Атырау: Мұнайы - елге, қалдығы - жерге...

/uploads/thumbnail/20170708161013323_small.jpg

Атыраудың аңызақ желі күні-түні бір толастамайды екен. Бір күн емес- ау, бірер сағаттың ішінде жүзіміз тотығып, ерніміз жарылып кетті. Ал бұл жақтың халқы бұған үйренген сияқты. Азаннан қара кешке дейін «қырман басында» жүретін мұнайшы қауым теңізден соққан өкпек желге мыңқ демейді-ау, шіркін! Ал Еділ мен Жайықтың ортасында орналасқан кен орындарын көруге келген жорналшылар аптобусқа бір кіріп, бір шығып жылына алмай жүр.

Ел көрген, жер таныған жақсы ғой. Атырау облысы, Исатай ауданы Аққыстау ауылын бетке алған бұл жолғы сапарымыздың мақсаты бір жағынан бүгінгі ауыл тұрмысымен танысу болса, бір жағынан мұндағы «Жайықмұнайгаз» өндіру басқармасында жұмыс істейтін еңбек адамдарымен пікірлесу, сұхбаттасу тұғын. Ал бұл «Ембімұнайгазға» қарасты төрт басқарманың бірі.

 Жолдың жыры

Атырау мен Исатай ауданының арасы сонша алыс емес, алайда межелі жерге шаршап-шалдығып әзер дегенде жеттік. Ойдым-ойдым, кедір-бұдыр жол автобустың жүрісін баялаулатып тастады. Бұл Ақтөбе мен Астраханның арасын жалғайтын, Атырауды басып өтетін күре жол екен. Биылғы Жолдауында Нұрсұлтан Назарбаев дәл осы Ақтөбе-Атырау, Атырау – Астрахан тас жолына күрделі жөндеу жүргізу қажеттігін қадап тапсырған тұғын. Бекерге айтпапты...Ал бізбен сапарлас болған бірқатар жергілікті журналистердің айтуынша, халықаралық маңызы бар дәліз Кеңес үкіметі құлағалы бері жөндеу көрмеген екен...

Ал мұнда (Аққыстау ауылында) бізді «Ембімұнайгаз» өндіріс орнының баспасөз хатшысы Ғалия Қаражанова күтіп алды. Айтуынша, жергілікті журналистерді мұндай сапарға шақырту қиын. «Көпшілігі келе бермейді. Себебі, күнделікті көріп-біліп жүрген дүниелері ғой. Барлығымен таныс. Қажет болса басқарма басшыларына өздері-ақ шығып керекті ақпаратты ала алады. Ал сіздерге мұның барлығы таңсық шығар. Мұнай өндіру ісінің қалай жүзеге асатыны қызық болар деген ойдамын. Оның істіне соңғы кездері журналистер ауыл өмірін жазуды сиретіп кетті...Ал мұндағы кен орнында түгелдей Исатай ауданына қарасты елді-мекендердің тұрғындары жұмыс істейді. Сіздер ойлағандай біздің күніміз шетелдік мамандарға қарап отырған жоқ. Жергілікті жұмысшылар мұнай өндірудің технологияларын жетік меңгерген», – деді Ғалия Қаражанова.

Күпәйкі...

Ал «басқарма басшымен жүздесесіздер» дегенде көз алдымызға қылқынып галстук таққан, шыттай киінген, жанында жылмаңдап жүретін көмекшісі бар шенеунік елестеген еді. Қателесіппіз. Басқарма басшысының киім киісі ғана емес, сөз мәнері де оның өмір көрген, осы кәсіптің ыстығына күйіп, суығына тоңған адам екенін аңғартқандай. Үстіне мұнайшының көнетоз күпәйкесін іле салған Шәймерден Төлеңгітов бізге біраз жайтты баяндап берді. Айтуынша, Исатай ауданында мұнай сонау 1968 жылдан бері игеріледі екен. Қазір мұндағы 694 ұңғыманың 673-і жұмыс істеп тұр. Биылғы жылғы өндірістік жоспарды, оның ішінде мұнай және ілеспелі газ өндіруді басқарма 100 пайызға орындап тастапты. Ал бізді бұдан бұрын кәсіпорынның қанша адамды жұмыспен қамтығаны және олардың арасындағы жергілікті тұрғындардың үлесі мазалаған болатын. Бұған да жауап ала алдық. Қазір «Жайықмұнайгазда» 1000-нан аса азамат еңбек етсе, соның 90 пайызы жергілікті тұрғындар екен.

Ал кен орындарын басқарманың бас инженері Ғабидолла Шанайұлымен бірге аралып шықтық. «Былтыр мұнда үздік маманды анықтау байқауы өтті. Он номинацияның сегізінде біздің өндіріс орнының жұмысшылары топ жарды», – деді ол.

Еңбек адамы

Кейбіреулер: «Еңбек адамының образын сомдайтын қазір кеңес дәуірі емес қой. Бұл тақырып өзінің өзектілігін жойған» дейді. Келіспейміз. «Жайықмұнайгазға» қарасты кен орындарын аралай жүріп, жазуға тұрарлық және өмір жолы өсер ұрпаққа үлгі боларлық азаматтармен тілдестік. Мұнайшылардың арасында әйелдерде бар.

Соның бірі – Күләнда Қалдыбаева. Исатай ауданы «Жайықмұнайгазда» сонау 1977 жылдан бері мұнай өндіруші оператор болып істейді екен. Нағыз еңбек адамы деген осы шығар. Тәулігіне 4,5 мың тонна мұнай шығаратын құрылғыларды бақылап, күні-түні басы-қасында жүреді. Ал біз болсақ Атыраудың аңызақ желіне шыдай алмай екі үш минөт өтпестен аптобустың ішіне қайта кіріп кеттік...

Айтпақшы...

Әзіргі күні дәстүрлі мұнай өндіретін, ал жергілікті жұрт «сәлем салып тұрған келін», мұнайшылар «качалкі» деп атайтын құрылғылардың орнына жаңа технология келіпті. «Жайықмұнайгаздың» Салтанат Балғымбаев деп аталатын кен орнын (мұнайшылар бұл кісінің мұндағы мұнайшылар әулетінің өкілі және Қазақстанның бұрынғы Премьер-министрі Нұрлан Балғымбаевтың ағасы екенін айтып берді) аралай жүріп жаңа құрылғымен танысудың сәті туды. Қазір аталған кен орнындағы 117 ұңғымада дәл осындай мұнай соратын құрылғылар орнатылған екен. Сырт көзге бұларды «мұнай өндіреді» деп айтуға мүлде келмейді. Сырты, сиқы ұқсамайды. Жерге қадай қалған қаша сықылды. Сонда жаңа технологияның бұрынғыдан артықшылығы неде?

– Бұрынғы механикалық мұнай соратын құрылғылармен салыстырғанда ЛШП (жаңа технологияның атауы) шыдамды, яғни темірі тозбайды, шірімейді және бұл жерде жұмыс істейтін оператордың жұмысын жеңілдетеді. Бұрынғы құрылғыларды «екі шоқып, бір қарайтынбыз». Бұл технологияның тағы бір артықшылығы электр қуатын 30-50 пайызға аз пайдаланады және бұлардың барлығын бір жүйеге қосып, компьютер арқылы бақылауға болады. Жұмыстың автоматты түрде жүргізілгені қолайлы ғой. Қазіргі күні тұтас «Ембімұнайгаз» бойынша барлығы 53 ЛШП орнатылған, ал жыл аяғына дейін тағы 25 құрылғы орнататын боламыз, – деді Ғабидолла Шанайұлы.

Алайда түгел техника автоматтандырылып, мұндай құрылғылардың барлығы бір орталықтан басқарылар болса өндіріс орнындағы мыңға жуық адам қайтпек және қайда бармақ?!

Эврика

Мұндай құрылғы тәулігіне 28 текше метр су аралас мұнай өндіреді екен. Ал мұндағы «қара алтынның» таза үлесі 4,5 тонна. Қазіргі күні өндіріс орны ұңғымалардағы судың мөлшерін азайту үшін жер астына полимер жіберіп жатыр. Полимердің ерекшелігі сол алынатын өнімнің тұтқырлығына әсер ететінге ұқсайды. Яғни, жер асты суының көзін жауып, мұнайдан бөлектейді. Тәжірибенің қолға алынғанына ұзақ бола қоймапты. Ал мұндағы мақсат мұнайды мейлінше мол өндіру екені белгілі. Ғабидолла Шанайұлының айтуынша, кен орнындағы көмірсутектердің сулану деңгейі қазіргі күні 90 пайызды құрайды. «Егер бұл көрсеткіш кем дегенде сексен пайызға түссе жобаны сәтті деп айтуға болады» дейді ол. Тәжірибенің қаншалықты сәтті болары тек 6 айдан кейін ғана белгілі болмақ. Ал біздің көңілімізде тағы бір дік қалды. Полимер, былайша айтқанда химиялық затты жер астына жіберу, оны жер асты суымен араластыру, онсызда тұтынатын суы тапшы өңір үшін ең алдымен экологиялық тұрғыдан зиянды емес пе, әлде біз қателесеміз бе?

Думан БЫҚАЙ

Қатысты Мақалалар