2018 жылы наурызда Ресей Федерациясының билігінде үлкен өзгеріс болмақ. 11 наурыз күні елде президенттік сайлау өтеді. Сайлауға Путин түсе ме, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз. Бір басшының орнына өзгесі келсе, халық арасында алаңдаушылық туындайтыны анық. Жергілікті mk.ru порталы ресейлік саясаткерлер арасында Путиннен кейінгі Ресейді қалай елестетуге болатыны жайында сауалнама жүргізді. Сарапшылардың пікірін Qamshy.kz ақпарат агенттігі оқырман назарына ұсынады.
Андрей Нечаев, бұрынғы экономика министрі
«Кез келген адамның орнын басуға болады. Тек бәрі сценарий бойынша жүзеге асу керек. Президенттің мирасқоры билік жүйесін сақтап, дәстүрлі күйде жалғастырса, бәрі өзгеріссіз күйде қалып, бүгінгі билік жүйесі ұзақ жылдарға созылатын болады.
Ал егер Путиннің консервативтік көзқарастарын қолдамайтын, ұстанбайтын адам келсе, бірінші кезекте экономиканың даму бағыты тоқтап қалуы әбден мүмкін. Егер экономиканы мемлекеттендіруді жақтаушы, бәсекелестікті жаншу процестері орнаса, онда мемлекет үлкен тоқырауға ұшырайды. Елімізде экономикалық шешім қабылдау жүйесі жоғары орталықтандырылған. Барлық негізгі шешімдерді президенттің өзі қабылдайды».
Дмитрий Гудков, тәуелсіз саясаткер
«Путин бүгінде қартайып қалған. Бірінші кезекте моральдық тұрғыдан шаршады. Жаңа буын – жаңа технология. Ал президент ешқандай желіге тіркелмеген, тіпті смартфоны да жоқ. Жаңа буын – бір-бірімен үздіксіз қарым-қатынаста болу. Ал президент халықпен байланысу үшін жылына бір рет қана тікелей эфирге шығады.
Жаңа буын – теңдіктің орнағаны, шекараның ашылғаны».
Антон Орлов, Заманауи саяси мәселелер институтының директорлар кеңесінің төрағасы
«Келесі президентті халық міндетті түрде Путинмен мұқият салыстырады. Бұл жағдай мемлекеттің болашақ президенті үшін ауыр психологиялық жүк болмақ.
Ал ол адам кім болады деген сұраққа жауап беру қиын, дегенмен мемлекеттің одан талап ететін дүниелерін тізіп айтуға болады. Жаңа басшының ұлттық мүддені қорғай отырып, Батыс елдерімен келісімге келе алатын қабілеттілігі болуы шарт. Егер мемлекет ол адамнан мұндай қасиетті байқамаса, елде тоқтатуы қиын наразылық дауы пайда болады.
Бүгінде Ресейдің жағдайы мүшкіл, экономикалық дағдарысты өткеріп жатыр. Ал Путин – басты стабилизатор. Бізді екі жағдай күтіп тұр: елде ретсіз, берекесіз жүйе орнайды, не болмаса мүлдем жаңа әрі жоғары деңгейге ойысамыз. Батыс елдері экономикалық саясатта Ресейді шектеп қоюы мүмкін. Бұл жағдай елдің тоқырауына әкеліп соғады. Сол себепті мемлекеттің болашақ басшысының әр қадамы Ресейді не өшіреді, не өсіреді».
Валерий Рашкин, Ресей коммунистік партиясының Мәскеу қалалық комитетінің бірінші орынбасары
«Путинсіз әлем де, Ресей де құлдырамайды. Тіпті өзгеріс болған жағдайдың өзінде, елге ешқандай қауіп төнбейді. Путин қалыптастырған билік жүйесі демократияны деградацияға ұшыратты, биліктегі адалдық пен тұтастық тұжырымдары жойылды, жемқорлықпен күрестік, сөйтіп жеңілдік. Кімнің қанша ұрлағаны, оны кімнің ұрлағаны маңызды емес. Ол адам қолға түссе де, жазаланбайды.
Алайда ел игілігі үшін істеген еңбектерін де айтып өтпеске болмас. Қырымның тағдыры шешуде, ауыр жолдарды өткерді. Біз оның бағытын сол жолға бұрғанымызбен, шешім қабылдау үшін де еркектік мінез керек еді.
Путин өзіндік билік жүйесін қалыптастырған жоқ. Ол Ельцин мен Гайдардың жолын жалғастырып келеді. Солардың саясатын айна-қатесіз орындап келді. Ал Путиннен кейін халық толқиды ма? Менің ойымша, келесі сайлауда нағыз бәсекелестер күресі орнайды. Себебі қоғам Путиннің бағыттарынан мезі болды».
Пікір қалдыру