ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «Сауат ашу» пәніне өзгерген «Әліппенің» 2019 жылы қалпына келтірілетінін айтты, ― деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
«Биыл айтарлықтай өзгерістер болған жоқ, білім саласындағы ең маңызды өзгерістер былтырғы жылы болған, енді біз сол өзгерістері ары қарай жалғастыратын боламыз», ― деп сөз бастаған Ерлан Сағадиев барлық өзгерістердің жоспар бойынша жасалып жатқандығын айтты.
Сонымен бірге Ерлан Сағадиев 1500 мұғалімнің ағылшын курстарын бітіріп, ағылшын тілінде сабақ беріп жүргендігін де айтып өтті. Ерлан Сағадиевтің сөзіне сүйенсек, 2020 жылы еліміздегі білім саласы толықтай жаңартылған мазмұнға көшеді екен.
«Оқулықтарды өзгертуге 4 жыл сайын қаржы бөлінеді. Яғни, 2015 жылы «Сауат ашу» деп өзгерген пән 2019 жылы қайта «Әліппе» деген атаумен 0-сыныптан бастап оқытылатын болады. Балалар «Әліппеден» жоғарылап «Ана тілге» көшеді. Ал «Әліппенің» латын мен кириллицаның қайсысында болатынын келесі жылдың басында шешеміз. Бірақ біз созбаймыз», – деді Ерлан Сағадиев.
Ерлан Сағадиевтің пікірінше, қазақтың баласы қай жерде жүрсе де біріңғай жоғары, сапалы және заманауи білім алу керек. Сол себепті 2019 жылдан бастап 10, 11-сыныпта информатика, химия, физика және биология пәндері ағылшын тілінде оқытылады.
Білім және Ғылым министрі грант мәселеесіне де тоқталған болатын. Оның пікірі бойынша, әр мамандыққа бөлінген грант саны 3 жыл бойы өзгермегенде ғана мектеп бітіруші бұндай тосын жағдайға тап болмайды.
«Әр мамандыққа әртүрлі грант бөлінеді. Мысалы, жалпы медицинаға 2000 грант бөлінсе, тіс емдеуге 45 грант, педагогикаға 5000 грант берілсе, экономикаға 45 грант қана бөлінеді. Сөйтіп, экономиканы оқығысы келген бала 135 балмен түсе алмай, педагогикаға 65 балмен өтіп жатыр. Біз бұл мәселені шешеміз. Алтын белгілердің мәселесін де депутаттармен бірге талқылап жатырмыз. Меніңше әр мамандыққа гранттардың саны 3 жыл бұрын белгіленуі керек. 3 жыл өзгеріссіз қалса балалар да алдын ала болжап отырады», – деді Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев.