Әбіш Кекілбаев - 75

/uploads/thumbnail/20170708160649050_small.jpg

Сыншыл суреткер
Бағашар Тұрсынбайұлы.

photo (1)
Оның өзгеше өмірі жастық шағының куәсі болған Маңғыстау даласында басталған. Ауыл шаруашылығын сынап жазған мақаласы мәжілісте талқыланып, «Кекілбаев жолдастың мақаласында көрсетілген кемшіліктерді түгел мойындап, оны жоюдың шаралары қабылдансын» деп шешім шығарылған кезде Әбіш бесінші сыныптың оқушысы болатын. «Лениншіл жас» газетінде бұрын көп көзге түспеген автордың бірі қазақ, бірі орыс екі жазушының бір-бірінен айнымайтын шығармаларын оқып, ұрлықты әшкерелеп жазған мақаласы әдеби ортаны дүрліктіріп, қызу талқыға түскен уақытта Кекілбаев сегізінші сыныптың партасында отырған. Одан кейінгі жылдары да, әсіресе, студент кезінде қала архитектурасы туралы мақаласы тарих пен жаңа заманның арасын еркін жалғайтын ой қуаттың, терең білімнің, ақыл-жігердің иесі келе жатқанынан хабар берген. Үшінші курс оқып жүргенінде мүйізі қарағайдай жазушының романы туралы сын мақаласы да жас қаламгердің амбициясынан бөлек, әдеби талғамын, көзқарасын аңдататын. Кезекті бір пленумда Зейін Шашкин, Ғафу Қайырбеков сияқты ағалары орынсыз сыналып жатқанда, Әуезовке сөз сұрап хат жазып, рұқсатын алып, жалғыз қорғап сөйлеген жас азамат – университеттің бірінші курс студенті Әбіш Кекілбаев болатын. Содан бергі аралықта жазушы қаламынан шыққан әр сөз оқырман жүрегіне жол тауып жатты. Әбіш Кекілбаевты әдебиеттің, қоғамның бар мәселесі жанұшыра іздеп тауып алатындай көрінеді.

Жазушылығын, қайраткерлігін айтпағанда қазақ әдеби сынына сіңірген еңбегі аз емес. Жанр табиғаты туралы, сын, поэзия туралы мақалалары тек қана оқуды емес, жазуды да үйрететін ұстаз сияқты. Мұқағали Мақатаевтың «Қарлығашым, келдің бе?» жинағы туралы жазған сөзі ақын табиғатын ашқан, ақынды таныған ең алғашқы мақала болатын. «Сол кездердегі саясатқа қатысы жоқ алғашқы әдеби кітап еді», – дейді. Бәрі партия, партияның саясаты туралы жазып жатқанда адам жанының жалғыздығы мен мұңын, қуанышы мен қайғысын бір тұтас кітапқа айналдырған ақынның қаншалықты қуанып, қалай шаттанғанын сол баяғы естеліктерден оқып білесің.
Әбіш ашқан ақындар бар. Қасым Аманжолов жырларының дауылдай екпіні мен нәзік сырын, Төлеген Айбергенов өлеңдеріндегі зор сағыныш пен ұлы махаббаттын, Жұмекен Нәжімеденов поэзиясының тереңдігі мен биіктігін алғаш сараптап, талдап түсіндірген болатын. Ілияс Жансүгіров поэмаларының табиғатын, оның адам жанына үңілгіштігін, психологияны поэманың өзінде жазушы сияқты бере алатындығын да жазған Кекілбаев еді.
Толстой, Чехов, Әуезов, Мүсірепов, Ахтанов, Әлімқұлов, Нұрпейісов сияқты жазушылардың әлеміне үңілер сәтте де Әбіш мақалаларын аттап кете алмайсың. Өткен ғасырлардағы әлем әдебиетінің классиктері қай деңгейде болғанын, олардың жазушылық, ақындық қабілеттері адамзат ақыл-ойына қаншалықты үлес қосқанын білу үшін австриялық Стефан Цвейгтің жазғандары қаншалықты бағалы болса, жиырмасыншы ғасырдағы қазақ қаламгерлерінің шығармашылығын тану үшін Кекілбаев сындары соншалықты құнды.
Монолог, ішкі монолог, жартылай монолог, жартылай диолог, одан хорға айналған монолог, сана ағымы тәсілдерінің жазушы стиліне қалай әсер ететінін, жалпы теориялық негізі бар әдіс-тәсілдерді практикада қалай іске асыруға болатынын айтып та, өзінің шығармалары арқылы жазып та көрсеткен жазушы-теоретик.
Сыншы, жазушы ретінде Әбіш Кекілбаевтың қаламынан туған дүниелер ұрпақ санасын сілкілеуін қоймайды.

КЕКІЛБАЕВ МҰНАРАСЫ
Арман Әлменбет

photo
Сөзге ынтығы, оқудан біраз тәжірбиесі бар адам болмаса, алдыра қоймайтын тәкаппар прозамен оқушы кезімде бірнеше рет тісім өтпей қалып, студент боп жүргенде бір-ақ танысыппын. Бұрынғы дүниелерде уақыт пен кеңістік айқын, көбіне рет-ретімен өрбуші еді, детальдар анық көрініп, кейіпкерлердің түр-түсін оңай ажыратып отыратындай едім.

Бұл жолы масаң күйге түскендей болдым, асқан шеберлікпен қаланған тастарды қолмен сипап, сұлулығын көріп емес, түйсіне таңырқап жүргендеймін. Әйелде ғана болатын сұлулыққа ынтығу бар, таң алдында көрген түстің ауызда қалған дәміндей махаббат бар, шиырлап-шиырлап, алысқа әкететін ой бар... Мысымен төңіректі түгел басып тұрған әмірдің психологиясын қаншалықты дәл сезініп, дөп басып суреттейтін болса, отбасылы еркекке сырттай ғашық боп жүретін галстук сатушы қыздың да психологиясын солай сезініп, әрекеттері арқылы жан әлемін көрсетіп береді. Әр адам өзімнің ғана меншігім деп білетін ішкі дүниеге соншалықты терең сүңгіп, армансыз аралап шыққан ба дейсіз. Одан соң көкейдегіні қағазға түсіру кезінде қара сөзбен күй тартып қана, не қуанбай, не сүйінбей – сергек, бейтарап халде отырады. Сіз болсаңыз сезім мен сөзге елітіп, қаланған тастарды қолмен сипаған күйде, қабырғаны бойлап, мұнараға шығып бара жатасыз. Ол мұнара – алыстан қарағанда мұнартып көрінетін, жанына барғанда арбалып қалатын мұнара. Кекілбаевтың мұнарасы. Жазуына қызметі кедергі болып, бір тасы қаланбай қалған мұнара...
Дегенмен осы мұнара жазушыға ендігіде қалқан болмақ. Қаңқу сөзбен, күншілдік оның тастарын мүжіп құлата алмайды. Қазақ барда өлмейтін бұл туындылар жайлы «ғайбат сөзін айта алмайды еш пенде». Бұл шығармасын құнығып оқыған әр оқырманның авторға деген шын тілегі болса керек.
"Қазақ әдебиеті" газеті


.

Қатысты Мақалалар