Қазір алқалы топтың орнын әлеуметтік желі алмастырды. Бұрынғы Күлтөбенің басында күнде жиынның жинақы нұсқасы осы - Facebook. Кешегі билерше кесім айтар көсем де, шымыр ойлы шешен де осында. Facebook-тің өзге өзі тұрғылас әлеуметтік желілерден артықшылығы мұнда салмақты ойлар айтып, салмақты адамдар отырады. Танымал тұлғаңызбен хат жазысып, емін-еркін пікір алмаса аласыз. Жазушы да, жазарман да, шабарман да, әнші де, биші де бәрі осында. Олардың жеке өмірлеріндегі жаңалықтары мен шығармашылық жетістіктері жазбаларда жарияланып тілеулестігімізді «лайкпен» білдіріп жатамыз.
Қазір осы Facebook қолданушыларының әрқайсысы штаттан тыс хабаршы қызметінде. Жаңалық таратудан ақпараттық агенттіктердің алдын орап кетеміз. Жаңа кітаптың тұсаукесері болсын, мерейтой болсын, жеке ән кештердің жарнамасын жасап, қонаққа шақырып, достарымен бөлісіп жатқанымыз... Құба-құп. Бір ғалымның мерейтойын, белгілі тұлғалардың кезекті марапат иесі атанғанын бұрынырақ айтып, бір-бірімізден лайк тілеп отырғанымыз... Дұрыс та шығар. Жазған жазбамыздың жағдайын, жағалай қойылған «лайкпен» өлшейтін болдық. Енді мына қызықты қараңыз. Өмір бар жерде өлім бар. Қазір қазанаманы да осы желіде жазба арқылы тарататын болдық. Бір жағынан тиімді тұстары да жоқ емес. Барлығына қоңырау шалып естіртіп жатқаннан, жазбаға жарияласаңыз өзін «жақынымын» деп тапқан әр кісі көңіл айтып, садақасына жиылады.
Бір түсінбейтінім, қазанаманы жеткізіп, көңіл айтар лебіз білдіргенімізде шектен тыс «лайктың» астында қалатынымыз. Сонда қалай, қуанышта қолданылар сезім мен қайғыда қайтар көңілдің ара жігін ажырата алмай қалғанымыз ба? Қайғыдан қан жұтпасақ та өліміне «ұнайды» түймесін басатынымыз қалай? Қазақ туысы түгіл қаймана біреудің қазасына көңіл айтып, көз жасын бір сығып алмаушы ма еді? Әлде қай тұлғаның тірлігінде қадірлі болғанын қазанаманың астына қойылған «лайкпен» өлшейміз бе? Қаза тұрғысында хабары аздау біреудің тірлігі шығар десең, алғашқы «лайкті» кейде ақыл айтар ағалардың өзі басатыны тосырқатып тастайды. Қойшы,не керек қазаға қуанатын қазақты да Facebook-тен көрдік.
Орынбасар Бақытбек
