмайердің Сыртқы істер министрі қызметінде болған уақытта кездесіп, түрлі мәселелерді талқылаған күндерін еске түсірді.
Президенттің айтуынша, бүгін Қазақстан мен Германияның іскерлік кеңесі аясында 20 келісім рәсімделді. Сөйтіп, екі басшы ЭКСПО көрмесіне барып, павильондарды аралап шықты.
Өз кезегінде Франк-Вальтер Штайнмайер қонақжайлық үшін алғыс білдіріп, Қазақстанға президент болып келгеніне қуанышты екенін жеткізді.
«Мен бұған дейін де Қазақстанда болғанмын. Алайда президент ретінде алғаш рет келіп отырмын. Бұл жаққа келгенімнің себептері көп. Қазақстанды мен жақсы білемін. Алайда биылғы жылдың жөні бөлек. Себебі Германия мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарға 25 жыл толып отыр. Осы уақыттың ішінде талай жұмыстар атқарылды. Бүгінде Германияның біраз компаниялары ЭКСПО көрмесіне қатысып жатыр. Осының өзі екі мемлекеттің арасындағы тығыз қарым-қатынастың көрінісі», - деді Штайнмайер.


Шолушы: Гүлім Жақан