«Тілінен айрылған жұрт – жойылған жұрт»

/uploads/thumbnail/20170816180218337_small.jpg

Отаршылдық саясаттың қыл бұрауына түскен қазақ тілінің күрделі де күрмеулі тағдырына  ХХ ғасыр басында қазақ көшін ілгері бастаушы зиялылар Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, Ғ.Қараш, М.Әуезов, С.Сәдуақасұлы, Т.Шонанұлы, М.Жұмабайұлы, Н.Құлжанқызы сынды үздік ойлы санаткерлер дабыл қаққан, кісілік, қайраттылық танытқан. Бай тіліміздің мазмұн-мағынасы ғана мәнді болып қоймай, функционалды қызметінің іс жүзінде актив қолданысқа енген мезеті Алаш көсемсөзі тұсы деп айтсақ жаңсақтық болмас. Себебі, ғылыми зерттеулер, сан тақырыпты қамтыған мақалалар, өлең, роман, проза тудырып, ана тілімізде оқу құралдары жазылған кезең біз қарастырып отқан Алаш асыл сөздерімен тығыз байланыста.

«Жалғызбын, азбын демей, бізден бұрында өтіп кеткен, біз не қыламыз демей, аспай-саспай, тасымай іс қылса, адам баласының қолынан келмейтін іс болмайды. Тамшы – тас теседі»[1, 37]. Ұлт көсемі Әлекеңнің ұстанған, елге темірқазық еткен қағидасы осы нақыл сөзіне саяды. Ел ісін менікі, сенікі деп бөліп қарамай біртұтас бірлікте бітіруді үлгілі мысал етеді. «Нағыз түрік затты халық тілі – біздің қазақта», – деген асыл сөзімен, ХІХ ғасырда зерттеу мақсатымен даламызға табан тіреген бірқатар ғалымдардың тамсана, дәлел келтіре айтқан қазақ тілінің сыртқы күштердің әсерінен аман, байырғы құнарын сақтаған саф таза тіл екенін Әлихан Бөкейхан да нақтылай түседі. Қайраткер тіршілікте тілдің орыны төр екендігін айтудан жалыққан емес. Қаратауды паналап, Алатауды ардақтаған, Сарыарқада туып, Маңғыстауды мекендеген бала да, дана да, басшы да өз ана тілінде ойлап, іс жүргізуді парыз етіп міндеттейтінін мына қанатты сөзінен түйеміз: «Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көш басын да алып жүре алмайды». Мұны парасатты пайымды халық анық аңғарады. Ақыл сөзді көкейіне зерделемей, құлақ аспаған талай үкіметтің іргетасын шайқап, берекесін алғанына уақыт айғақ, заман куә. Берісі, 1986 жылдың аласапыраны мысал.

Ұлт көсемі өзі өмір сүрген заманның зобалаңы тілімізді тұғырдан тайдырып, тіршіліктегі орнын иемдене бастаған қадамдарына іс жүзінде жан аямай күрес етті де, «Ғұмыр бәйгесінде біздің қазақ тілі өз бәйгесін алар!» [1, 27], – деп кемел тұлға қырдан көтерілген келешек күннің бас бәйгені ана тіліміздің қанжығасына байлайтынына сенім білдірді.

Ал айтары бар аталы сөздің сан өрнегін соңына қалдырған, тіл қисынын келтірген Ахмет Байтұрсынұлының асыл сөзі ұшан-теңіз. Солардың бір парасы ана тілімізге арналған. «Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі». Ұлт ұстазының аталы сөзі, замандастарымен бір мүддеге жетуді көздеген пікірлес ерлердің жүрегіндегі аяулы мұраты жұрт қамын ойлап, ел тұрмысын тіктеуге бағытталған еді. Ахмет Байтұрсынұлының ұрпақтар сабақтастығында үзілмей жалғасып келе жатқан елді қорғау, жерге ие болу, ана тіліміздің сақтап қалу сынды аманаттарға байыппен қарағанын білеміз. Туған тілінде көсемсөздің көсегесін көгертіп, өлең сүйер қауымның көңіліне қонатын теп-тегіс, айналасы жұмыр келген сөз қалдырған тұлғаның тіл тағдырына келгенде шығар жаны бөлек еді. «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. Осы дүниядағы адамдар тілінен айрылып, сөйлеуден қалса, қандай қиындық күйге түсер еді», – деп тілдің өмір жүзіндегі атқарар рөліне аса зор баға береді.

