Астана медиаапталығы аясында өткен Astana Digital Forum-ында сөйлеген «CEO Select Communication Group» коммуникациялық ұйымының жетекшісі Виктор Елисеев ақпараттық технологиялардың кеңінен қолданылуы еңбекке деген сұраныстың төмендеуіне әкеліп соғатынын айтты, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
«Болашақта ірі компаниялардың 40%-ы өз жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болады. Себебі адамдардың орнына электронды жүйелер жұмыс істейді. Мәселен, Uber және Mersedes компаниялары 200 мың ұшқышсыз көлік шығаруды жоспарлап отыр. Яғни, таксистердің жұмысы тоқтайды деген сөз. Миллиондаған адамдар жұмыссыз қалады. Адамдар бүгіннен бастап сондай сәтке дайындықты бастай беру керек», - деді Виктор Елисеев.
Айта кетейік, 4 қазанда Қазмедиа орталығында Астана медиапаталығы басталды. «Astana Media Week» қазақстандық медиа аптасы — бұл кең көлемдегі салалық іс-шаралар сериясы. Жыл сайын Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің тапсырысымен өткізілетін Орталық Азиядағы ең ірі медиа-оқиға. Astana Media Week 2017 негізгі мақсаты — отандық медиа сфераны дамыту және өңірлік деңгейде индустриядағы іскерлік қатынастарды ілгерілету», — деп жазған болатын Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев аталған шара туралы.