Айдос Сарым: Аударма ісі алғаш рет мемлекеттік деңгейде талқылануда

/uploads/thumbnail/20170823150256048_small.jpg

Бүгін Алматы қаласында «Достық» қонақ үйінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында атқарылып жатқан аударма жұмысын талқылауға арналған «Қазіргі ғылыми аударма теориясы мен практикасы» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті. Аталмыш шараға еліміздегі түрлі жоғары оқу орындарының оқытушы-ғалымдары, аудармашылар, редакторлар, баспагерлер, әдебиетші мамандар мен тілшілер қатысты. Сонымен қатар, жауапты мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысқан бұл жиында аударма саласына байланысты біршама мәселелер талқыланып, аталмыш жобаға қатысты қандай жұмыстар атқарылғаны жайлы талқыланды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын іске асыруды «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорына табыстаған еді. Жоба аясында философия, әлеуметтану, психология, мәдениеттану, дінтану, тіл білімі, экономика, менеджмент және кәсіпкерлік салалары бойынша әлемдегі ең үздік деп танылып жүрген жоғары оқу орындарында оқытылатын ең танымал оқулықтар қазақ тіліне аударылуы тиіс.

Бүгін «Ұлттық аударма бюросы» ұйымдастырған шарада бюроның атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы аталған бағыттар бойынша іріктелген, қазақ тіліне аударылуға тиіс 17 кітаппен және олардың авторларымен таныстырып, әр сала бойынша тағайындалған жауапты мамандардың пікірін тыңдады.

Айта кетер болсақ, жоғарыдағы ғылым салалары бойынша іріктелген 17 кітапты аудару жұмыстарына 90-нан аса ұстаздар, ғалымдар мен аудармашылар қатысуда. «Ұлттық аударма бюросы» екі ай бұрын құрылған болатын, алайда қысқа мерзімнің ішінде біршама жұмыстар жасалып, аталмыш жоба аясында көптеген істер атқарылғаны белгілі болды.

Екі ай көлемінде атқарылған жұмыстардың нәтижесін талқылауға жиналған қауым аударма саласындағы біршама мәселелерге тоқтала отырып, қазақ тіліндегі термин мәселесіне айрықша атап өтті. Ғылыми кітаптарды аудару барысында көптеген терминдер кездесетіндігі мәлім, олардың бірінің баламасы тілімізде бар болса, бірінікі жоқ болып шығады. Сонымен қатар, түрлі халықаралық терминдерді қазақ тіліне аудару барысында мағынасы өзгеріп, мәтін мағынасын түбегейлі ауыстырып та жіберуі мүмкін. Осы сынды мәселелердің басын шалған жауапты мамандар қазақ тіліндегі терминологияны да жаңарту керек деген байламға тоқтады.

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы кезең-кезеңімен іске асырылатын сатылардан тұрады: алдымен аударма мәтінін дайындап, кейіннен ол мәтін әдеби редакциядан өтеді, сонан соң баспаға аударма мәтіні баспаға дайындалады.

«Ұлттық аударма бюросы» өкілдерінің айтуынша, аударма сапасын қамтамасыз ету мақсатында оқулықтар қосымша тәуелсіз ғылыми және әдеби редакциядан өтеді.

Бүгінгі өткен басқосуда, ғылыми терминдер мен ұғымдарды қазақ тіліне аудару, өзге тілдерден енген сөздер қолданысы, терминология, стиль және аудармашылар ортасының кәсіби деңгейін көтеру мәселелері сөз болды.

«Осы екі айдың ішінде негізгі жасалғаны – осы жоба барысын Қазақстандағы барлық ЖОО-ға таныстырып, өтініштер жіберілді. Еліміздегі ЖОО-дан 800-ден астам ұсыныстар келіп түсті. Кейіннен солардың ішінен 17-сі таңдалып алынды. Таңдалып алынған кітаптар – жоғары оқу орындарында, аудиторияларда қолданыста жүрген, мұғалімдер, профессорлар өз бетімен түрлі форматта қазақ тіліне аударып, лекция ретінде қолданып жүрген оқулықтар, негізінен ағылшын тілінде. Ұсынылған 800 оқулықты сараптай келе, келесі жылға дейін аударылуы тиіс 17 оқулық бекітілді. Кітаптарды сараптау кезінде мынадай талаптар бойынша іріктедік: кітаптар кемінде үш басылым көруі тиіс; соңғы басылымы 2014 жылдан кеш болмауы керек; сонымен қатар, әрине, таңдалып алынған оқулықтар дүние жүзіндегі танымал жоғары оқу орындарында қолданылып жүрген болуы тиіс», – деді «Ұлттық аударма бюросының» директоры Рауан Кенжеханұлы.

Басқосуға арнайы келген саясаттанушы Айдос Сарым да өзінің пікірін айтып, аталмыш жоба аясында аударма саласының жоғары деңгейге көтерілгендігін атап өтті.

«Аударма саласы елімізде алғаш рет мемлекеттік деңгейде талқыланып жатыр. Осы уақытқа дейін, шындығына келсек, аударма ісі жекелеген азаматтардың қызығушылығымен, белсенділігімен, кезінде қалыптасқан дәстүрмен жасалатын дүние еді. Ұлттық аударма бюросы құрылып, екі-үш айдың ішінде біршама жұмыстар атқарып, аударма ісін жақсы дәрежеге шығарып жатыр», – деп атап өтті.

Бүгінде мемлекет деңгейінде көтеріліп отырған аталмыш жоба қоғамда аса зор маңыздылыққа ие болып отыр.

Назерке Лабихан

Қатысты Мақалалар