Оңтүстіктен Шығысқа көшкендерге үй берілді

/uploads/thumbnail/20170708161015367_small.jpg

Елдің жұмыс күші мол аймақтары саналатын Алматы, Қызылорда, Маңғыстау облыстарынан ШҚО Риддер қаласына көшіп келген 22 отбасы жаңа пәтерге ие болып, толығымен жұмысқа орналастырылды. Қоныс аударушыларға пәтер кілтін ҚР Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен ШҚО әкімі Даниал Ахметов табыстады, деп хабарлайды ШҚО Ақпаратық орталығы.

       0001

  ШҚО қоныс аударушыларды орналастыру бірінші болып Риддер қаласынан басталды. Салтанатты рәсімге арнайы келген ҚР Премьер-министрдің орынбасары Б. Сапарбаев аталмыш бағдарламаның мақсат-мүддесін айтып өтті. «Еліміздің оңтүстік өңірлерінде жұмыссыздық байқалса, ШҚО жұмыс күші тапшы. ШҚО бойынша 18000, ал Риддер қаласының өзінде 700 жұмыс орны бос тұр. Сондықтан, Елбасының жұмыссыздықты жою туралы тапсырмасын негізге ала отырып, еліміздің оңтүстік өңірлерінен тілек білдірген отбасыларды көшіру науқаны басталды», – деді Б. Сапарбаев.

         Салтанатты рәсімнен кейін «ШҚО – отбасының демографиялық дамуына және өмір сүруіне қолайлы аймақ» тақырыбында форум өткізілді. Форумға келген ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова елдегі жалпы демографиялық ахуал туралы нақты мәлімет берді. «Ішкі көші-қоннан бөлек, шеттен келген қандастардың 21 % ОҚО, 16 % Алматы, 13 % Маңғыстау, 9 % Жамбыл облыстарына көшіп келсе, қалған 40% өзге 11 облыстарға қоныс аударған. Демек, халықты жұмыс күші мол саналатын оңтүстік аймақтардан жұмыс күші тапшы аймақтарға көшіру мемлекеттік маңызға ие», – деді Т. Дүйсенова. Өз кезегінде сөз алған Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев ауданда халықтың жетіспеушілігі суармалы жерлерді игеру мәселесін туындатып тұрғанын айтты. Д. Оразбаевтың айтуынша, Тарбағатай ауданының халқы 1991 жылдан бері екі есеге азайған.

         Форумда көшіп келген кәсіпкерлер мәселе төңірегінде ойымен бөлісті. Кәсіпкерлердің ұсыныстарын мұқият тыңдаған Б. Сапарбаев облысқа өзге аймақтардан жер игеру мамандары тартылатынын айтты. «Одан бөлек, «Серпін» бағдарламасы бойынша Риддер аграрлық-техникалық колледжіне Алматы, Қызылорда облысынан келген 25 студент білім алуда. Олар да толық жатақханамен қамтылып, ай сайын шәкірақыларын алып отыр. Сәтін салса, осындай игі жұмыс келесі жылы СҚО, Павлодар, Қостанай облыстарына да қолға алынатын болады», – деді Б. Сапарбаев.

Қатысты Мақалалар