Айдын Байыс – 1994 жылы Қарағанды облысы, Балқаш қаласында дүниеге келген. 2016 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Көлік-Энергетика факультетін тәмамдаған. Өлеңдері «Балқаш аймақтық ақындар антологиясына», «Арқадағы арда жыр» жинақтарына енген.
КІТАПХАНАДА ҚАУЫШҚАН ҚЫЗ
Көк қаршыға көңіл ұшып,
О, қайда?!
Жүрегіңнің қалауына жоқ айла!
Көп кітаптың ортасында тұрдың сен,
Қойбүлдірген іздегендей тоғайда.
-Не іздедің?- деп сұрап ем,
(Төзім кем)
-Сезім жайлы кітап,- дедің.
Сезінгем...
Сезім жайлы шығарманы ең ұлы,
Қалай ғана байқамадың көзімнен?
Жаңбырлы күнгі ауыл
Мүжіп тұрған түк сезбей тай ағашты,
Тас қораны үркіп кеп саяласты.
«Жынды Сәрсен» секілді жынды бұлт,
Көк шатырды сабады-ай аяқ асты!
Аңғал көрші жүр еді қи кептіріп,
Дәу етігін қашты үйге сүйреп кіріп.
Алақандай ауламыз көлге айналды,
Көлге айналды жүзбейтін үйрек тіліп.
Тұла бойым сәл мұздап, сәл ысынып,
Күркірейді көк аспан жан ұшырып.
Көк төбеттер іргеде қыңсылайды,
Түнде ұйқы бермейтін жарыса үріп.
Уа бүйтпе, ел шулап, уа сүйтпе,
Қарап тұрмай қарғыдым УАЗикке.
Егін жаққа жауса ғой деймін іштей,
Аянышпен көз салып буаз итке.
Төніп келіп салды ғой ойран бұлтың,
Апам бетін шымшиды:
- Жайған құртым! ...
Әпкем ұзақ телмірді терезеден,
Кімді есіне салды екен, айнам, бұл күн?
***
АҚПАН ЖЫРЫ
Февраль. Достать чернил и плакать!
Б.Пастернак
Ырғағына елтіп жұмбақ тәтті әннің,
Еңкіштетпек зәу еңсемді батпан мұң.
Әйнегіне ентелеткен әлемді,
Адамзатқа айтары бар ақпанның!
Сауласа көп сонау көктен сұрақтар,
Тауып бірден бере алады кім ақпар?
Көзі бардың көрінбестен біріне
Кеңістікке нұр сіңеді тұрақтар.
Өлең болып түсе бермес хатқа анық,
Көк аспаннан қалқып түсер ақ мамық.
Титтей ұлпа арқалайды ауыр мұң,
Жадымызға (жарықтық-ай!) жатталып.
Жүрегіңді қытықтаса иісі аңқып,
Ән төгеді кеудеңдегі күйсандық.
(Жаным, мені мұңдарымнан оят та,
Иығыма қос білекті сүйші артып!)
Келсе көктен құдіретті күш – көндік,
Ұйқысыз-ақ талай ғажап түс көрдік.
Керемет қой ақпаны бар сиқырлы
«Қыс» дейтұғын Құдай жазған үш томдық!
***
ҚАМЫСБАЙ
(Баллада)
Шіліңгірде күн танытып қиқарлық,
Көл жағалай қонған ауыл жиған құт.
Үйге сыймай қара сирақ кілең ұл,
Бір-бір қоға тұтатамыз сигар қып.
Сарышұнақтай шықпай жатса ел іннен,
Біз балыққа аттанушы ек, көл – іргең.
Ескі инені иеміз ғой қармақ қып,
Көк кит аулап қайтатындай көңілмен.
Әлі есімде сонау жылдың тамызы,
Әр ауылдың болады ғой абызы,
Абызымыз – сексендегі Қамысбай,
Таң атқаннан таусылмайтын «аңызы».
Көп көненің көзін көрген Қамысбай,
Дөкейлердің сөзін бөлген Қамысбай.
Жалаң қолмен жеті метр жайынды
Ауладым деп көпіретін дауыстай.
Боқтап алар қырсық мінез бар, білем,
Ұмытайын қайтіп мұндай жанды мен.
Шеге түзеп отырғанға тисетін,
Қатыныңды түзеп ал деп алдымен.
Дүрліктірді бір күні шал жұрт ішін,
Ұн жағып ап танымастай түр-түсін,
Ақ киініп, «Ау, ағайын, аққуға
айналам» деп, қос «қанатын» сілкісін.
Әй, ырғалды-ай, ырғалды-ай,
Алжасты ма, шатақ еді бұл қандай!?
Үркесоқтап Қамысбайға қараймыз,
Айқай салып көрден атып тұрғандай.
Бала көңіл сенер ме әлде сенбес пе,
Жұрт жиылды шаңырағына сол кеште.
Қатты ауырып кепкен шалым таң ата,
Аққу болып ұшып кетті келмеске...
Пері қызбен тілдесетін Қамысбай,
Алай-дүлей күн кешетін Қамысбай.
Су жылқысы, тайып келіп ғайыптан,
Суынға да мінгесетін Қамысбай.
Өтті содан талай көктем, бұла күз,
Сенбесеңіз Көкше көлден сұраңыз...
Мықты адамның қалады ғой артында,
Тірісінде-ақ айта жүрер бір аңыз.
***
БЕЙІТ БАСЫНДА
Қалың қорым ішінде,
(Кім жатқанын кім білсін?)
Пәк періште пішінде,
Ойнап жүрді бүлдіршін.
Көк жусанның түбіне,
Көздің жасы тамады, ә...
Ағайынның бірі де,
Ұрыспады балаға.
Шошытпады жуық көр,
Былдырлайды тәтті тіл.
«Ажал деген суық қол»
Құлыншаққа жат пікір.
Қуыршағын жұптап ап,
Елемейді ол өзгені.
Қасіретке тік қарап,
Күлімдейді көздері.
***
ЭЛЕГИЯ
Жаным Балқаш, жағаңа жетсем қазір,
(Жаман ұлың жатырқап кетсең де әзір)
Ертегіде айтылған алтын балық,
Ол да сенің суыңда - тек сонда жүр.
Естіледі ескі әуен кешке мұңлы,
Толқын жұтқан қайықпын ескегімді.
Жағаңа жетсем болды бар арманым,
Жетіп алып білмеймін не істерімді.
Сағынышты шертем бе сол баяғы,
Сағыныштан келемін оңбай әлі.
Толқындарым түнімен тебіреніп,
Қамыс біткен күбірлеп қол жаяды.
Қар жаумай, қазан ұрмай, күз мұңлы өңі,
Күнтізбеде қайық-күн жүзді ілгері.
...Қойыныңда, қайран көл, тұрсам шіркін,
Мойынымды қытықтап қыздың демі.
Пікір қалдыру