Ахаң сөздің дұрыстығына, тіл тазалығы мен лұғат анықтығына, сөз талғауға ерекше ден қойды. Сол себептен де ғылым мен әдебиеттегі пән сөздерін дөп атап, айдар тақты. Ерекшелігі сол, ғылым тілі дамыған елдердің терминдік атауын тура баламалап қойған жоқ, қазақ тілінің бүтін болмысына сыятын, тілдік бояуларымыздың өңін бұзбай дөп аударды. Өзгелерге де осыны кеңес етеді. «Тіл тазалығы дейтініміз – ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау, басқа тілден сөз тұтыну қажет болса, жұртқа сіңісіп, құлақтарына үйір болған, мағынасы халыққа түсінікті сөздерді алу» [2, 350], – дейді.

«Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы – еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды». Қазіргі тәуелсіз болған тұстағы ел президентінің «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» ұстанымының осынау қанатты сөздермен астасып, біте қайнап жатқанын көреміз. Ахаңның айтпағы елдікті сақтау құдіреті тіл мен жер тағдырына тәуелді екендігі. Әйтпегенде арыстың өз сөзімен түйсек, «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» [1, 66]. Зиялылар қазақ тілінің күні қараң болмауы үшін, мектепте бастауыш білім берудің міндеттелген түрде ана тілінде жүргізуді дұрыс деп санады. Бұл мәселеге Міржақып Дулатұлының көзқарасы төмендегідей: «Халықта оқымаған адам қалмаған жақсы, бірақ қазіргі сөзімізше сол оқудың тәртібі хақында жаңа низам бойынша әлгі жас балалар орыс кітаптарымен орысша оқып кетсе, тез уақытта тілін ұмытып, үнінен де айрылу қаупі бар. Соның үшін мұны білген адамдар қайғырып, әбтеһи мектептерде (3-4 жылдай) оқу баланың ана тілінде болып һәм діні де жақсы болса екен, онан кейін әркім сүйген ғылымын үйренуіне ешкім тоқтау етпес еді», – дейді. Білімге баршаның ұйымдасқан түрде оқуға ынталы емес екендігін ескере отырып, алғашқы оқу жылдарында өзге тілде білім алған жұрттың балалары өз тілін ұмытып ұлттық құндылықтарынан айрылып қалуынан қауіп қылады. Егер де ана тілін нақ меңгеріп, бойына сіңірген жұрт кісісі одан кейін ғана өзге тілдерде білім, ғылым үйренуге құқылы деп есептейді. Ел болып жеке отау тіккенде де ана тілінің атқарар рөлінің зор маңызға ие екендігін айтады. «Біз өз жұртымыздың тіл салтына, заңына түссек, елге жылдам жақындасамыз, елге жанасқан сайын ел ағартқан іс гүлдейді» [1, 121]. Жұртпен тонның ішкі бауындай жақын болу халық тілінде ғана жүзеге асатындығына кәміл сендіреді. Мұндай дана сөздер ұлы тұлғалардың көпті көрген көрегендігі мен зейінді зердесінен келешек ұрпақ қамы мақсатында айтылғанын білеміз. Бүгінгі билік Міржақып атамыздың осынау сөзін көкейге түйсе, іс оң алар еді-ау деген ой туады.

Міржақыптың соңғы келтірген түйініне Жүсіпбек Аймауытовтың да пікірі мәндес. «Тіл – жанды нәрсе сияқты: тіріледі, өседі, жоғалады. Өнер-ғылымға аяқ басқан жұрттың тілі өсіп, көбеймек, тілі күшейген жұрт – өнерлі де болмақ. Тілі жоғалған жұрт – әдеп-ғұрпынан, мінезінен айрылып, ақырында жұрттығы да жойылмақ. Тілін тірілту, жоғалту – әр халықтың өзінен һәм оқымысты, білімді адамдарынан» [1, 158], – деп түйеді. Тіл тағдыры тікелей сол ұлт пен ұлт басындағы рухани толысқан тұлғалардың қолында болған, қазірде солай. Алаш айтқан әр сөз қасиетті, әр сөз орынды, әр сөз бағалы, әр сөз көңілге қонымды. Алты алаштың арысы Ж.Аймауытовтың ана тілінің қадірін ұғындырар мына аталы сөздері тілімізге берілген сипаттаманың ең бағалысы. «Ана тілі – халық болып жасалғаннан бергі жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі»[1, 159].

«Тілінен айрылған жұрт – жойылған жұрт», келтірілген тармақтар тіл тағдырына шынайы толғанған барша алаш азаматтарының асыл сөздерінде кездеседі. Сондай-ақ, мәдениет жүзінде ана тіліміздің өзіндік орнын қалыптастыру, негізгі іргесін қалау тұрғысынан тіліміздің ғылым, әдебиет тіліне айналуы да шешілуге тиіс түйін еді.

