Демографиялық ахуал: Жердегі адам санының күрт өсуі апатқа алып келеді ме?

/uploads/thumbnail/20170802154410232_small.png

Біз бір орында тұрмайтын, үнемі өзгеріске түсіп отыратын әлемде өмір сүреміз. Бізді бір қаладан екінші қалаға көшіп немесе саяхаттап жүрген толассыз, сансыз адамдар қоршайды. Азық пен су, жер ресурстары, жанармайға деген қажеттіліктердің өсуі, климаттың өзгеруі - осының барлығы біздің ғаламшарымыздағы халық санының тынымсыз күрт өсуіне байланысты орын алуда. Бүгінде 2017 жылдың шілде айындағы статистикаға сәйкес біздің ғаламшарымызда 7,520 млрд. адам тұрады.

Шын мәнінде қауіптенуге себеп бар ма? Демографиялық проблемаларды шешудің жолдары бар ма? Осы және өзге де сұрақтарға Qamshy.kz  ақпарат агенттігінің тілшісі жауап іздеп көрді.

Өте ертеде. Бірі біліп, бірі білмейтін болар, б.з.б 1000 жылы археологтар  ғаламшардағы адамдар саны небәрі 10 миллион ғана болғанын есептеген екен. Мыңдаған жылдар өтіп 1800 жылы өндірістің дамуы есебінен  жердегі адам саны 1 миллиардқа жеткен. Ең қызығы  1960 жылдары әлемдегі халық саны бірден 3 миллиардқа, ал 1999 жылы 6 миллиардқа жеткен. 2011 жылы халық саны 7 миллиардқа жетті.  XX ғасырдың екінші жартысы мен  XXI ғасырдың басындағы халық санының мұншалықты жылдам өсу адамзат тарихында бұрын-соңды орын алмаған.

2010 жылғы есеп бойынша әлемдегі халықтың  60%-ы Азияда, 15,5%-ы Африкада, 10,4%-ы Еуропада өмір сүрген.

Әлем бойынша халық саны жөнінен көш бастап тұрған Қытайдың 2017 жылғы тамыздағы көрсеткіші 1 385 923 000 құраған.  Халық саны аса көп елдер қатарына Үндістан, АҚШ, Индонезия, Бразилия, Ресей, Мексика, Жапония кіреді.

Қазақстандағы жағдай

Елімізде қазақ және орыс ұлты этникалық құрылымның 85%-ын құрайды. 1989-1999 жылдар аралығында Қазақстандағы халық саны 1 246 028-ге қысқарған. Бала туу көрсеткіші 1991 жылмен салыстырғанда 353,2 мыңнан 400,7 мыңға дейін немесе 13,5%-ға көбейген.

Өмір сүру ұзақтығы 1991 жылмен салыстырғанда 4,7 жылға ұзарған.  Соның ішінде ер адамдар - 5,3, әйелдер - 4,5 жылға дейін ұзағырақ өмір сүреді.  Жалпы алғанда тәуелсіздік жылдарынан бері Қазақстандағы адам саны 9,5%-ға өскен. Шын мәнінде жиырма жыл уақыт  ішіндегі еліміздің демографиялық көрсеткіштері көңілді көншітпейді. Тіпті халықтың басым көпшілігін орыс және өзге де ұлт өкілдері құрайтынын ескерсек, қазақ ұлтының көрсеткішінің өсуі болмашы пайызды ғана құрайтыны анық. Қазақстандық демографтардың айтуынша, еліміздегі  әрбір отбасы 1-2 бала тәрбиелейді және отбасылардың жиі ажырасуы мен ересектер арасындағы өлім көрсеткішінің жоғары болуы демография көрсеткішінің қарқынды түрде өсуіне кедергі болады.

1 маусымда Қазақстандағы халық саны 18 014,2  мың деп мәлімделген болатын. Оның себебін елімізде бала туу көрсеткішінің өсуімен тікелей  байланыстыруға болады. Сонымен бірге сәби өлімі керісінше төмендеген. Мәселен, 2016 жылғы статистика бойынша  сәби өлімі 11,6%-ға азайған.  Елімізде сәби өлімін азайтуға бағытталған шаралардың нәтижесінде салмағы 500 грамм және одан асатын шала туған балалар өмір сүруге мүмкіндік алды.

Бала туу көрсеткішінің төмендеуі

Әлемде ересектер мен егде тартқан адамдардың саны көбейіп, керісінше балалар саны азаюда. Бір баладан артық бала тәрбиелегісі келмейтін отбасылардың және  мүлдем балалы, отбасылы болудан бас тартқан әйел мен еркектердің саны артуда. Дәстүрлі отбасылармен қатар  гомосексуалды одақтар да пайда болды. Шын мәнінде гендерлік теңдіктің демографиялық көрсеткішке тікелей әсер етіп отырғанын байқауға болады. Бүгінде ер мен әйел бірдей құқықтарға ие, бірдей киім киіп, бірдей шаш үлгісімен жүре береді. Ердің ер рөлінен, әйелдің өз дәстүрлі рөлінен алшақтауы бала туу көрсеткішін төмендетеді.  Кейбір мамандардың айтуынша, дәстүрлі отбасы түсінігі (әке, бала, ана) жиырма жылға жуық уақыттан кейін жойылуы мүмкін. Ал ол өз кезегінде отбасы құрудағы басты мақсат-баланың дүниеге келуіне тосқауыл болмақ. Қазіргі кездегі «өзің үшін өмір сүру» түсінігі көпшіліктің өмірлік ұранына айналғанын да байқаймыз. Осы орайда, адамның түйсік деңгейіндегі басты қажеттілігі- өз ұрпағын жалғастыруды жүзеге асыру проблемаға айналып отыр. Бұл өз кезегінде демографияның төмендеуіне, атап айтқанда қоғамда жастардың, балалардың азаюына алып келеді. Қазіргі таңда  Еуропа елдерінің көпшілігі дерлік бала туу көрсеткішінің азаюынан зардап шегіп отыр. Мұндай демографиялық тенденцияның салдары  еңбекке жарамды халық санының қысқаруына, адам капиталының төмендеуіне, денсаулық сақтау саласының шығындануы сияқты мәселелерге алып келуі мүмкін.

