Бір жылға жуық уақыт қоғамда қызу талқыланып, қолданыстағы құқықтық құжаттарға 300-ге жуық өзгерту енгізілген БАҚ туралы заң бүгін Парламент Сенатының екінші оқылымында мақұлданды. Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі 24.kz-ке сілтеме беріп хабарлайды. Жиында жауапты сала басшысы жаңашылдықтарды жан-жақты баяндады.
Оның айтуынша, заң жобасы арқылы тұлға мен редакция арасындағы дәлелсіз ақпаратқа қатысты дау-дамайларды сотқа дейін шешу тәртібі әзірленген. Сондай-ақ телеарналар мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін субтитр мен сурдоаударманы қолдану қажеттігі ескерілді. Ақпарат құралдарында азаматтардың суретін олардың рұқсатынсыз жариялау мүмкіндігі де пайда болды. Бұл ретте тек зардап шеккен бала туралы жеке мәліметтер оның өзінің немесе заңды өкілдерінің келісімінсіз қолданылмауы қажет. Ал бұқаралық ақпарат құралдары үшін мемлекеттік органнан ресми мәлімет алу мерзімі қысқармақ.
Бақытжан Жұмағұлов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: - БАҚ-тың ауызша және жазбаша сұрау салулары бойынша оларға ақпарат беру процесі реттелген. БАҚ пен жұмысты жүзеге асыру жөніндегі өкілетті тұлғалардың немесе бөлімшелердің функциялары алғаш рет заңнамалық тұрғыдан нақтыланған.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі: - Қорыта айтқанда, заң жобасында 16 заңға, 6 кодекске 280-нен астам өзгеріс пен толықтыру енгізу қарастырылып отыр. Баспа БАҚ үшін тағы бір жеңілдік газеттің немесе журналдың өкілетті органға өткізетін міндетті данасын енді электронды түрде тапсыруға рұқсат берілмек.