Бірде Момышұлына радиодан магнитофонын арқалап тілші келеді. Тілші шашын әйелше қоя берген жас жігіт екен.
- Әй, сен кімсің? - дейді Бауыржан оны көрген бойда.
- Радиожурналистпін, ағай. Сізбен сөйлесейін деп келіп едім.
- Өзің әйелмісің, еркекпісің, мен соныңды айт деп тұрмын саған?!
- Еркекпін, ағай.
- Кругом! - дейді Баукең оған ежірейіп. Сасқан жігіт ұршықша айналып кейін бұрылып, есікке қарап тұрады.
- Сен еркек болсаң, онда шашыңды еркекше алдырып кел. Марш!
Жігіт салы суға кетіп, кеңсесіне қайтады. Қысқартайын десе, шашын қимайды, қысқартпайын десе - тапсырма қинайды. Сөйтіп жүргенде бір күн өте шығады. Ертеңінде оны бастығы шақыртады.
- Момышұлымен әңгіме дайын ба? - деп сұрайды бастық.
- Жоқ.
- Неге?
- Шашыңды еркекше алдырып келмесең, сенімен сөйлеспеймін деп қуып шықты.
- Шашыңды неге алдырмайсың?
- Қимаймын.
Бастық ашуланады.
- Ол материал программада тұр. Шашың тұрғай басыңды алдырсаң да бүгін материал осында болсын! - деп бұйырады ол жігітке.
Жігіт амалсыздан шаштаразға барып шашын жұқарттырады. Содан соң Бауыржанға қайтадан барады.
"Ақиқат пен аңыз"
Әзілхан Нұршайық