Бала туу мен адам өлімі бойынша төмен көрсеткіш Болгария, Сербия, Литва, Латвия, Украина, Венгрия, Германия елдерінде байқалады.  Еуропа елдері кәрі құрлық атанып жатса, жер шарының Азия құрлығында адам саны толассыз  өсіп жатыр.

Секунд сайын әлемде халық саны 3 адамға көбейеді

Демографияның өсуі мен оның жер шарының әр нүктесінде бір қалыптылықта болмауының салдары үлкен проблемаларға алып келеді:

- Қоршаған ортаға салмақ түседі

- Этникалық проблемалар

- Босқындар мәселесінің шиеленісуі

- Урбанизация проблемасы

Демографиялық қысым сауда-саттық және экономикалық жағдайды ушықтырады.

Дамыған және дамушы елдер экономикасы үшін халықтық өмір сүру ұзақтығы жағымды да жағымсыз салдары болуы мүмкін. Мәселен, бірінші жағдайда  еңбек қызметін зейнетке шыққаннан кейін де жалғастыруға мүмкіндік болады, ал екінші жағдайда егде жастағы азаматтарды қамтамасыз ету мәселесіндегі проблемалардың туындауы.

Заманауи экономиканың дамуы территориялық және мұнай-шикізат ресурстарды талап етеді. Проблеманың басты қаупі ресурстардың шектеуі ғана емес, оларды қолдану кезіндегі қоршаған ортаға әсер етуі болып отыр.

Экономикасының дамуы төмен мемлекеттерде халық санының өсуі қоршаған ортаға өте үлкен зиянын тигізіп жатқанын көруге болады. Мәселен, қалалардың өсуі мен кеңеюі, жер мен су ресурстарының деградацияға ұшырауы, климаттық өзгерістер, соның ішінде жаһандық жылыну эффектісі - барлығы адам санының күрт өсуі мен олардың тынымсыз әрекеттері әсерінен орын алуда. Кедейшілікпен күрес, табиғатты қорғау мәселелері қолға алыну керек.

Этникалық проблемалар мен босқындар мәселесінің туындау себебі- халық санының күрт өсуі есебінен мемлекеттің осы  халықтың әлеуметтік  қажеттіліктерін   өтеуге мүмкіндігі, қауқары жетпегендіктен туындайды.  Мәселен, қоғамда халық санының көп болуынан оларды жұмыс орнымен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау мен білім жүйесіндегі проблемаларды шешу қиындай түседі. Қазіргі уақытта мұндай көріністерді халықаралық жағдайда жиі байқауға болады. Сирия, Ливия, Ирак сынды ел тұрғындары мемлекеттің қолдауынсыз, көмегінсіз қалып бас сауғалап жүр. Еуропа елдерінің бірқатарын пана еткен олардың жағдайлары күннен-күнге шиеленісуде.

Урбанизация тек қана қалалардың дамуы, олардың қоғамдағы рөлдерінің артуы ғана емес, қалалардағы адам санының көбеюі, табиғатқа, қоршаған ортаға шектен тыс әсер етуі.  Табиғат ресурстарының, жер, энергетика, азық-түлікті  қолдану орталығы -ірі  қалалар болып табылады. Атмосфераның ластануының  4/5-і қаладағы өндірістердің есебінен.

Сонымен бірге, ірі қалаларда энергияның, шикізаттың, әсіресе таза, сапалы судың тапшылығы қатты  білінеді.

Егер әлемдегі барлық мемлекеттерді экономикасы жақсы дамыған және экономикасы нашар дамыған,  кедей деп бөліп қарастыратын болсақ, бай, ауқатты елдерде халық саны көп емес, тіпті азайып бара жатқанын байқаймыз.

Ғалымдардың болжауынша, 2050 жылы Африканың кедей мемлекеттеріндегі халық  саны миллиардқа жетуі мүмкін. Ал жалпы жер бетіндегі адам саны  2050 жылы 11 миллиардқа жетеді. Осы орайда логикалық заңды сұрақ туындайды. Біздің Жер ғаламшарымыз осындай шектен тыс салмаққа, шектен тыс қысымға дайын ба? Ал мемлекеттер мен миллиард халқы бар елдер өз тұрғындарын асырауға, қамтамасыз етуге қауқарлы ма? Әрине, Қытай секілді алып, бай держава халының саны 2 миллиардқа жетіп жатса да, оны қамтамасыз етуге жағдай жасайтыны анық. Себебі ауқатты елдердің ресурстарды алудың альтернативті жолдарын табуға мүмкіндігі бар. Ал кедей елдердің жағдай ауыр болмақ. Кедей мемлекеттердегі ауыр жағдайдан, аштық, жұқпалы аурулар таралу мүмкін немесе қарапайым ауыз су тапшылығы адамдардың қырылып түрлі апаттық жағдайлардың  орын алу мүмкін. Бұл проблеманы шешудің басты жолы-бай мемлекеттер болашақтағы 10 миллиард адамға пайдаланылатын жер ресурстарын жеткізу мәселесін кезең-кезең, қадам-қадаммен ойластыру қажет.

Назерке МҰСА

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар