«Qazaqstan» телерадиокорпорациясы Asia-Pasific Broadcasting Union немесе қысқаша ABU деп аталатын Азия-Тынық мұхиттық хабар тарату одағына енді, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Аталмыш мүшелік «Qazaqstan» корпорациясына ABU өткізетін сан түрлі шараларына қатысуға жол ашады.
ABU одағымен қарым-қатынастың аясында Азияның 34 елінде станциялары бар спутниктік Asiavision телевидениесімен ақпарат алмасатын болады. Одан бөлек, ABU өз құрамына кіргендерге түрлі халықаралық жобалар аясында бағдарламалық, заңгерлік, консалтингтік, басқарушылық мәселелер бойынша көмек беруге әзір. Және телерадиокорпорация қызметкерлерінде ABU ұйымдастыратын халықаралық семинарлар мен тренингтерге қатысуға мүмкіндік пайда болады.
«Qazaqstan» телерадиокорпорациясы әлемдік теленарыққа шығуды көздейді. Сондықтан халықаралық серіктестіктердің дамуына үлкен мән береді. Ал ABU-ға мүше болу – осы стратегия аясындағы маңызды қадам. Себебі, бұл ынтымақтастық ABU одағының құрамындағы 69 мемлекеттегі 272 телерадиокомпаниялармен тығыз іскерлік қарым-қатынас орнатуға септігін тигізбек.
Айта кетейік, Asia-Pasific Broadcasting Union коммерциялық емес кәсіби қауымдастығы 1964 жылы құрылған. Ол Азия мен мұхит аймағы елдерінің хабар тарату ұйымдарын біріктіреді. Аталмыш одақтың мақсаты – хабар таратушылар арасындағы ынтымақтастықты нығайту.