Бүгін ҚР Ұлттық ғылым академиясында «Алаш мұрасы және Қазақстан қоғамындағы рухани жаңғыру: сабақтастық мәселелері» атты конференция өтті деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Алашорда үкіметі мен Алаш автономиясының 100 жыл толуына байланысты ұйымдастырылып отырған алқалы жиынға қоғам қайраткерлері, танымал тарихшылар, белгілі ғалым-зерттеушілер және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиын барысында «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Берік Әбдіғали мен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев Алаш автономиясының ұлт тағдырындағы рөлі жайында кеңінен әңгімеледі.
«Алаш автономиясының 90 жылдығын өткізе алмаған едік. Биыл Алаш автономиясының 100 жылдығын өткізіп жатырмыз. Осы орайда көптеген істер қолға алынған болатын. Алаш автономиясының 100 жылдығына байланысты Қызылорда облысында Мұстафа Шоқайдың ескерткішін тұрғызылды. Сонымен қатар алғаш рет Семейде Әлихан Бөкейхановтың ескерткіші қойылды. Бұған біз қуанамыз. Бірақ әлі де Алаш автономиясын таныстыруымыз, жеткізуіміз керек», - деді Берік Әбдіғали.
Сонымен қатар Берік Әбдіғали Алаш әскері туралы баяндап берді.
1918 жылы Алаш әскері құрылған болатын. Семейде құрылғанымен көп ұзамай Алаш әскері таратылды. Себебі, оны ұстап тұру үшін қаражат пен қару-жарақ керек еді. Білікті нұсқаушылар керек болатын. Осылар болмағаннан кейін әскер тараудың алдында тұрды. Ол туралы Мұхаметжан Тынышбаевтың Әлихан Бөкейханға «Егер шешпесеңдер - әскерді таратамын» деген хаты да бар», - деді тарихшы ғалым.

«Бүгін үлкен тұсаукесерге келіп отырмыз. Өйткені Алаш тақырыбы мәңгілік тақырып. Алаш қозғалысы дүниетанымдық тарихтың өзегі. Себебі, Алаш халқымызды бесігінде тербетіп, есейіп ат жалын тартып мінгенде бойына күш-қуат және үміт һәм сенім берген – ұлттық идея. Алаштың кемшіл тұсы бар. Ол - Алаш әскері. Алаш әскері әлі де зерттеуді қажет ететін дүние», – деп өз пікірін білдірді Мәмбет Құлжабайұлы.

Жиын соңында Алашорда үкіметі мен Алаш автономиясының 100 жылдығының құрметіне байланысты әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбековті, Алматы қалалық ішкі саясат басқармасының бастығы Нұрлан Сыдақовты, Мәдениет басқармасының бастығы Ғалымжан Өтелбаевті, «Қамшы» ақпарат агенттігінің жетекшісі Біләл Қуанышты, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Филология және әлем тілдері факультетінің деканы Өмірхан Әбдиманұлын, саясаттанушы Айдос Сарымды және тағы да басқа Алаш рухын асқақтатып жүргендерді арнайы медальмен марапаттады.