Сан сұраққа іспен жауап қайырған қайраткер Халел Досмұхамедұлы: «Оңаша жүрген елдің өз еркінде тұрғанда тілі бұзылмайды. Елдің тілін бұзатын – көршілес елдердің мәдениетін үлгіге алған мәдениетті елдердің әсері», – деп бостандықтың, өз алдына ел болудың оңтайлы әсерінің тілге тигізер үлесінің пайдалы екендігін сөз етеді [1, 111]. «Мектеп пен баспаның тілі дұрыс тіл болса, елдің тілі көркейтіп, байытып, гүлдендіреді, мектеп пен баспада қолданған тіл шатасқан тіл болса, ол ел – сорлы ел, мұндай елдің тілі бұзылмай қалмайды»[1, 112]. Елді түзу жолға түсірудің бастапқы қайнар көзі мектеп оқулықтарының тілін түзеу екені мәлім. Ал, баспа тілінің көркем, шұрайлы сөздері, жаңа қолданыс, ерек тіркес тілдік қорымызды байытып түрлендірері сөзсіз.

Он ойланып, мың толғанған, «ой түбіндегі сөзі, шер толқытса» жүзеге шығар бабабыздың аманаты ана тілдің келер ұрпаққа табыстаушысы қашанда қалың қара халық. Көптің үлес салмағы басым түсетін таразының басы секілді, ана тілімізде қарым-қатынас жасап, үнемі өз тілінде сөйлейтін азаматтар қарасы молайған сайын тілдің өмір сүру, сақталу кепілдігі. Ойымыздың дәлелі Х.Досмұхамедұлының мынау маржан сөзі: «Тілдің қорықшысы – қара халық».

Жер бетінде өмір сүріп жатқан қандай да бір халықтың бар екендігінің дәлелі, жасампаздығының басты өлшемі болып қаралатын ана тілінің ахуалы елдің ертеңін азаттық-бостандық ұғымдарымен егіз көрген ел серкерлерін алаңдатты. Осы тұста көшбасшы ерлер бас көтеріп халық арасында қоғамдық ашық пікірді оятты. Сондай ерлердің қатарында әлеумет санасына тіл құдіретінің маңызын сіңіруде Ғұмар Қараш ерекше ыждахат танытты. «Бір кеуде – пенденің дүниеде жасауы, бар болып тұруы үшін, жан-рух керек. Бір халық, бір елдің де дүниеде бір милләт, ел болып жасауы, тірлік етуі үшін тіл керек, әдебиет керек. Жансыз кеуде дүниеде жасай алмас, шіріп, топыраққа айналып жоқ болар! Тілі, әдебиеті болмаған милләттің де тап сол жансыз кеудеден айырмасы болмас, өзіне айырым әдебиеті болмаған миләттер де дүниеде жасай алмас» ұлт пен ұлттың рухын сақтауда тілдің басты рөлінің зор екендігін түсіндіреді. Ал, әке қанымен, ана сүтімен бойымызға дарып, болмысымызға сіңер ана тілімізді ұмытсақ, өзге тілге өзегімізден орын берсек ұлттық сипатымыздан мақрұм қалып, сол елдің қолшоқпарына айналып, түп тамырымыздан кесілетінімізді тереңнен зерделейді. Әсіресе, ұлт жанашырының ата-аналарға ескеріп айтатыны көп. «Балаларына жастан өз тілін жақсы үйретпеген, олардың көңілдеріне құр өгей ана сияқты тәрбие еткен милләт те келешекте балаларының өзінің қылған жақсылығы, берген тәрбиесі дәрежесінде ғана хақы алар, жақсылықты көрер. Балалары да оған өгей анаға қараған көзбен қарар. Милләт пен балалар арасындағы бұл алакөздік, шафеғатсыздық милләттің... ақырында бітуіне себеп болар», [3,  84-89] – дейді. Асылында, баланың тілі өз ана тілінде шығуына, сол тілде қарым-қатынас жасауға бағыт сілтеп, үлгі көрсету – ата-ананың перзенті, ұлты алдындағы ұлы борышы. Тәлім-тәрбие туған тілде жүргізілгенде ғана бала бойына ана тіліміздің бар асылы сіңіп, ананың әлдиі, әкенің көнеден  көмескілене жеткен аңыздың айтар ақылын,  туған тілдің ұлтжанды ұрпақ қалыптастырудағы басты құрал болып табалатынын ұғар еді. Әйтпегенде, ұлт ұстазы Ахаң айтқандай: «Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсынның» – нақ өзі болмақ.  Ғұмар ақын үкіметтің отаршыл елдерге жүргізіп отырған саясатының межесі - қарамағындағы халықты тілінен, әдебиетінен айыру екенін «...Бұл заманда бір милләт өзінен күшсіз болған екінші милләттің милләттігін тіліне, оған кетік жасайын десе ең алдымен ол бейшара милләттің тіліне, әдебиетіне балта шабады.» Тіл-әдебиет – ғаламдағы барлық ғылым-білімнің, дін мен мәдениеттің асыл қазынасы, адамзат дамуының тетігі екенін саралай келіп, қазақ халқының да ана тілін, әдебиетін сақтауы баршаның борышы және міндеті деп түйеді. «Тіл болмаса, ұлт та болмайды. Яғни ол ұлт бүтіндей өлген, жоғалған ұлт болады». Шынында да, осынау тұжырым, нақыл еріксіз бас изетеді.

