Куба жетекшісі Рауль Кастро келер жылдың сәуірінде орнынан кететінін жария етті деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі 24.kz-ке сілтеме бере отырып. Ал мемлекеттік кеңестің жаңа төрағасы сол кезде өтетін сайлауда таңдалады. Әуелде саяси шара ақпанға белгіленген болатын. Алайда биыл күзде ойран салған «Ирма» дауылына байланысты оны кейінге шегеру шешімі қабылданды.
2 миллиард доллар шығын әкелген табиғат апаты салдарын жою жұмыстары әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Айта кеткен жөн, Рауль Кастро 30 жыл бойы елдің бірінші вице-президенті болған. 2008 жылдан бері Куба мемлекеттік кеңесінің төрағасы лауазымын атқарып келеді. Ал оған дейін Бостандық аралын оның бауыры Фидель Кастро басқарған. Енді сарапшылардың пайымдауынша, Рауль Кастроның орнын елдің қазіргі бірінші вице-президенті басуы мүмкін.