ҚР және Словак Республикасы дипломатиялық қатынастың 25 жылдығын атап өтті

/uploads/thumbnail/20180102132933961_small.jpg

2018 жылғы 1 қаңтарда Қазақстан Республикасы мен Словак Республикасы дипломатиялық қарым-қатынастар орнауының 25 жылдығын атап өтті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Достық пен әріптестіктің ширек ғасыры ішінде екі ел арасында сенімді саяси диалог орнатылып, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалды, шарт-құқықтық база кеңейтілді.

Словак Республикасының Президенті Р.Шустердің 2001 жылғы қарашада Қазақстанға жасаған бірінші ресми сапары екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуді маңызды кезеңі болды. Аталған сапар барысында екі ел арасындағы өзара қарым-қатынас негіздері туралы Декларацияға қол қойылды.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 2007 жылғы қарашада Словакияға жасаған ресми сапары және Словак Республикасының Президенті И.Гашпаровичтың 2010 жылғы наурызда Қазақстанға жасаған ресми сапары, сондай-ақ оның 2010 желтоқсанда ЕҚЫҰ саммитіне қатысу үшін Қазақстанға жасаған жұмыс сапары ынтымақтастықты нығайтуға елеулі серпін берді.

Парламенттік дипломатия екіжақты өзара іс-қимылды нығайтуға маңызды үлес қосуда. Екі елдің жоғарғы заң шығарушы органдарында достық парламенттік топтар құрылған. Депутаттар арасында тұрақты түрде сапар алмасулар жүзеге асады. Словакия Парламенті Еуропалық Одақтың елдері ішінде алғашқы елдердің бірі болып, ҚР мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады.

Саяси диалогты одан әрі күшейтуге маңызды үлесін Словак Республикасының Сыртқы және еуропалық істер министрі М.Лайчактың 2016 жылғы қарашада Қазақстанға жасаған ресми сапары қосты. Сондай-ақ сыртқы саяси ведомстволар басшыларының тұрақты кездесуі мен СІМаралық консультациялардың өткізілуі екіжақты ынтымақтастықты ілгерілетудің тиімді тетігі болды.

Сауда-экономикалық саладағы қарым-қатынастар дәйекті және үдемелі түрде дамып келеді. Энергетика, машина жасау, электротехника, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, көліктік инфрақұрылымды дамыту, білім және туризм салалары экономикалық өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттары болып табылады. Екі елдің іскер топтарының жақындасуын ілгерілетуде Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының рөлі зор, бүгінге оның 6 отырысы өтті.

Қазақстан мен Словакия негізгі халықаралық мәселелер бойынша ұқсас ұстанымдарды қабылдайды және БҰҰ, ЕҚЫҰ мен басқа халықаралық ұйымдар аясында жаһанды қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайтуға өз үлестерін қосу үшін халықаралық аренада сындарлы өзара іс-қимылды жүзеге асырады.

ҚР азаматтары үшін ЕО тарапынан визалық тәртіпті жеңілдету мәселесі бойынша Словакия ресми түрде Қазақстанға қолдау көрсетіп отыр. Өз кезегінде, 2017 ж. 1 қаңтардан бастап словак азаматтарына Қазақстанда 30 күн бойы визасыз болу мүмкіндігі берілді.

Қазақстан мен Словакия екі ел халықтарының игілігі үшін алдағы уақытта екіжақты қарым-қатынастарды жан-жақты нығайтуға және дамытуға бағдарланған сыртқы саяси бағытты одан әрі жалғастыруға ниетті.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар