Теңсіздіктер жойылсын, халық мүддесі қорғалсын!

/uploads/thumbnail/20170909142557349_small.jpg

«Алаш жолы» жалпы халықтық қозғалысы»

Республикалық қоғамдық бірлестігінің

мәлімдемесі

«Әбу-Даби Плаза» кешені құрылыс алаңында болған жағдайды басында билік өкілдері тек екі адамның арасындағы ұсақ бұзақылық ретінде көрсеткісі келгенімен артынан оның себебінің  тереңде жатқанын көрсетуде.

Себебі, «Әбу-Даби Плаза» кешенін салуға қатысты түрлі келісімдерге қол қойылған кезде ұлттық, мемлекеттік мүдде ескерілмеген.

Кешенді салуға байланысты қол қойылған келісімдер мен басқа да құжаттарды терең зерттеп, сараптауды алдағы күннің еншісіне қалдыра отырып, бүгін шама келгенше негізгі құжаттарға, яғни «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы Астана қаласы Әбу-Даби Плаза кешенін салуға қатысты үкіметаралық келісімге» (бұдан әрі -Үкіметаралық келісім) және «Алдар «Алдар Еуроазия» ЖШС (бұдан әрі - Алдар) және Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Астана қаласы әкімдігінің арасындағы Қазақстан Республикасы  Астана қаласында «Әбу-Паби плаза» көп функционалды кешенін салуға қатысты құрылыс туралы келісімге» (бұдан әрі- Үшжақты келісім ) назар аударып көрейік.

  1. «Әбу-Даби плаза» көп функционалды кешенін (бұдан әрі- «Әбу-Даби плаза» кешені) салудың Қазақстан Республикасына экономикалық немесе әлеуметтік тиімділігі қандай?

Аталған екі құжатта да, яғни Үкіметаралық келісімде де, Үшжақты келісімде де «Әбу-Даби плаза» кешенін Астана қаласында салудың не экономикалық, не әлеуметтік тиімділігі нақты көрсетілмеген.

Оның ішінде: бірінші, кешенді салу арқылы Астанада қанша жұмыс орны ашылатыны және онда қанша Қазақстан азаматының жұмыспен қамтамасыз етілетіні айқындалмаған.

Екіншіден, кешенді салу мен оны іске қосу арқылы Қазақстан бюджетіне қанша пайда түсетіні белгіленбеген.

Қорыта айтқанда «Әбу-Даби плаза» кешенін салудың қажеттілігі күмән туғызады.     

  1. «Әбу-Даби плаза» кешенін салу кезінде Қазақстандық жұмысшыларды жұмысқа қабылдау және олардың құқықтарын сақтау жағдайы қандай?

ҚР Үкіметі атынан сол кездегі  ҚР Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешев қол қойған Үкіметаралық келісім бойынша «Әбу-Даби плаза» кешенінің құрылысы аяқталғанға дейін тартылатын шетелдік жұмыскерлердің жалпы саны 6 600 (алты мың алты жүз) адамнан аспайтын болады деп келісіледі. Келісімде Қазақстан азаматтарының жұмысқа алынатыны туралы бір сөз жоқ, яғни Қазақстан азаматтарын, мамандарын кешенді салу ісіне араластыру, жұмысқа алу қарастырылмаған.

Сондықтан да бүгін онда жұмыс істеп жатқан жергілікті жұмысшылардың құқықтары өрескел бұзылуда.

ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың және министрліктің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, онда барлығы 11 компания (шетелдік мердігерлер) бойынша 4 861 шетелдік жұмысшы және 3 692 қазақстандық істеп жатыр. 

Бейресми ақпарат бойынша ондағы шетелдік жұмысшылардың орташа айлығы 5000$ құраса, қазақстандық жұмысшылардың орташа жалақысы 100-120 мың теңгені, яғни шамамен 295-355$ құраған. Осындай теңсіздіктер қазақстандық жұмысшылардың наразылығын туғызған.

Кешен салынып біткеннен кейін оны пайдалану кезінде де инвестор Қазақстанның азаматтарын жұмысқа алмауға құқылы. Демек, кешен салынып біткеннен кейін де 20  жыл бойы мыңдаған шетелдіктер кешенге жұмысқа ораналастырылады деген сөз.

  1. «Әбу-Даби плаза» кешенін салудан Қазақстанға түсетін қаржылай кіріс қандай?

«Әбу-Даби плаза» кешенін салуды қаржыландыруды Біріккен Араб әмірлігі өз мойнына алған және кешенді салуға кететін барлық шығын көлемі 1,6 млрд.$ құрайды.

Кешен құрылысына бөлшек сауда секторының объектілері, коммерциялық офистер,  4 жұлдызды қонақ үйі,      қызметтер көрсетілетін пәтерлер, тұрғын жайлар, сондай-ақ 4 100 автомобильге арналған автотұрақ кіреді. Кешеннің бүкіл аумағы қанша шаршы метр болатыны келісімшарттарда белгіленбеген.

