Түркиядағы жол апатынан зардап шеккен 3 қазақстандық елге оралды

/uploads/thumbnail/20170927181913024_small.jpg

Түркияда жантүршігерлік көлік апатына ұшыраған 7 қазақстандықтың үшеуі елге аман-есен оралды, ― деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Апат кезінде Вадим, Батырхан, Диляра жеңіл жарақат алған.

Талдықорған қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, олар қазір Алматы қаласында екен. Олар тиісті емін алуда. Ал, Нұрсұлтан, Алмагүл, Асыл және Айдын есімді қазақстандықтар әлі де төсек тартып жатыр. Қазір оларды  елге жеткізу жұмыстары жүргілуде.

«Бәрі өрімдей жастар. 1992 жылы туған менің бауырым Нұрсұлтан сонау мектеп кезінен Алмагүлмен жүретін. Осы жақында ғана, 9 қыркүйекте тойын өткізгенбіз. Сонда достары Түркияға жолдама сыйлаған еді. Бал айының соңы осындай болады деп ойламаппыз, әйтпесе жібермес едік қой», ―  дейді Талдықорған қаласының тұрғыны Эльзира.

Осы оқиғаға байланысты, Талдықорған қаласының  әкімдігі апатқа түскен жастардың ата-аналарымен, туған-туыстарымен хабарласып, қандай көмекке мұқтаж екендерін сұраған болатын. Ата-аналар елге балалары аман-есен жетсе, медициналық тұрғыдан көмек көрсетілсе екен дейді.

Сондықтан қала әкімінің орынбасары облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысымен ақылдасып, апатқа түскен жастарды күтіп алу үшін бар жағдайды қарастырып жатыр. Қажет болған жағдайда талдықорғандық жастарды Алматының немесе  Астананың ауруханаларына жатқызуға да жәрдем көрсетілуі мүмкін.

Еске сала кететін болсақ, 21 қыркүйекте Түркияның  Кемер қаласы маңында болған жол апаты салдарынан 7 қазақстандық ауруханаға түскен еді. Дер кезінде көрсетілген медициналық көмек пен хирургиялық ота жастардың жанын сақтап қалды.

Қатысты Мақалалар