Қазақстан халқы 18 миллионға жуықтап қалды

/uploads/thumbnail/20170708162935091_small.jpg

Өткен жылдың қорытындысы бойынша елiмiздегi халық саны 17 397,2 мың адамды құрады, соның iшiнде қалалықтар – 9 612,6 мың (55,3%), ауылдықтар 7 784,6 мың адамды (44,7%) құрап отыр. 2014 жылғы қаңтар-қарашада жалпы елiмiзде халық саны 236,4 мың адамға немесе 1,38%-ға өстi, 2013 жылғы 1 желтоқсанмен салыстырғанда халық саны 251,5 мың адамға немесе 1,47%-ға артқан.

Бұл жөнiнде Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметiнде болған брифинг барысында хабарлаған Ұлттық экономика министрлiгi Статистика комитетiнiң төрағасы Әлихан Смайылов әлеуметтiк-экономикалық қорытындыларға бiршама тоқталып өттi. Оның айтуынша, жыл сайын жақсы жағынан артып отырған көрсеткiштер барлық салада көрiнiс тауып отыр. Мысалы, АХАЖ органдары ұсынған азаматтық хал актiлерi жазбаларындағы мәлiметтердi өңдеу нәтижесiнде, өткен жылдың қаңтар-қарашасында туғандар саны 368,9 мың адамды құрап, 2013 жылғы қаңтар-қарашаға қарағанда 5,8 мың адамға немесе 1,6%-ға артқан. Сондай-ақ, Смайылов елiмiздегi халықтың басым көпшiлiгiн жастар құрап отырғандығын нақтылады. Сандық көрсеткiште 15 жасқа дейiнгi балалар – 27,3%, ал, 16 жастан зейнет жасына дейiнгi еңбекке жарамды азаматтар 62% болса, зейнет жасынан бастап қариялар – 10,8%, ал, 14 пен 28 жас аралығындағы жастардың үлесi 25% болып отырғандығын айтты.
"OKO.KZ"

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар