Халық пен қаржы институттары арасындағы байланыста неге көңіл бөлу керек?

/uploads/thumbnail/20171229171612315_small.jpg

Несие алу бар да, оны  мерзімінді өтеу бар. Осы бір қарапайым аксиома еш түсіндіруді қажет етпейтін сықылды. Алайда қарызын жабуда қаржысын жеткізе алмай, уақытын кешіктіріп  алатын азаматтар да бар. Қаржы саласының өткені мен бүгінін саралай келе, нарықтық қатынастар заманында сауатты түрде қарыз алу, жалпы халық пен қаржы институттары арасындағы байланыста неге көңіл бөлу қажеттігі турасында  экономист Азамат  Қағибатпен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз:

Азамат  Қағибат

   «ӘР ЖАҚТАН» БАСТАЛҒАН АРПАЛЫС

«Біздер нарық деген жүйеге ешқандай дайындықсыз, көзжұмбайлықпен кіріп кеттік. Тоқсаныншы жылдарға дейін мемлекетке арқа сүйеп үйреніп кеттік те нарықтың бірде бір деталін, элементін игермеген халық болдық. Ал жекешелендіру деген жүрді, халықтың  одан да алып қалған айтарлықтай үлесі жоқ. Үкімет те сол кезеңде бұған тиянақты қараған жоқ. Кімге несие керек, қанша керек үлестіре берді. Ал тұтынушы да солай ала берді.  Тоқырау кезеңінде банк, қаржы жүйесін жекешелендіргеннен кейін біздің елдің жекеменшік немесе ұжымдық банктері АҚШ валютасын  тасымалдай бастады. Ол  кезде АҚШ-тан 1,3 пайызға дейін өсумен доллар сатып әкеп, Қазақстанның ішкі нарығында  15 пен  20 пайызға дейін  несиеге беріп жүрген кез болды.  Міне осы жағдай 2007 жылы  мүлде өзгеріске ұшырап, АҚШ-та қаржы дағдарысы басталған кезде, АҚШ өзінің қарыз алушыларының пайызын көтерумен бірге өзінен  қарыз алған мемлекеттердің қайтарым пайыздарын жоғары көтеріп әкелуге талап қойған.  Өкінішке орай қазірдің өзінде елімізде қаржы саласының әлі де болса тұрақты емес екенін байқаймыз.  Мұның басты бір себебі ретінде бұдан 10 жыл бұрын мұхиттың ар жағында басталған әлемдік қаржы дағдарысын айта аламыз. Сол кездегі статистикаға көз жіберсек, жер жүзінде 60 триллион доллардың айналымы жүрген болса, сол айналымға экивалент ретінде  6 – ақ триллион өндірісті өнім дейміз бе, қызмет көрсету дейміз бе осындай экономикалық факторлар экивалентінде тұрады екен. Сонда  ара қатынастары 10  есеге алшақтап  кеткенін байқаймыз. АҚШ  әлемдегі қаржы ең тұрақталған, өндіріс, өнеркәсіп ошағы дамыған мемлекет  болғандықтан олардың ұлттық валютасы  сондай бір құлдырап кетіп басқа елдің экономикасынан қалыс қалып қоймайтын ел екенін білеміз. Әлемде 300-дей мемлекет болса соның көбі  АҚШ долларына тәуелді. Өйткені дүниежүзілік сауда қатынастарындағы «алым-берім» мәселелері доллармен өлшенеді. Кейде «долларсыздану» деген мәселені естіп  қаламыз. Бұл бізге әлі ертерек нәрсе. «Долларсыздану» деген  онда сыртқы экономикалық  қатынастардан мүлдем айрылып қаламыз деген ұғымды білдіреді».

       АЛУЫ  ОҢАЙ,  ҚАЙТУЫ  ҚИЫН

«Біздің елімізде қазір банктің екі формасы жұмыс істейді. Бірінші формасы - мемлекеттің  басқаруындағы, яғни  мемлекеттің  иелігіндегі «Қазақстанның Халық Банкі», келесісі - екінші деңгейлі банктер немесе коммерциялық  банктер  деп аталады. Қазіргі күні олардың ұзын саны шамамен 21-23 – ке жетті. Кейде жабылып жатады, кейбіреуі бірігіп қосылып жатады. Бұл енді әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қатысты.

