74 мың астаналық тұмауға қарсы екпемен қамтылады

/uploads/thumbnail/20170824183947612_small.jpg

Қала бюджетінен бұл мақсатта 65 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінді деп мәлімдеді Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Тимур Мұратов.

«2017-2018 жылдарға арналған эпидемия маусымына 65 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Соған сәйкес, 74 мыңға жуық қала тұрғынын тұмауға қарсы тегін вакциналауды көздеп отырмыз. Алынған вакцина қаланың емханаларына таратыла басталды», - деді Т.Мұратов.

Оның айтуынша, тегін екпемен халықтың декреттелген тобы, яғни жиі ауыратын балалар, түрлі топтағы мүгедектер мен диспансерлік есепте тұрған науқастар қамтылады,деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

«Қазір емханаларда бұл тізімдер толықтырылып жатыр. Бекітілген тізімге кіретін адамдар емханаларға шақырылып, тегін екпе жасайтын болады. Сондай-ақ, емханадағы терапевт дәрігерлер белгілі бір науқасқа вакцинация жасау керек деген көрсетім қойса, ол адамдарға да тегін жасаймыз», - деді басқарма басшысының орынбасары елорда әкімдігі медиа орталығының тілшісіне берген сұхбатында.

Бұдан бөлек, аталған топқа жатпайтын азаматтар өз еріктерімен салдырғысы келсе екпені ақылы түрде жасата алады.

«Вакцинация жасатқысы келген адам емханаға келіп, ақылы түрде жасауға мүмкіндігі бар. Жалпы, Астанада вакцина тапшылығы болмайды. Себебі, ақылы қызмет үшін бюджет есебінен емес, сол екпені алатын азаматтың қалтасынан төленеді. Шамамен бір екпе 2200-3500 теңге аралығында тұрады», -  Тимур Мұратов.

Айта кетерлігі, Астанада тұмауға қарсы екпе 13 қалалық емхана мен 3 отбасылық-дәрігерлік орталықта жүргізіледі. Бюджет қаржысына осы күнге дейін Ресейде шығарылған «Гриппол» вакцинасының 14 760 дозасы алынды. Алдағы уақытта тағы 58826 дозаны алу жоспарланып отыр.

Қатысты Мақалалар