2017 жылдың 31 қаңтардағы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауындағы төртінші басымдылығы – адам денсаулығының сапасын жақсарту мәселе туралы айтқан еді. Осы орайда 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы негізінде Батыс Қазақстан облысында бірқатар игі істер орын алуда. Айта кетсек, облыста өткен жылға дейін 1600-ден астам дәрігер, алты мыңға жуық медицина қызметкерлері еңбек етіп жүрсе, оған қосымша тағы 470 жас дәрігер келіп, қызметтеріне кіріскен болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында денсаулық саласын дамытуға бюджеттен 22 миллион теңге бөлінген болса, бұл көрсеткіш өткен жылы 27 миллиард теңгеге, ал биыл 39 миллиард теңгеге жеткен. Батыс Қазақстан облысы соңғы екі жылда бойынша 25 медициналық мекеме күрделі жөндеуден өтіп, былтыр 1 миллиард 600 миллион теңгені құрайтын 140 медициналық техника мен жаңадан 70 аутокөлік қолданысқа берілді. Сондай-ақ барлық қалалық емханаларда электронды кезек жұмыс жасайды. Саll-орталығы да халыққа жүйелі қызмет етіп келеді. Алдағы уақытта бұл жетістік аудан орталығына де жететін болады. Жыл сайын облыс дәрігерлері шетелдің озық клиникаларында тәжірибе алмасуда. Халықтың денсаулық сақтау мүддесін әлеуметтік қорғау үшін еліміз бойынша арнайы енгізіле бастаған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін түсіндіру жұмысы да өңірде жүйелі жүргізіліп келеді.
-Дамыған елдердің көбі міндетті медициналық сақтандырудың нәтижесін көріп отыр. Әр адам денсаулығы үшін өзі жауапты, дегенмен мемлекет бұл мәселеде қарапайым халыққа ұтымды және жақсы мүмкіндіктерді жасап отыр. Міндетті медициналық сақтандыруды екіге бөліп қарастырар болсақ, біріншісі – негізгі сақтандыру түрі. Бұған мемлекеттік бюджеттен тегін көрсетілетін медициналық қызметтер кіреді. Ол еліміздің барлық азаматтарына қолжетімді. Бұл қызмет түрі «Жедел жәрдем», санитарлық авиация, әлеуметтік ауруларды емдеу және төтенше жағдайларда, профилактикалық екпе кезінде көрсетіледі. Екіншісі, медициналық сақтандыру қоры ұсынатын міндетті әлеуметтік сақтандыру пакеті. Бұған амбулаториялық-емханалық, стационарлық көмек, қалпына келтіру емдік шаралары, медициналық реабиллитация және жоғары технологиялық көмек кіреді. Сондай-ақ әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады, олардың дені халықтың әлеуметтік тұрғыдағы осал тобы. Қор медициналық ұйымдарды іріктейді және қызмет сапасын қадағалайды. Сондықтан әр клиника сапалы қызмет көрсетуге тырысады және бәсекенің артуына септігін тигізеді. Өңірде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды тұрғындарға түсіндіруде денсаулық саласының қызметкерлері қарқынды үлес қосуда,- деді Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Нұрданат Беркінғали.
Гүлсезім ЕРБОЛАТ,
Батыс Қазақстан облысы
Пікір қалдыру