Ұлттық арна жаңа жылды жаңа жобалармен қарсы алуға шақырады

/uploads/thumbnail/20171225131258371_small.jpg

25 желтоқсан күні  Орталық Коммуникациялар Қызметінде «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының жаңа жылға дайындаған бағдарламаларының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Мереке қарсаңындағы апта мәңгілік махаббат жайлы аңыз негізінде түсірілген «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» атты 6 бөлімді көркем телехикаяның тұсаукесерінен басталады. 25-29 желтоқсан аралығында күнделікті сағат 21.45-те Ұлттық арна көрермендері қазақ мәдениеті мен өнерінің ұлы мұрасының экранизациясын тамашалай алады. Телехикаяның бас продюсері – Баян Мақсатқызы. Сценарий авторы – Әннес Бағдат. Басты рөлдерді Гүлзада Тұрлаш, Ержан Мұқатаев, Бақтияр Қожа, Жақсыбек Құрманбеков пен Марат Абай-Ділдә сынды актерлер сомдады.

Сенбі күні, 30 желтоқсанда, сағат 20.00-де, бірнеше ай бойы көрермендерге кәсіпкерліктің қыр-сырын ашып, бизнестің оңтайлы жолын көрсеткен «Үміткер» реалити-шоуының ақтық шығарылымы өтеді. 5 миллион теңге көлеміндегі сый кімге бұйыратынына Ұлттық арна көрермендері куә болады.

Сондай-ақ, жаңа жылдық эфир әзілге толы жобалармен толықтырылмақ. 30 желтоқсан сағат 11.30-да басталатын «Әзіл әлемі» бағдарламасы көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Ал жексенбі күні, сағат 14.10-да танымал «Тамаша» әзіл театрының 90-шы жылдары түсірілген ең үздік топтамалары көрерменге жол тартады. Жаңа жыл қарсаңында, 31 желтоқсан күні, сағат 17.55-те еліміздің танымал вайнерлері, видеоблогерлері мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен өтетін арнайы «ХА-ХА шоу: Жаңа Жыл 2018» жобасы көрсетіледі.

Халық әндері мен күйлерін сүйіп тыңдайтын көрермендер 30 желтоқсан, сағат 15.40-та «Мен қазақпын» халықаралық мегажобасының гала-концертінің қайталауы мен мерекелік концерттерді тамашалай алады.

Ал, 31 желтоқсан сағат 22.30-да танымал  шоу-бизнес жұлдыздарының қатысуымен жаңа жылдық сиқырға толы «Сыңғырлаған сиқырлар» мерекелік шоу-бағдарламасы эфирге жол тартады.  Аталмыш жобаға: Кәмшат Жолдыбаева, Айгүл Иманбаева, Бүркіт, Әли Оқапов, Айқын Төлепбергенов, Кеш You, Қанат Үмбетов, Әлия Әбікен, Төреғали Төреәлі, Олжас Абай және «Qazaqstan» арнасының танымал жүргізушілері Жансерік Бейсеев, Айсұлу Рыспанова, Ирина Тен, Баян Бақкелдіқызы, Нартай Аралбайұлы қатысады.

Ең кішкентай телекөрермендеріміз үшін 31 желтоқсан сағат 12.35-те әйгілі  «Walt Disney» кинокомпаниясының  қазақ тілінде дубляждалған «Рапунцель» мультфильмі көрсетілетін болады.

Қатысты Мақалалар