ҚР ІІМ Астананың тұрғындары мен қонақтарынан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің жабылу рәсіміне орай қаладан уақытша кетулерін сұрады, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Жабылу рәсіміне қатысамын деушілерді қаладағы патрульдеулер мен жолдардағы тосқауылдар тосып тұр.
Брифинг барысындағы қауіпсіздік шаралары жөнінде ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Талғат Мұсақанов хабарлады.
«Іс-шараның жабылуы кезінде Ислам мемлекеттерінің саммиті өтеді. 18 мемлекеттің басшылары келеді, 20 мемлекеттің басшыларына қатысты мәселелер шешілуде. Бұл жағдайлар қалаға ауыр салмақ түсіреді. Әр мемлекет басшысының жанында болуымыз қажет. Олар 8 қонақүй мен 2 резиденцияға ораналасады. Біз қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құқық қорғау органдарының барлық күштері арасында жаттығулар өткіздік. Бірақ шыдауға тура келеді. 30 мемлекет бар, әрқайсысының жанында жүруіміз керек», – деді Мұсақанов.
Сондай-ақ комитет төрағасының орынбасары осы күндері тұрғындардан жеке көліктерін пайдаланбауды немесе қаладан мүлдем кетіп қалуларын сұрады.
«Біз азаматтардан жеке көліктерімен жүрмеуін сұраймыз. Ал ЭКСПО-ны көргендер болса, қала сыртына кетіп қалғандарыңыз дұрыс», – деп қостады Талғат Мұсақанов.