Ақтөбеде күшті желдің салдарынан қаланың басты шыршасы құлаған. Жергілікті билік «Жаңа жылға дейін шыршаны қайта тұрғызамыз» деп уәде берді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
«Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан Ақтөбенің басты шыршасын қайта қалпына келтіру жұмыстары жасалып жатыр. Мұны ескерген барша әлеуметтік желі қолданушыларына алғыс айтамыз. Мұндай жағдай қайталанбас үшін тиісті шаралар қолданылады. Алаңдайтын дәнеңе жоқ. Күні ертең қонақтар мен балалар басты шыршаның жанында суретке түсуін жалғастыратын болады», - делінген Ақтөбе қаласы әкімдігінің Фейсбуктегі парақшасында.
Ал бұдан бұрын Астана қаласының Тұран көшесіндегі жасанды шырша өртенген болатын. Оқиға таңғы сағат 06:19-да орын алған. 06:38-де өрттің беті қайтты. Өрт сөндірушілердің жылдам қызметінің нәтижесінде тілсіз жау айналаға тарап үлгермеген. Өрттің шығу себебі әлі анықталған жоқ.
Алайда тұрғындар әлеуметтік желіде өз наразылықтарын білдіруде. Тіпті шыршаны мүлдем орнатпау туралы ұсыныс айтқандар да көп болды.
Пікір қалдыру