Бірақ, оның Қазақстан бюджетіне кіріс әкелетіні үлкен күмән туғызады. Себебі:

  1. Жұмысшылардың дені шет елден шақырылған, демек салынған инвестицияның бір бөлігі оларға жалақы ретінде қайтадан шет елге шығарылады;
  2. Құрылысқа қажетті материалдар, техника, технология, интеллектуалдық, технологиялық табыстар тек инвесторға тиеселі, яғни одан Қазақстанға тиер пайда жоқ.

Сонымен бірге, Үкіметаралық келісімнің 3.1.2 бабында  «Алдар Құрылыс барысында салынған не тұрғызылған кез келген объектілер мен құрылыстардың (аяқталған да, аяқталмаған да) жалғыз иесі болып қалады»,- деп көрсетілген.  

  1. Келісімдер бойынша «Алдар Еуроазия» ЖШС құрылыс аяқталғанға дейін және құрылыс кешені пайдалануға берілгеннен кейін 2034 жылдың 31 желтоқсанына дейін барлық салықтан, яғни корпоративтік табыс салығынан, қосалқы құн салығынан, импортқа және кедендік баждарға салынатын қосымша құн салығынан, оның ішіне кедендік төлемдер, импортқа салынатын ҚҚС, демпингке қарсы, қорғау және өтемдік баждар, акциздер кіреді, оған қоса жер салығынан, жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақыдан, мүлік салығынан, көлік құралдарына салынатын салықтан тағы басқа төлемдерден толықтай босатылған.

Нақтырақ айтсақ:

 Үкіметаралық келісімнің 4.1.2 бабында «АЛДАР Құрылыс Объектісіне және оны Пайдалануға байланысты Құрылыс және одан кейінгі 20 жыл мерзіміне корпоративтік табыс салығынан  босатылады»,

4.2.1 бабында  «АЛДАР-ға және/немесе оның құрылтайшыларына және/немесе қатысушыларына Құрылыс Объектісіне және оны Пайдалануға байланысты төленетін кіріс пен өзге де төлемдер Құрылыс кезеңі және одан кейінгі 20 жыл ішінде төлем көзінен ұсталатын табыс салығынан босатылады»,

4.3.1 бабында   «АЛДАР Құрылыс кезеңі және одан кейінгі 20 жыл ішінде және Құрылыс Объектісіне және оны пайдалануға байланысты қосылған құн салығынан босатылады»,

4.4.1 бапта «Осы Келісімге сәйкес Құрылыс және Пайдалану мақсаты үшін АЛДАР, оның Мердігерлері және Қосалқы мердігерлері әкелетін Тауарлар мен Көлік Құралдары (алкоголь өнімдерін, сыраны, темекі өнімдерін, бензинді, дизель отынын қоспағанда), сондай-ақ АЛДАР-дың Мердігерлері мен Қосалқы мердігерлерінің осы Келісімге сәйкес Құрылыс және Пайдалану мақсаты үшін тартылған персоналы мен жұмыскерлері әкелетін жеке мүлік Қазақстандық Заңнамаға сәйкес белгіленген мынадай төлемдер мен салықтарды төлеуден босатылады:

(А) Кедендік төлемдер;

(В) Импортқа салынатын ҚҚС;

(С) Демпингке қарсы, қорғау және өтемдік баждар;

(D) Акциздер», - деп кете береді.

Сонымен бірге, кешенді пайдаланудан түсетін барлық пайда инвестордың қалтасына түседі.

Қорыта айтқанда, «Әбу-Даби Плаза» кешенін салу Қазақстан үшін экономикалық тұрғыдан тиімді емес.

Кешен іске қосылғаннан кейін 20  жыл бойы инвестор шетелдік азаматтарды жұмысқа алып отыруға құқылы екенін ескерсек, оның әлеуметтік тиімділігі де күмән туғызады.

Келісімдер бойынша инвестор кешенді салуға қажетті қаражатты, яғни инвестицияны өз қалауынша, өзі таңдаған қаржы көздерінен алады. Ол туралы Үшжақты келісімнің  2.2 бабында «Қандай да бір шектеулерсіз, АЛДАР өзінің қалауы бойынша Біріккен Араб Әмірліктері Үкіметінің немесе халықаралық қаржы нарықтарының тарапынан АЛДАР үшін қолайлы шарттарда қаржы-қаражат тарта алады»,- деп көрсетілген.

