Бізге ештеңе жақпайды. Ештеңеге көңіліміз толмайды. Тамақтың тұзы жоқ, еті қатты.. Күн суық, әлде тым ыстық.. Адам көп, жұмыс қиын, жұмыс ауыр.. Сабақ шаршатты.. Өзгенің заты жақсырақ, өмірі қызығырақ, үйі үлкенірек, әйелі әдемірек...
Тағы не бар еді?... Жалпы түсінікті ғой.
Өмір – бітпейтін проблема. Ұзақ кептеліс. Мезі етеді, шаршатады. Күндегі күйбең тірішіліктен жүйкеңіз жұқарады.
Осыдан кейін орындалмаған мақсат, арман күйінде қалған армандар тұншықтырып, дөңбекшіген түндерде ұйықтай алмай барлық әлемге өкпелі болып жатасыз. Одан пайда жоқ болған соң, жоғарыда жазылған нәрселер басталады-ай кеп..
Әрине, сіз мұны байқамайсыз. Сіз үшін бәрі шынымен де нашар, сапасыз, тамақ дәмсіз, өмір қызықсыз, өзгенікі жақсырақ болып көрінеді. Тіпті, барлығы сізге тура бір қасақана, әдейі жоспарлы түрде ұйымдастырылған секілді.
Өзіне деген, өміріне деген көңіл толмаушылық өзін қаз-қалпында қабылдай алмағандарда болады. Әрине, анда-санда өзіңді қалың орман ойға батырып, әрекеттеріңді саралап, мақсаттарыңды жіктеп, нысанаңды көздеп, дәлдеп, осы ретте өзіңдегі көңіл толмайтын жақтарыңа баса назар аударып отырған дұрыс. Алайда, бұл өзіңе деген көңіл толмаушылығыңды бар әлемге көрсету керек деген сөз емес қой?
«Қолда бар алтынның қадірі жоқ» деген мақал бар емес пе еді? Қазекем соны бекер айтпаған екен. Жақында қатты сырқаттанып, жаным көзіме көрінді. Дүниең деген түк емес екен.. ЕШНӘРСЕ қажет емес болып қалды. «Жазылсам, болды» деген ойдан басқа ештеңе мазалаған жоқ, сол сәтте.
Өмірдің қадірін, денсаулықтың қадірін, көршінің емес өз үйіңдегі әйеліңнің қадірін тек жоғалтқанда ғана білесің. Жұмыр басты пенде атаулы осыны біледі, бірақ түсінбейді.
Көп адамдар өздеріне не қажет екенін, өмірлеріне не себепті көңілі толмайтынын да білмейді.
Ең біріншіден, өзіңді біреумен, басқамен, көршімен салыстыруды қою керек. Салыстыру деген өте нашар нәрсе. Ол- қызғаныштың басы, бастауы. Егер сіз біреудің қабілеті мықтырақ екенін немесе материалдық жағдайын жақсырақ деп санасаңыз, сіз өзіңізді төмендеткеніңіз.
«Болмасаң да ұқсап, бақ
бір ғалымды көрсеңіз». Демек, өзіңіз мықты деп санаған адамды қызғанғанша, жақсы қасиеттерін үйреніңіз.
Адам даму үшін бойындағы қорқынышты жеңу керек. Ештеңе істемеген адам ғана шатаспайды. Кейбір адамдар табиғатынан қорқыныш пен депрессияға түсуге бейім болады. Сондықтан тәуекелге баруға қорқады.
Өзіңде барды қадірлемеу, өзгеге қызығу-бүгінгі заманның тенденциясы. Бүгінгі таңда кең қолданыстағы әлеуметтік желілер де оған себеп болуда.
Қазір байқасаңыз, екі құрбы-құрдас арасындағы әңгіме мынадай: «Кеше инстаграммнан Динараның досы оған не сыйлағанын көрдің ба? Ал, Адина болса Парижге барып қайтыпты.. Дәулет көлігін ауыстырыпты, мен болсам автобуспен жүрмін..» деген сияқтыға айналған. Бұл тек жастар арасында таралған әдет емес.
Бұл қазіргі қоғамның шындығы. Адамдардың өзгелерге қарап өмір сүру, өзгелер не істесе соған қарап еліктеу тенденциясы дамып келе жатыр. Өзгелер дегеніміз – сол адамды қоршаған адамдар, қоғам.
Алдарыңызда, деградацияға ұшыраған қоғам. Қашан өзіміздің принциптеріміз, жеке өзіміздің көзқарастарымыз, өзіміздің қалауымыз бен талғамымызбен өмір сүреміз? Қолдағы алтынның қадірін қашан білеміз? Көршіңіз сіздің әйеліңізге көз салғанда ма?
Назерке МҰСА