Ресейдегі президенттік сайлаудың ЕЭО мен Қазақстанға әсері қандай болады?

/uploads/thumbnail/20170828173801408_small.jpg

2018 жылы Ресейде президенттік сайлау өтеді. РФ заңына сәйкес Ресейдің қазіргі президенті келесі сайлауға қатысуға құқығы бар. Бұған дейін шетелдік сарапшылар көрші елдегі сайлауға қатысты түрлі болжамдар айтқан еді. Владимир Путиннің орнын басқа біреу басуы мүмкін бе? Ресей билігінің ауысуы Қазақстандағы саяси ахуалға қалай әсер етеді? Осы сұрақтар төңірегінде Qamshy.kz журналисі қазақстандық саясаткер мен саясаттанушылар арасында сауалнама жүргізді.

Әміржан Қосанов, саясаткер:

«Кремль Казақстандағы «мұрагер» операциясынан тыс қала алмайды»

Формальды түрде Путин келесі мерзімде президент бола алады. Егер де ол өзін ұсынса, Конституция да бұзылмайды, бәрі заңға сәйкес болады. Оның үстіне Ресейде мықты, ұйымдасқан, парламенттік және партиялық мінбеге оппозиция да жоқ: Кремль оның бәрін құқықтық алаңнан қуып тастаған, ал елде бәрі ресми оппозиция қуыршақ іспеттес, биліктің саяси жобалары секілді. Сондықтан формальды түрде Путиннің тағы да бір сайлауға түсуіне және формальды түрде жеңіп шығуына көп кедергі жоқ.

Бірақ формальды емес жайттар да жоқ емес. Өйткені осы заманда көптеген саяси процестер мен тенденциялар тек қана ағымдағы өкіметтің қолында және қатаң бақылауында болуы мүмкін емес.

Біріншіден, физикада «металдың шаршауы» деген термин бар. Саясатта да сондай «шаршау» бар: Путиннің президент боп, баққа отырғанына аттай 18 жыл болмақ. Бұл өркениетті елдерде президенттер бес не он жылда ауысып тұрған қазіргі заман үшін өте ұзақ мерзім. Сондықтан да аудитория жыл сайын берілетін, бірақ көп жағдайда орындала бермейтін бір адамның сайлауалды бағдарламарынан шынымен де шаршайды.

Екіншіден, экономикасы біздікі секілді тек мұнай сатуға негізделген Ресейдің жағдайы да мәз емес. Олигархтық сипаттағы экономика саяси жүйенің де болмысын анықтап отыр. Оған Украинадағы саясатына қатысты батыс елдерінің бірлескен, ұжымдық санкцияларының ауыр, есеңгіретіп жіберер салдарын қосыңыз: Ресей экономикасы батыс банктерінің қаржылары мен жоғарғы технологияларға өлердей зәру, олар болса, санкциялар талаптарын орындауға мәжбүр әрі міндетті.

Сондықтан да алдағы президент сайлауына Кремльге тәуелді емес тұлға не күш шыға қалса, олардың қазіргі билікке қатысты айтар сыни тезистері мен жалпыдемократиялық, соның ішінде бұрын-соңды боп көрмеген коррупция туралы ұрандарын сайлаушылар қолдап-ақ кетуі ғажап емес. Сондықтан да Кремль алдағы сайлауды мейлінше қатаң сценариймен өткізері анық. Сол баяғы бірен-саран, Путинге қауіпсіз балама кандидаттар ұсынылуы мүмкін.

Бұл сайлау, сөзсіз, постсоветтік кеңістікке, соның ішінде 7 жарым мың шақырым ортақ шекарасы бар біздің елге де әсер етері хақ. Соның ішінде Кремль Қазақстанның болашақ басшысын анықтау ісіне белсене атсалысары түсінікті. Объективті және субъективті себептерге байланысты Кремль Казақстандағы «мұрагер» операциясынан тыс қала алмайды. Оның өзі Сіз айтып отырған саяси әсердің «көкесі» болмақ.

Ал экономикалық жағынан, ол әсер екі ел аралық қарым-қатынастар мен ЕАЭО аясындағы ортақ заңнама мен практикаға негізделмек. Сол себепті батыс санкциялары күні ертең ресейлік бизнеспен ортақ жоба жасағысы келетін қазақстандық компанияларға өз салқынын тигізбек. Осы жайттың кесірін мейлінше азайту үшін үкімет осы бастан ойлана беруі тиіс.

Еуразиялық экономикалық Одақ әрі қарай жұмыс істей ме?

Қазірдің өзінде ол одақ біршама тұралап қалды. Нақты әрі баршаны мойындататындай оң нәтижелер жоқтың қасы. Сондықтан да бұл одақ кешегі ТМД идеясы секілді көбінесе декларативті сипатқа ие болады деп ойлаймын.

 

Досым Сәтпаев, саясаттанушы:

«Ресей посткеңестік елдердегі ықпалын қайтарып алуға талпынатын болады»

Ресейдегі президенттік сайлау дегенде Путиннің Францияның жергілікті газетіне берген сұхбаты есіме түсіп отыр. Аталмыш сұхбат, қателеспесем, осы жылдың мамыр айында шықты. Онда Ресейдегі президенттік сайлау туралы сөз қозғалды және Путинге "2018 жылы сайлауға қатысады ма?" деген сұрақ қойылды. Үміткерлерге қатысты ол ешкімнің есімін атамады. Ал өзі заң бойынша өз кандидатурасын ұсынуға толық құқығы бар екенін айтты. Дегенмен сұраққа нақты жауап бермеді.  

Ресейдің әлеуметтік қызметі "Путиннің орнын кім басуы мүмкін?" деген сұрақпен сауалнама  жүргізді. Оған сәйкес, көшбасшы бестікке Ресейдің саяси элитасы кірді. Бірінші орында Дмитрий Медведев. Ол бұрын президент болған, тәжірибесі бар. Екінші орында Мәскеу мэрі Сергей Собянин. Үшінші орында Алексей Дюмин. Төртінші орында Қорғаныс министрі. Бесінші орында Федерация кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко. Ресейде алғаш рет Путиннің орнын басатындардың арасында әйел адам бар.

Ресейдің әлеуметтік қызметінің жүргізген сауалнамасынан президенттікке Путиннің жанындағы адамдар ғана түсуі мүмкін екенін көріп отырмыз. Сондықтан Путиннің орнына басқа біреу келсе де, айтарлықтай өзгерістер болады деп айта алмаймын. Әрине, Ресей қоғамында жаңа жау іздеу ішкі мобилизациясы да, бұрынғы жаулармен белсенді түрде күрес те жалғасады.

Ресейлік тарих ғылымдары кандидатының, мағынасы «Қазақстанда Украина сценарийі қайталануы мүмкін» дегенге саятын шулы мақаласы шықты. Мұндай материалдар 2014 жылдан бері өте жиі шығатын болды.  Сондықтан Путиннің билікке келгендегі ішкі саясаты сақталады. Яғни, Украинадағы шиеленістен кейін де дәл осы саясат жалғасын табады. Ресейдің саясаты агрессиялы әрекеттің негізінде құрылған. Ресей посткеңестік елдерге ықпалын қайтарып алуға талпынатын болады. Өзінің шарттарын Еуразиялық экономикалық Одақ аясында жүргізуге барынша тырысады. Өкінішке қарай, дәл осы қатынас сақталады. Билікке жаңа президент келсе де, одан салмақты өзгерістерді күтудің қажеті жоқ. Ресей билігі өз саясатының тұтқынына айналып отыр.

Ресей халқының көбі Путинді қолдайды. Бұрынғы және қазіргі жауларынан оны қорған көреді. Жақында ресейліктердің арасында сауалнама жүргізілді. Соның нәтижесінде, Путинді қолдайтындардың саны 82%-ға жеткен. Яғни, көптеген ресейліктер Путинді қайта президент ретінде көргісі келеді. Тіпті, Путин болмағанның өзіне оған ұқсайтын адамды көргісі келеді. Сондықтан билікке келген президент оған ұқсауға талпынады.

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

«Ресейде билік ауысса да, Ресейдің көрші елдерге жүргізетін саясаты сол қалпында қалады»

Билік басына Путиннен басқа біреудің келу ықтималдығы өте төмен. Путин қазіргі билікті осы қалпында сақтап, қайта сайлауға түсуі әбден мүмкін. Ресей саясатының ниеті, ұстанымы өзгере қоймайтындығының көрсеткіші сол. Ресейдің саясаты алдағы президенттік сайлауға байланысты емес.

Ресей басшылығы билік басынан кеткеннің өзінде ұстанып отырған саясаты өзгермейді. Халықаралық жағдай, Батыспен текетірес, АҚШ-тың және Батыстың санкциялары, Ресейдің жемқорлыққа, экономикалық дағдарысқа қатысты ішкі  былықтары түбімен өзгермесе де, бұған дейінгі қатқыл әрекеттерден, мәлімдемелерден сәл ауытқуы ықтимал.

Президенттік сайлау жақындаған сайын оған кім үміткер болуы мүмкін деген тақырыпта түрлі болжамдар жасалып жүр. Ресей мен шетелдік сарапшылардың болжамына сәйкес, сайлауға Алексей Навальный, қоғамдық белсенді Сергей Удальцов және т.б есімдері аталып жүр. Навальный түрлі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал Удальцов сотталған. Сондықтан оларды президенттік сайлауға жолатпауы да мүмкін.

Халықаралық қауымдастықтың ықпалымен, Ресей сайлауды демократиялық жолмен өткізді деген атаққа ие болу үшін олардың кандидатурасын өткізуі де ықтимал. Солай болғанның өзінде бұл Ресейдің ішкі саясатының өзгеруіне көп әсерін бермейді. Бірақ оппозициялық үміткерлер билікке келсе, олардың ұстанымдарының 99% Путиндікінен еш айырмашылығы болмайды. «Қырымды сақтап қаламыз. Донбастағы саясатты жүргіземіз. Батыспен текетіресті сақтаймыз» деген баяғы империашыл ұстаным. Ресей сарапшыларының айтуынша да, есімдері аталған азаматтар билік басына келсе екінші Путин болып шығады. Тіпті, Навальныйды қазірдің өзінде «Екінші Путин» деп атайды.

Ресейде өтетін президенттік сайлау әрқашан балама түрде өтеді ғой. Бұл сөз жүзіндегі балама талапкерлер. Олар Путинмен сайлауға түседі. Ал іс жүзінде жай ғана қуыршақ. Жириновский, Веронов сияқтылар Путиннің бәсекелесі ретінде көрінеді. Іс жүзінде олар Кремльдің айтқанынан шықпайды.

Ресейдің сыртқы саясаты Қазақстанға да қатысты. Меніңше, тіпті билік өзгерсе де, Ресейдің көрші елдерге жүргізетін саясаты сол қалпында қалады. Сол баяғы империяшыл, басымшыл, өзімшіл, көрші елдердің ішкі істеріне қол сұғатын саясат сақталады. Әрине, Қазақстан барлығын сараптап, талқылау керек. Барлығы Қазақстанның саяси ұстанымына, ерік-жігеріне, әлеуметіне байланысты.

Сауалнаманы жүргізген: Әсем Әлмұханбет

Қатысты Мақалалар