Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Талғат МҰСАҚАНОВТЫҢ қатысуымен баспасөз конференция өтті деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚР ІІМ Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қоғамдық тәртіпті күзету және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету ішкі істер органдары қызметінің басым бағыттарының бірі.
Қазақстан Республикасындағы 2014-2015 жылдарға арналған құрылымдық реформаны іске асыру бағытында әзірленген Жол картасын орындау аясында жол-патрульдік полицияның саптық бөлімшелері биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап ала таяқтарды қолданбайтын болды.
Жол қозғалысын реттеуші полиция қызметкерін және оның қолмен берген белгілерін жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер анық көруі үшін техникалық нұсқаулықтар, үлгілер қайта қаралып, сигналды жилеттер, қолғаптар (қысқы, жазғы), жарық шағылыстыратын жолақтары бар сары түсті жеңдегі бүктемелер аумақтардғы ІІД-теріне үлгі ретінде жолданды.
Бақылауды күшейтіп, заңдылықты қамтамасыз ету үшін ІІМ жергілікті атқарушы органдармен бірге 2014 жылдан бері жол-патрульдік полиция жасақтарын бейнетіркеуіштермен жабдықтау жұмыстарын белсенді жүргізіп келеді.
Биылғы жыл басынан бері жалпы еліміз бойынша бейнетіркеуіштердің көмегімен 100 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелді, оның 1 мыңнан астамы қылмыстық істер.
Осындай бейнетіркеуіштегі жазбалар күдіктінің кінәсін дәлелдеуде айғақ ретінде пайдаланылады, сондай-ақ бұл техникалық құрал полиция қызметкерінің күні бойығы барлық әрекетін де тіркеуге алады. Осылайша бейнетіркеуіш полиция қызметкерін де, құқық бұзушыны да тәртіпке бейімдейді.
Жедел басқару орталықтарындағы бейнебақылау камералары желісін кеңейту және жаңғырту бағытында тиісті шаралар атқарылуда.
Полиция қызметінің айқындығы мен ашықтығын жақсарту және жемқорлықты төмендету мақсатында қазіргі уақытта арнайы бояулармен айшықталған, жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталған жол-патрульдік полицияның патрульдік автокөліктерінің артқы және жанындағы терезелерін қараңғылауға тыйым салынды.