   Әрбір жеке тұлға өзін-өзі жұмыспен қамту мақсатында кәсіпкерлік  деген ұғымның аясында түрлі несиелерді алып алды. Несиелерді алғаннан кейін бұл қаражатпен өнім өндіру немесе қызмет көрсету жұмыстарын атқару, несиені содан түскен пайдамен қайтару міндетті. Бірақ өкінішке орай біздің нарықта ондай мүмкіндіктер анау айтқандай дамып кете қойған жоқ. Өйткені  біздегі тұтынушылардың сатып алу қабілеті төмен екенін мойындауымыз керек. Сатып алу қабілеті дегеніміздің өзі – ең бер жағы  күнделікті тұтыну тауарларын, яғни  тұтынушы қоржынында болуға тиісті 66  ассортиментті тауардың өзін қорықпай сатып алуға бүгінгі табыс деңгейі жете бермейді. Сондықтан жаңағы несиені қайтаруға осындай кедергілер көп болып, аяқтан шала береді. Осының кесірінен ең соңғы кезеңінде қарыз алушы, тұтынушылар жеке тұлғалардың  қайтару мәселесі өте күрделі болып шыға келген. Сотқа дейінгі несиені қайтармаған мәселені коллекторлардың қатысуымен шешуге тырысып жатқан жағдайлар да баршылық. Алайда заңды белшесінен басып жүрген оқиға, фактілерді  жоққа шығара алмаймыз. Осындай бір бей-берекет нәрселердің кесірінен  несие алушылардың   зардап  шегіп жатқанын байқауға болады. Іскер жандарға құқықтық кеңес беруден - мүлкін тәркілеуге дейінгі шаралар қарастырылып жатқанымен, жақсы нәтижесін бермей отыр. Кей жағдайда оның үйінің ішін, жүгін  далаға шығарып тастағанға дейін баратын эпизодтарды көріп қаламыз. Бұл енді дұрыс емес нәрсе. Адамның құқығын жерге таптауға болмайды. Одан бұрын  өркениетті жолмен шешіп тастауды коллекторлық  заң талап етеді. Коллекторлар екі жақтың да мүддесін қатар ойлай  отырып, елдегі жағдайды,  құқықтық қабілеттерін зерттей отырып қарызды қайтару мәселесіне жақындау, шешім қабылдау  факторы  ғой. Жалпы қарастыру жолдарының  оңтайлысы  сотқа жеткізбей, коллекторларды  қарыз алушы мен банк арасын түсіністікке алып келуі  -  өте өркениетті жол.  «Жалғызбын десең де, құдай қоймайды, жарлымын десең де қарыз қоймайды» дейді.  Жалпы банктер өз қызметтерін дұрыс атқарып, жұмыс істейтін болса, мұндайға мейірімділік пен қайырымдылықпен қарауға болатын мүмкіндіктер бар. Өзгенің ақшасын айналымға салып, содан өзіне рұқсатталған пайызбенен пайда  тауып,  жаңағы   ақшаның кіріс-шығысын қадағалап отырған мекеме ғой. Клиенттерін жоғалтып алмас үшін олардың пайыздарын төмендету, жеңілдік көрсету немесе белгілі бір мерзімге графиктерін өзгерту арқылы баяулату деген сияқты тәсілдердің тиімді болары сөзсіз. Немесе бір жылға ма, белгілі бір мерзімге тоқтата тұру деген мәселені банктер атқара білуге негізі қабылетті.

         АЛМАҚТЫҢ  ДА  САЛМАҒЫ  БАР

Несиенің түрі көп қазір. Тіпті айлыққа дейін қарыз, жылдам қарыз, пайызсыз қарыз дейтін бар. 15 минут ішінде алақаныңа қалаған нәрсені сала қояды екен. Қарыз алушылар да оның қайтарымын ескермей-ақ жылдам  қарыз алуға бейім тұрады. Қайтарған кезде қиыншылыққа тап болады.  Ал қарызды алғаннан кейін  өтеу керек!  Ол енді Заңда да, адамгершілікте де бар. Ал оны өтемей қашып кету, мекен-жайын өзгерту дегенге бармау керек. Несие алушы мен берушінің арасында қатаң келісім-шарт болуы керек. Осындай қатаң келісім-шарттың қайтарымы, негізгі уақыты, талабы барлығы көрсетілген екі жақтан бекітілген жағдайда барып несиені алу мен беру жүргізіле бастайды. Жалпы қарыз алып, оны уақытылы төлеп, пайдасын көрген, жалақыларын өсірген, әлеуметтік жағдайларын жақсартқан субьектілер  көп  Қазақстанда.  Бар!  Бір емес, бірнеше рет алғандары да бар. Оған банктер қолдарын қақпай береді.  Өйткені  ол сенімін ақтады, сенімнен шықты.

Нарықтың заңдылығы өте қатаң заңдылық. Нарық ешкімді мүсіркемейді. Нарыққа кейде Үкіметтің қауқары жетпей де қалатын да жайттар бар. Өйткені  өзі баға тағайындайды, өзі тариф тағайындайды. Қаласаң да, қаламасаң да менің бағам, тарифтерім осы дейді. Сондықтан нарықтың заңдылығында сұраныс және ұсыныс деген екі - ақ нәрсенің тепе-теңдігімен жүреді нарық.

