Қазақстандық альпинист Аустрия павильонында жаңа биіктікті бағындырды

/uploads/thumbnail/20170718172855267_small.jpg

«Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіндегі Аустрия павильоны ең ерекше павильондардың бірі болып саналады. Павильонда «Күш машинасы» деп аталатын аттракциондардан және механизмдерден құралған тұтас бір құрылым орнатылған. Ол келушілерге ойын арқылы электр қуатын өндіруге мүмкіндік береді деп жазады  Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып.


Биіктігі үш қабатты үймен бірдей болатын құрылыс 870 шаршы метр болатын павильонның барлық дерлік аумағын алып жатыр. Осы қолдан жасалған биіктікті Мақсұт Жұмаев бүгін арнайы альпинистік жабдықсыз бағындырады. Ол құрылым бөренелерімен өрмекші-адам секілді өрмелеп шығып, Қазақстан мен Аустрия туларын орнатты. Бұл - екі ел арасындағы ынтымақтастық пен өзара түсіністікті білдіреді, деп хабарлайды Аустрия павильонының баспасөз қызметі.


Әлемдегі барлық сегіз мың метрлік шыңдарды оттегі құралынсыз бағындырған белгілі қазақстандық альпинист Мақсұт Жұмаев - Аустрия еліне бұрыннан бері достық ниеттегі жан. Бұл достықтың бастамасы сонау 2003 жылы Гималай экспедициясы кезінде сегіз мың метрлік Нангапарбатқа шығу алдында қаланды.

Мақсұт әлемдегі барлық сегіз мың метрлік шыңдарды оттегі құралынсыз бағындырған  тарихтағы алғашқы әйел адам -  аустриялық альпинист Герлинда Кальтенбруннермен танысты. 2011 жылы биіктігі жағынан Эвересттен кейінгі әлемдегі ең биік шың - К2-ге «Тау патшайымы» Герлинда Кальтенбруннер және қазақстандық альпинистер Мақсұт Жұмаев пен оның қазақстандық әріптесі Василий Пивцовтың бірге көтерілуі - үш альпинист үшін де әлемнің сегіз мың метрлік шыңдарын бағындырудағы өздерінің жеке бағдарламаларының аяқталуы болды. 2013 жылы Мақсұт Жұмаев ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Венаға ресми сапары қарсаңында Аустрияның ең биік нүктесі - Гросглокнер шыңын бағындырып, біздің елдеріміздің достығы мен өзара түсіністігінің кепілі ретінде Аустрия мен Қазақстан туларын орнатты.

Бірақ спорт Мақсұт Жұмаевтың Аустриямен ынтымақтастығындағы жалғыз ғана сала емес. Аустрияда тауды еңкейген кәріден, еңбектеген балаға дейін жақсы көреді. Елде 150 жылдан астам уақыт бойы тау демалысы мен табиғатын ұнататын адамдардың Alpenverein деп аталатын альпілік қауымдастығы жұмыс істеп келеді. Бұл қауымдастықпен Мақсұт Жұмаев ынтымақтастық жайлы меморандумға қол қойып, Қазақстанда осыған ұқсас клуб құрды. Аталған клуб енді ғана дамып келе жатқанымен, тәжірибесі мол аустриялық клубтың тәжірибесін жан-жақты қабылдауға дайын.

«Мен Аустрияны оның адам мен табиғатқа қатысты «жасыл» технологиялары үшін қатты сыйлаймын. Қазақстандық Альпинклубтың негізгі мақсаты - барлық белсенділік, мейлі демалыс, мейлі спорт болсын, табиғаттың табиғи тепе-теңдігін бұзбаулары үшін және адамға қуаныш пен ләззат сыйлай тұра, табиғатқа еш зиян тигізбеулері үшін адамдарды табиғатпен дұрыс тіл табысуға үйрету», - деді Мақсұт Жұмаев.





Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар