27 желтоқсанда Ақтауда ҰОС ардагерлерін қолдау акциясының аясында Президент атынан 20 ардагерді құттықтады. Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев Мемлекет басшысының атынан 4 ардагерге сыйлық табыстап, жеке құттықтады деп хабарлайды "ҚазАқпарат". Әкім ең бірінші 90 жастағы Анна Григорьевна Морозованың үйіне барды. Ол соғысқа 1942 жылы 14 сәуірде шақырылған. «Біз, барлаушылар аспан мен жерді күзеттік. Бізге танк, ұшақтарды өткізбеу міндеті жүктелген. Әскери нысандардың қауіпсіздігіне жауап бердік. Шұңқырда көп жататынбыз, қозғалған танкілер мен ұшақтардың дыбысы жер астынан жақсы естілетін. 1942 жылы Сараповты қорғай отырып, Волга арқылы темір жол көпірінің қорғанысына жауап бердік. Көпір асты-үстіне бомбалағанына қарамастан, бүтін қалды. Оны жоғарғы күш сақтап қалған дерсің. Көрші зениттік батареядан тек терең шұңқыр қалды, ал біздің дивизион аман қалды...» - деп баяндады өңір басшысына ауыр күндерді есіне алған ардагер. Анна Григорьевна Украина мен Румынияны азат етіп, Секешфехервар қаласына дейін жетті. Сол жерде көптен күткен жеңісті қарсы алды. Соңғы 15 жылда ол ІІМ жүйесінде қызмет етті, кәсіпорындарда түрлі лауазымдар атқарды. 1960 жылы Маңғышлаққа келіп, қазір осы жердің тұрғыны. Бүгін Анна Григорьевна бала-шағасының ортасында ғұмыр кешуде. Жауынгерлік, еңбек, мерейтойлық медальдарын қосқанда - 21 наградасы бар. Әкімге ардагер командир атуға бұйрық бермекші болғанда, америкалық «Бостон» ұшақтарын дыбысы бойынша танып қойғандықтан, оған дивизион командирі Малышев өз наградасын шешіп таққаны жайлы әңгімелеп берді. Облыс әкімі А. Айдарбаев бір құшақ гүл, азық-түліктер мен көкөністер толтырылған себет сыйға тартып, Президенттің құттықтау хатын оқып берді. «Құрметті ҰОС ардагері! Ұлы жеңістің 70 жыл мерейтойы аталып өтілетін, алдағы жаңа 2015 жыл мерекесімен шын жүректен құттықтамын! Сіздер соғыс жылдары да, соғыстан кейін де қажымас, қайратты жігерлеріңізбен, еңбек жолындағы ерліктеріңізбен бейбітшілікке жету үшін, бақытты ұрпақ келешегі үшін аянбай тер төктіңіздер. Енді бүгінде кейінгі ұрпақтың құрметіне бөленіп, үлгі болып жүрсіздер, Қазақстандықтар ардагерлерге қамқорлық танытып, құрмет көрсетіп, оларды әрдайым естерінде сақтайды. Сіздерге, отбасыларыңызға зор денсаулық, таусылмас жігер, ұзақ та бақытты ғұмыр тілеймін! - де сөзін жеткізді Маңғыстау облысының әкімі. «Президентімізге де ұзақ ғұмыр берсін! Біздің де елбасыға деген алғысымыз шексіз», - деп ойын білдірді ардагер. Әкім содан кейін 91 жастағы Қамқа Үмбетәліқызына барды. 1942 жылы 19 жасында соғысқа шақырылған ол соғыс аяқталғанша қиыр шығыста майданда 9-шы әуе әскерінде қызмет еткен. «Отан үшін», «ҰОС фашистік Германияны жеңгені үшін» орден, медальдарымен қоса, ол Иосиф Сталиннің қолынан алғыс хат алған. Қамқа Үмбетәліқызы 1945 жылы Жапония әскеріне қарсы жауынгерлік әуе ұшырылымына қатысқан. Онда «Жапониядағы жеңісі үшін» орденімен марапатталған. Барлығы қоржынында 16 орден, медаль бар. Соғыстан кейін мұнай саласында қызмет еткен. Үшінші ардагер Бисен Боқаев. Қария 19 желтоқсанда 91 жасқа толыпты. 1942 жылы әскерге шақырылып, жеңісті кеңестік-румындық шекарада қарсы алған. Ол Молдавия, Румыния, Венгрияны азат етуге қатысқан. Төртінші болып облыс әкімі төрт жыл бойы соғыста айқасқан 92 жастағы Балабай Азановты құттықтады. Соғысқа дейін ардагер Украинада тұрған, Түркіменстан тумасы. Сол жерден 1941 жылы әскерге шақырылады. Сталинградты азат етуге қатысқан. «Соғыс жылдары 2 рет жараланғам. Қазір 2 топ мүгедегімін, құлағым нашар естиді. Сонда да оқығанды жақсы көремін», - деді ол қонақтарға бума-бума газеттерін көрсетіп. 30 желтоқсанға дейін Президенттің тапсырмасы бойынша облыс, қала, аудан әкімдері барлық соғыс ардагерлерін аралап шығады. Бүгінде олардың саны - 66. Оларға Президент атынан сыйлықтар табысталып, Елбасының арнайы құттықтауы жеткізіледі.