Қарапайым тілмен айтсақ, кешенді салуға Қазақстан тегін жер береді, толықтай салықтан босатады, 20 жыл бойы кешенді пайдаланудан түсетін пайдадан бір тиын да алмайды, ал инвестор қандай көзден, қандай жолмен қаржы табатынын Қазақстан Үкіметіне айтпайды. Себебі, Үкіметаралық келісімнің 4.7.2 бабында  «Жоғарыда баяндалғанға қарамастан, АЛДАР осы Келісім және/немесе 2009 жылғы 31 наурыздағы Өзара түсіністік туралы меморандум бойынша Құпия болып табылатын қандай да бір ақпаратты ашуға міндетті емес»,-деп көрсетілген.

Сонымен бірге, келісімдер бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі Келісімнің бүкіл қолданылу мерзімінің ішінде АЛДАР Тобының неше түрлі құқығы бар екендігіне кепілдік береді. Оның ішінде, атап айтсақ Үкіметтік келісімнің 7.2 бабында «осы Келісім бойынша немесе кез келген басқа келісім немесе келісім-шарт немесе Құрылыс Объектісіне қатысты осыған ұқсас құжат бойынша кез келген төлемдерді жүзеге асырады», немесе «Қазақстан Республикасының шегінен тыс Шетелдік валютаны аудару, ұстау және сақтауға құқылы» деген сияқты күмән туғызатын баптар жетерлік.  

Бұл жерде инвестор тарапынан қандай да бір жемқорлық, ақшаны қымқыру (отмывание деген) орын алып немесе құрылысқа жұмсалатын қаржыны тиым салынған қаржы көздерінен, террористік немесе экстремистік қорлар мен заңсыз, қылмыс жолымен табылған қаржы көздерінен алып жатса да оны ешкім тексере алмайды деген сөз.

  1. «Әбу-Даби плаза» кешенін салудың қауіпсіздікке, имандылықты қорғауға әсері қандай?

Келісімдерде  ұлттық қауіпсіздік, денсаулық пен имандылықты қорғау негіздері бойынша болмаса, шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беруде қарсылық болмайтыны көрсетілген.

Алайда, елімізде жұмыссыздықтың артып отырған кезде шетелдік жұмысшыларды көптеп тарту, олардың қазақ жерінде өздерін тым еркін сезініп, қазақтың намысына тиетін, имандылыққа, қазақи тәрбие, әдет-ғұрыпқа қайшы келетін әрекеттер жасайтыны ел қауіпсіздігін сақтауға кері әсерін тигізеді және тигізіп те жатыр.

Билік тарапынан экономикалық, әлеуметтік тиімсіз, ұлттық мүдде мен қауіпсіздікке, ұлттық салт-сана, әдет-ғұрыпқа, тәлім-тәрбиеге кері әсерін тигізетін келісімдерге қол қойып, пайдасыз жобаларға мол қаржы жұмсауы халықтың наразылығын туғызуда.

Қорыта келгенде, аталған Үкіметтік келісімді де, Үшжақты келісімді де қайта қарап, оларға толықтырулар мен өзгерістер енгізуді ұсынамыз.

Атап айтқанда «Әбу-Даби Плаза» кешенін салу кезінде:   

  1. шетелдік және қазақстандық жұмысшылар саны тең болуы тиіс;
  2. шетелдік және қазақстандық жұмысшылардың айлық жалақысының көлемі теңестірілуі қажет;
  3. жұмсалған қаражаттың қайдан келгені, қандай мақсатта жұмсалғаны, қаржы аударымдарының заңдылығы ҚР Үкіметі тарапынан жіті қадағалануы тиіс.

Осы ұсыныстар «Әбу-Даби Плаза» кешенін салу туралы Үкіметаларық және Үшжақты келісімдерде нақты көрініс тапсын.

Бұған қоса, ҚР Президенті, Үкіметі:

  1. экономикалық, әлеуметтік тиімсіз, мол қаржы жұмсауды талап ететін түрлі жобалар мен шараларды, жиындарды ұйымдастыруды және оларды өткізуге шетелден қарыз алуды үзілді-кесілді тоқтатсын;
  2. шетелдік жұмысшы күшін тартуға квота беруде ең алдымен мемлекеттің өз халқын жұмыспен қамтамасыз етуге міндетті екенін назарға алсын және заңсыз миграцияға тосқауыл қойсын.
  3. шетелдік жұмысшылардың қазақ жерінде өздерін тым еркін сезініп, жергілікті халықтың денсаулығына зиян келтіретін, намысына тиетін, имандылыққа, ұлттық тәрбие, әдет-ғұрыпқа қайшы келетін әрекеттер жасауына қатаң тиым салсын және ондай жағдай орын алған жағдайда қатаң жазалансын.

Осы ұсыныстар ҚР заңдарымен бекітілсін.  

Осы ұсыныстарды еліміздегі саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, ұлтшылдар мен белсенділер, барша жұртшылық қолдайды деп сенеміз.

 

09 қыркүйек 2017 жыл

Қатысты Мақалалар