Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 2017 жылға 85,3 млрд. теңге қарастырылған деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Жедел деректерге сәйкес, ағымдағы жылдың 1 тамызында Бағдарламаға қатысуға 276,2 мың адам ниет білдіріп, оның ішінде 248,4 мың адам немесе 90%-ы Бағдарламаға қатысушылар қатарына қосылды.
Жұмыспен қамту бағдарламасындағы 200 мың адам (немесе қатысушылардың 80,5%-ы) – жұмыссыз, ал 48,4 мың адам (19,5%) өзін жұмыспен қамтыған саналады.
Есептік кезеңде еңбекпен қамтылған 213,9 мың адамның 83,4%-ы немесе 178,3 мың адам міндетті зейнетақы жарнасына ие.
Тұрақты жұмысқа еңбекпен қамтылғандардың жалпы санынан (119,9 мың адам) 56,1%-ы орналасты.
Бағдарламаның алғашқы бағытында техникалық-кәсіби біліммен және қысқа мерзімдегі кәсіби оқумен қамтамасыз ету көзделген.
Бұл бағыт аясында ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтпеген және оқу орындарына түспеген мектеп түлектері үшін тегін кәсіби және техникалық білім қамтамасыз етілетін болады. Қажетті ережелер қабылданып, ҰБТ-дан өтпеген оқушылардың тізімдері анықталды. 320-ға жуық білім беру ұйымдары мен колледждердің және оқу орталықтарының тізбесі бекітілді.
21 мыңға жуық жас толқын өкілі Бағдарлама есебінен 2,5 жылға, оқуын және шәкіртақысын төлей отырып, сондай-ақ, жол шығынын өтеу, біржолғы ыстық тамақпен қамтамасыз ету арқылы техникалық-кәсіби оқуға жолданады.
Ағымдағы жылдың 1 сәуірінен еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар тұрғысында жұмысшы кадрларды кәсіби оқыту басталды. Бүгінгі таңда қысқа мерзімді курстарға 27,7 мың адам жіберілген.
Министрлік пен «Атамекен» ҰКП арасында өзара ынтымақтастық пен әрекеттесу жайлы меморандумға қол қойылған. Қазіргі кезде «Атамекен» ҰКП тізіліміне 39 кәсіпорын енген.
Бүгінде Алматы мен Қызылорда облыстарында жұмыс берушілердің оқу орталықтарында оқу басталған.
5 өңірде (Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай облыстары) қанатқақты тәртіпте мобильді оқу орталықтары арқылы қысқа мерзімге арналған кәсіби оқыту сынақтан өтеді.
Қазірде Ақтөбе, Қостанай және Маңғыстау облыстарында мобильді оқу орталықтарын жеткізу бойынша қызмет көрсетушілермен шарттар жасалып, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында байқау процедуралары өткізілуде.
Екінші бағыт: жаппай кәсіпкерлікті дамыту.
Бұл мақсатта жаңа Бағдарламада несиелеу ауқымы кеңейіп, қала тұрғындары да қатысатын болып шешілді.
Несиенің жоғарғы сомасы 18 млн теңгеге дейін өсіп, мерзімі 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығымен немесе ауылшаруашылығы кооперативін құрумен айналысқан жағдайда 7 жылға дейін анықталды және де түпкі қарыз алушыға жылдық несие мөлшерлемесі 6%-дан аспайтындай белгіленді.
Бағдарламаға «Даму» қоры, «Қазагро» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымдары – Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры мен Аграрлық несие корпорациясы және «Қазагрогарант» АҚ сынды қаржы институттары жұмылдырылған.
Несиеге қолжетімділік өрісін ұзарту мақсатында несиелерді кепілдендіру тетігі енгізілген: бастауыш кәсіпкерлерге 85% және кәсібі қызмет етіп тұрған бизнес иелеріне 50% маңайында. «Ауылдағы шағын несиелеу» ережелерінде (ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бұйрығымен бекітілген) заң жүзінде жеке тұлғаларға шағын несие алуға қажет құжаттар саны 30-дан 14-ке, заңды тұлғаларға 9 құжатқа дейін қысқарды.
7 айда ауылда 3 102 шағын несие берілсе, оның ішінде Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 2 581 адам, Аграрлық несие корпорациясы арқылы (Шағын несиелеу ұйымы мен Несиелік серіктестіктер) 521 адам несиеленген. Бұл ретте 1 886 адам немесе жоспардан 32,5% жаңа Бағдарлама қаражаты есебінен шағын несие алған (5800 шағын несие).
Ең көп шағын несие Оңтүстік Қазақстан (922) және Павлодар (144) облыстарында берілсе, ең азы Атырау облысында (40) тіркелген.
Осымен бірге, сәуір айында, Бағдарлама қатысушыларын кәсіпкерлік дағдыларға үйретуге және олардың бизнес-жобаларын қолдауға арналған «Бастау-бизнес» жобасы бастау алды.
Бүгінгі уақытта кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 7 834 адам немесе жоспардан 52% (15 000 адам) қамтылып, оқуын 5 707 адам аяқтады.
Үшінші бағыт: халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мен еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру арқылы еңбек нарығын дамыту.
Үшінші бағыт жөнінде жұмыссыз және өзін жұмыспен қамтыған жандарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесуде 213 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылып, әлеуметтік жұмыс орындарына 18 мың адам немесе жоспардан 109,7%, қоғамдық жұмыстарға 61 мыңға жуық адам немесе жоспардан 78,5% жіберілсе, 15 мың жас маман немесе жоспардан 88,2% жастар тәжірибесіне жолданған. 120 мыңдай азамат болса, жұмыс берушілердегі бос орындарға Жұмыспен қамту орталықтары арқылы тұрғызылған.
Еңбек ұтқырлығын арттыру шаралары бойынша, Бағдарламаны тәжірибеде шыңдау мақсатында, елдің солтүстік және орталық облыстарындағы жұмыс берушілердің қатысуымен еңбек күші артық өңірлерде 5 өңіраралық бизнес-форум өткізу жоспарланған.
Ағымдағы жылы көшті қабылдайтын өңірлердегі жұмыс берушілердің атсалысуымен Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Алматы облыстарында өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өтті.
Биылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 442 отбасы қоныс аударса, оның 172-сі еңбек күші артық өңірлерден көшкен ішкі қоныс аударушылар болып саналады.
Бағдарламаға азаматтардың ерікті қоныс аударуын ынталандыру тұрғысынан бірқатар қосымша шараларды енгізу мақсат етілуде:
- қоныс аударушыларға көш пен баспана жалдауға және қоныс аударушыларды орналастыру мәселелерін толық шеше отырып, тұрақты жұмысқа қабылдауға дайын жұмыс берушілерге субсидия беру;
- «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы қоныс аударушыларға қарыз бен субсидия берудің оңайлатылған жүйесі;
- қоныс аударушыларға ұзарту құқығымен әрі байқау өткізусіз өтеусіз негізде қолдану бойынша бау-бақша өсіруге, коммерциялық мақсаттар мен ауылшаруашылық қызметіне жер телімдерін беру;
- «Бизнес-бастау» жобасы бойынша оқудан соң жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар беру;
- түлектерді «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» жобасы бойынша («Серпін – 2050») қоныс аудару жеріне қарамастан, Бағдарламаға қатысушылар құрамына қосу.
Пікір қалдыру