Бүігнгі таңда сенсацияның соңына түскен сайттар көбейіп кеткен. Әрине, оқырманның сұранысын ескеруге тура келеді. Алайда кез келген мәселеге елдік мүдде, ұлттық таным мен тәрбие, әрі журналистік этика тұрғысынан қарауды басты нысанаға алу керек. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан қазақ сайттары редакторларының форумы барысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Астанада қазақ сайттары редакторларының форумы өтіп жатыр. Форумға ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігі қолдау көрсетті.
Зерттеулерге сәйкес, соңғы жылдары қазақ сайттарының саны өскен. Алайда олардың арасындағы бәсекелестік төмен болып тұр. Контент біртекті, ал қазақ сайттарының жеке ізденісі, жеке қолтаңбасы жоқ. Осыған орай форумды өткізудегі басты мақсат – қазақ тілді сайттарды дамыту, контент сапасын көтеру.

Өз сөзінде министр дәстүрлі бағыт пен жаңа медианың ерекшеліктеріне, әрі қазақ тілді ресурстардың орны мен әлеуметтік желінің ықпалы жайына тоқталды.
«Бүгінгі таңда әлемде 7 млрд.-тан астам адамның тең жартысы әлеуметтік желіні қолданады. Әлеуметтік желілердің өзі ақпарат құралдарының салмақты бәсекелесіне айналды. Қазіргі күннің басты тақырыбын Фейсбуктегі қарапайым қолданушысы қалыптастыра алады немесе тұтас редакция зерттейтін мәселенің маңыздылығын WhatsApp-тағы бір ғана видео жоққа шығаруы мүмкін. Алайда бұл үрдіс журналистердің рөлін төмендете алған жоқ. Керісінше әлеуметтік медиа дамыған сайын кәсіби мамандарының бағасы арта түсті», - дей келе Абаев бәсекелестіктің қатаң талаптарына төтеп беріп, ақпарат кеңістігінен лайықты орын алу үшін қазақ тілді ресурстарының алдында тұрған бірнеше маңызды мәселені атады.

«Біріншіден, контентке көзқарасты өзгерту. Қазіргі күні ақпараттың маңызын ауыстыруға қолданушының тікелей ықпалы тие бастады. Өкінішке қарай, осының салдарынан сенсацияның соңына түскен сайттар да көбейе бастады. Әрине, оқырманның сұранысын ескеруге тура келеді. Алайда кез келген мәселеде елдік мүдде, ұлттық таным мен тәрбие, әрі журналистік этика тұрғысынан қарауды басты нысанаға алу тиіс деп ойлаймыз. БАҚ-тың әлеуметтік желіден басты айырмашылығы мен артықшылығы да осында.
Контенке басты мән беріп жатқанымыз, кезінде журналистика қоғамды тәрбиелейді дейтінбіз. Қазіргі күні журналистер қоғамды тәрбиелеуге емес, сенсация қуамыз деп, әр сөзге еріп кете беретін болды.», - деді.
Министрдің айтуынша, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі келер жылдан бастап ауылда тұратын 2 млн-нан астам адамдарды сапалы интернетпен қамту жобасын бастамақ. Келер жылы бастасақ 2020 жылы аяқтаймыз. 1200 ауылды жылдам интернетпен қамтамасыз ете алады.
«Екіншіден, ұлттық мүддені үгіттеуді ұтымды жүргізу. Алайда бүгінгі заман ағымы ұлттық мәселе ұғымын тіл мен діл, әдебиет пен тарих, мәдениет аясында ғана емес, ауқымды қарастыруды талап етеді. Қазіргі үлкен проблеманың бірі ұлттық мүдде мәселесін жалаң ұранмен алмасып кетті. Арандатушылық сипат та көрініс береді. Әлеуметтік желіде жұрттың намысына тиіп, жанжалға шақырған «патриоттық» пікірлер белең алып барады. Жаһандық мәселелердің дамуына үлес қосатын ақпаратты халыққа тиімді жеткізе білу – қазіргі журналистердің ұлттық мүддеге қызмет етудегі басты міндеті.

Үшіншіден, дәстүрлі бағыт пен жаңа медианың қарым-қатынасының тереңдеуі. Бүгінгі таңда әлеуметтік медиа басымдық танытып тұр деген пікірлер көп. Алайда зерттеулерге сәйкес, әлі де дәстүрлі бағыттың, соның ішінде телеарналардың Фейсбукке қарағанда ықпалы үш есеге артық. Осы ретте, дәстүрлі бағыт пен жаңа медиа бірін-бірі толықтыратын кешенді құралға айналуы тиіс», - деді Дәурен Абаев.
Айта кетейік, қазақ сайттары редакторларының алғашқы конференциясы 2013 жылы 22 қаңтарда өткен. «Қазақ интернетінің жаңа деңгейге көтерілуі үшін 2-3 жеткілікті», - делінген еді форум барысында. Ол уақытта қазақ сайттарының қалыптасу кезеңі аяқталған. Алдағы мақсат – олардың жұмыс сапасын жақсарту жолында жұмыла әрекет ету болған.