Алаштың арысы Мәннән Тұрғанбай «Қазақ тілін іске асыру» мақаласында «Еңбекші қазақ елінің өзіне берілген құқықтармен пайдалануы қазақ тілінің жүзеге шығуына байлаулы. Бұл турада бұрын көп жазылған, көп сөйленген», – деп басталатын мақаласында қазақ азаматтарына сөзден іске көшетін мезгілдің жеткенін хабарлайды. Ендігісі қазақ азаматтарының қолында қалып отыр деп тіл ахуалын түзеуде мынадай нақты істер атқарылу керек екендігіне жете мән беріп, мына шараларды жеделдетіп қолға алуды сұрайды: «Қазақ тілін іске асыруда қазақтың жазу, кеңсе ісіне жарарлық кісілерді іздетіп көрсін, қызметке кірсін. Бұлданып бәлсініп жүрмесін. Жоғарыдан әмір күтіп тұрмай-ақ, ауылда, ұлыста да өз беттерімен қазақша жүргізе басасын. Орысша жазылып барған қағаздарды түсіне алмаса орнына қайтадан жіберіп түсіндіруін сұрасын. «Орысшаны қолдан, қазақша деп әуре болма» дегендерді газетке жазып жіберсін. Жергілікті прокурорларға тапсырсын» деген сықылды дөп нұсқаулықтар береді.

«Езілген, тепкіленген, қорлық көрген, жабы болған, қайраты сынған, қам көңіл болып жүдеген, қазақ азаматтары! Сен бүгін тіріліп отырсың, сенің тілің хүкімет тілі болып отыр. Сол хүкіметтің толық хұқықты нағыз мүшесі болып отырсың. Сен үлкен тарихи сынның алдында тұрсың. Қазақтың келесі буындарының алдында өздеріңе қара деген таңба қалдырма! Қазақ тілін жүзеге шығаруды түн бойы түсіңде көр, күн бойы ісіңде көр! Жасасын құқықты қазақ тілі!», – деп ұрандап туған тілімізді бұғаудан құтқаруды ар алдындағы атқаруы тиіс ең ұлы борышына балады [4, 228-229].

Тәубе дейік! Бабаларымыздың сан айқаста жанын жалдап, қызыл қанын суша ағызып бүгінгі таңға жеткізген тіліміз 1989 жылы мемлекттік тіл дәрежесіне қайта көтерілді. Үлкендер жағы ақсарбас атап, кішілер алайқайлап қауышқан тіліміз бүгінде тәуелсіз. Көңілге кірбің ұялатар тұсы, тәуелсіз елдің ұрпақтары туған тіліміздің қадірін қашырып, айбынын аласартып жатқаны. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Туған тілде қарым-қатынас жасауды ең әуелі сіз өзіңізден бастаңыз, біз өзімізден бастайық! Тіл үшін күрес, мәңгі жасамақ елдің мұраты болуы тиіс.                                                                               

ДАНА МЫРЗАҚАДІР

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

Уәли Б., Жолдасбай С., Ерланұлы Е. Алаш айтқан асыл сөз. – Алматы: Ел-шежіре ҚҚ, 2016. – 288 б.

Байтұрсынұлы А. Әдебиеттанытқыш. – Алматы: Алаш, 2003. – 507 б.

Жұмағұлов С. Ғұмар Қараш шығармашылығы. – Қарағанды: ҚАРМУ, 2005. – 120 б.

Алаш ақиықтары. – Алматы: Алаш, 2006. – 286 б.

Қатысты Мақалалар