Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында орналасқан «Қазақ хандығы» көп сериалы тарихи туындысының түсірілімдері үшін арнайы тұрғызылған «Сығанақ қаласы» декорациясында режиссер Рүстем Әбдіраштың «Алмас қылыш» фильмінің DVD дискісінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі «Қазақфильмнің» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
DVD дискінің тұсаукесер рәсіміне фильмнің режиссері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Рүстем Әбдіраш, картинаның бас продюсері Арман Әсенов, «Қазақфильм» киностудиясы мен «Меломан» компаниясының өкілдері, сондай-ақ түсірілім тобы қатысты.
«Алмас қылыш» фильмін көре алмай қалған және бұл фильмді қайта көргісі келетін көрермендердің көптеген сұраныстары бойынша, біз «Меломан» компаниясымен бірлесе отырып осы фильмнің DVD дискісін шығарып отырмыз. Дискіден фильмді қазақ және орыс тілдерінде, сонымен қатар ағылшын тіліндегі субтитрлар арқылы көруге болады», - деді режиссер Рүстем Әбдіраш.
Тарихи кинотуындының DVD нұсқасын еліміздің аумағында «Меломан» дүкендер желісі арқылы сатып алуға болады. Бағасы – 1295 тг. Сондай-ақ, Астана қаласында өткізілетін «Еуразия» кинофестивалі шеңберінде де бұл дисктер сатылады.
«Меломан» компаниясының ұлттық жобалар департаментінің директоры Низами Мамедов қазақтың тарихынан сыр шертетін ірі тарихи киножобаның DVD дискісі EXPO-2017 халықаралық көрмесі және халықаралық «Еуразия» кинофестивалі қонақтары үшін жақсы сыйлық болатынын айтты.