Алматы түбінде апатқа ұшыраған санавиация ұшағының бортында болған дәрігерлердің аты-жөндері анықталды, - деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, 3 қазанда кешкі уақытта Алматыдан Шымкентке дәрігерлер бригадасы ауыр жағдайда жатқан жүкті әйелге көмектесу үшін аттанған.
Олардың айтуынша, Алматыдан санитарлық авиация бригадасы сағат 18.39-да ұшып шыққан. Бортта Акушерия, гинекология және перинаталогия ғылыми орталығының профессоры, дәрігер акушер-гинеколог Патсаев Талғат Анапиұлы мен Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының реаниматолог дәрігері Артықбаев Жәнібек Түкенұлы болған.
Бортта науқастың болмағаны айтылады. Ұшу Республикалық санитарлық авиация орталығы мен East Wing әуекомпаниясының келісімшарты бойынша АН-28 ұшағымен жүзеге асырылған. Бортпен байланыс үзілген. Ұшақ Алматы түбінде табылған. Бес адамның мәйіті табылған.
"ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан медициналық жұмысшылардың отбасыларына көңіл айтады және моральдық әрі материалдық көмек көрсетеді", - дейді ведомства өкілдері.
Қаза тапқан қалған үшеуі, Азаматтық авиация комитеті өкілдерінің хабары бойынша, экипаждың мүшелері болған. Олар - Қырғызстан азаматы, әуе кемесінің командирі Г.Н.Цой, екінші пилот, Қазақстан азаматы Е.Кутафин.
Еске сала кетсек, 3 қазанда East Wing әуекомпаниясының АН-28 ұшағы ұшып шыққаннан кейін 12 минут өткенде радардан жоғалып, кейін ұшақ Алматы түбінде өртеніп жатқан жерінен табылған. Бортта болған бес адам қаза тапқан.
Пікір қалдыру