           ҚАНАҒАТ -  ҚАРЫН  ТОЙДЫРАДЫ

Сұраныс деген нәрсе біз айтар едік, көбінесе тұтынушылық қабілеттен, тұтынушылық субьектілерден  барып шығады. Ал сұраныс нарықтың заңдылығында шексіз. Бір көлігің болса сен екіншісін  алғың келеді, немесе үш бөлмелі пәтерің болса бес бөлмелісін  алғың келеді. Осылай адамды шексіздікке қарай жетелей береді. Ал ұсыныс дегеніміз оны қамтамасыз етуші, өндіруші немесе жаңағы оны пайда болдырып беруші субьект. Олар шектеулі. Сұраныстың бәрін қанағаттандыра беретін мүмкіндік нарықта жоқ. Сондықтан  сұраныс пен ұсыныстың  тепе - теңдігін  несие алушы мен несие берушінің деңгейінде қарастырғанның өзінде түсінікті болады. Ал сұраныс пен ұсыныстың қанағаттандырылу деңгейін мысал ретінде импорт пен экспорттың деңгейінде атап көруге болады. Қазір мұның да тепе-теңдігі алшақтап кетті. Осындай қарыз алып, оған біз мынадай істесек, мынадайды сатып алып, одан мынадай пайда көрсек деген есепті қарастыратын отбасылық бюджет деген болады. Соның бәрі отбасылық адамдардың ойынан шыққанан кейін ғана барып тәуекелге бару керек. Бізге тәуекелге бармай қанша болса сонша қалап жіберіп, небір шетелдік автокөлік алып, болмаса  той жасай сап артынан оны қалай қайтарылатындығы белгісіз боп қалатын немқұрайылыққа бармау керек. Қазіргі кезде адамдар өздерін сондай бір есепке бейімдеу керек.

ОТАНДЫҚ  ӨНДІРІС – ҚЫМБАТШЫЛЫҚҚА  ТОСҚАУЫЛ  

Біздің елде импорттың үлес салмағы - 70, ал экспорттың үлес салмағы  - 30-ақ пайыз. Сондықтан  кез келген адамның қалаған нәрсесін сатып ала алмауы қымбатшылыққа кеп тіреледі. Ондай қымбатшылықты жоюдың бір ғана мәселесі – Отандық өндірісті дамыту. Сөйтіп  ішкі нарықты қамтамасыз ете білуде. Бұл дегеніңіз ана импорттан керемет арзан.  Бізде жасыратыны жоқ, отандық өнім ішкі нарықта ілгері жылжымай отыр. Біреудің нәрсесіне тәуелді бола беруден гөрі өзіміздің ішімізден алмастыратын технологияларды  ойлап табуымыз  керек.  Шұлық пен көйлек тігу деген біздің қолдан келіп тұр ғой мысалы!  Шикізат деген өзімізде жетіп артылады, неге біз өсімдік майын сырттан аламыз деген сияқты. Біз әлі алыпсатарлықта жүрміз. Анау  біреудің өндірген дүниесін алып келіп, мына жерге бірнеше  тиын қосып содан пайда көріп жүрміз. Ол дегеніңіз -  капитализмнің жабайы элементтері деп аталады екен.  Нағыз нарықтың өзінің процестеріне бұл жатпайды. Біздің  де өндіріп жатқан өнімдеріміз бар ғой енді.  Бірақ бәсекеге қабілетті бола алмай отырмыз. Жанымызда алыптар тұр қазір. Солардың  тауарларын әкеп тастаған. Ресейдің, Қытайдың тауарларының   дизайны көз тартып, бағасы да біздікінен төмен боп тұр ғой. Ал енді осыған Үкіметтен қолдау болуы керек. Үкімет қолдау үшін бірінші кезекте импортқа тосқауыл қою керек. Қарапайым нәрселердің  бәріне тосқауыл қойып, экспортты ынталандыру мәселесі аса өзекті! Мысалы, Еуропаның жетекші елдерінде кәсіпкерлікпен айналысушыларды ынталандыратын мынандай дүниелер бар екен: мен нарықты қамтамасыз етемін, осыны өндіремін дейтін болса, ел үкіметі оның идеясын қарайды. Егер өміршең  деп табылса үш-бес жылға дейін  салық салмайды екен. Үкімет қазіргі кезде қайтарымысыз мақсатқа қаражатты көп береді. Көрдіңіз бе?! Олимпиада өткізе салу, чемпионат өткізе салу деген сияқты. Қайтарылатын жоба дегеніміз – өндірістік типтегі кәсіпкерліктер. Олар қайтарылады. Қайтарылғанда да еселеп тұрып пайдасын алып келеді. Сондықтан Үкіметтің өзі қайтарымды мақсатқа көбірек көңіл бөлсе. Үкіметтің  бір жылдық немесе алты айлық есебін  тыңдап отырсақ, бір жағынан  қаражат жетіспеушілігі болып жатса, енді бір жағында есептің ішінде қомақты қаражат жұмсалынбай, кейін  қайтарып беріп жатқан фактілер шығып жатады.  Қаржы  жетіспейді деп ауызды қу шөппен сүртеміз де, мына жағына артық беріп жіберген қаржыны қайтарып әлекпіз. Бұл жерде жоспарлаудың қателігі бар.  Екінші ештеңе тындыра алмайтын жерге қаражат бөліп жіберген деген де ой туындауы мүмкін. Белең алып кетті. Жемқорлық деген өзі бір кәсіби жұмысқа айналып кетті. Не тоқтату керек те, не заңдастырудың кезі келді!

 Құралай Хасенқызы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар