Қазақстанда Ұлы Отан соғысына қатысқан жалғыз Кеңес одағының батыры қалды деп хабарлайды "ҚазАқпарат".
Бүгінде Ұлы Отан соғысына қатысқан көзі тірі жалғыз Кеңес одағының батыры Алматы облысында тұрады. Бұл туралы бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «ҚР Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің төраға орынбасары Бекболат Мұқышев айтты.
«Өкінішке қарай, бүгінде Қазақстанда Ұлы Отан соғысына қатысқан жалғыз Кеңес одағының батыры қалды. Ол - Иван Косенков. Ол кісі қазір Алматы облысында тұрады», - деді ол.
Иван Косенков Кеңес одағының батыры атағын Украина жеріндегі Днепр өзені бойындағы шайқастарда көрсеткен ерлігі үшін алған. Ол 333-атқыштар дивизиясының 1118-атқыштар полкі құрамында Мәскеуден Болгарияға дейін барды.
Б. Мұқышевтың айтуынша, 2015 жылы ардагерлерді Украинадағы ұрыс болған жерлерге апару жоспарланған.
«Ұлы Отан соғысына қатысқан әкелеріміз бен аталарымыздың мүрделері жатқан жерлерге ардагерлерді апару міндетті түрде қарастырылған. оған кететін шығын тіпті республикалық бюджетте де жоспарланған. Ел Үкіметі Жеңістің 70 жылдығына арнап қабылдаған шаралар жоспарында осы мәселе де жан-жақты қарастырылып отыр», - деді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгінде елімізде 5 115 Ұлы Отан соғысының ардагері қалды.