Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы ретінде тұңғыш баспасөз мәслихатын өткізді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің (СІМ) хабарлауынша, Астана бұл міндетті қаңтардың 1-інен 31-не дейін атқарады.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше елдердің тұрақты өкілдері қаңтар айындағы төрағалық бағдарламасын қаңтардың 2-і күні қарастырып, сол күні Қауіпсіздік Кеңесі жұмысының бағдарламасы туралы баспасөз мәслихатын өткізді.
Брифинг барысында елші қантарда атқарылатын төрағалықтың бағдарламасын таныстырды. Негізгі үш іс-шара жоспарлануда:
1) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтетін жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау бойынша отырыс.
2) Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың төрағалығымен Орталық Азия және Ауғанстан бойынша пікірсайыс. Кездесуге ОА және Ауғанстанның сыртқы істер министрлері қатысады.
3) Таяу Шығыс бойынша елшілер деңгейіндегі тоқсандық пікірталастар.
Бұдан өзге Колумбиядағы бейбіт процесі, Сириядағы жағдай, Африкадағы жеті бітімгершілік операцияға шолу және тағы басқалары талқыланбақ.
50 минутқа созылған баспасөз мәслихатында БҰҰ жанындағы тілшілер Иран, Солтүстік Корея, Израиль-Палестина жанжалы, Пәкістан, Йемен, Мьянма, климаттың өзгеруі жөнінде сауалдарды қойды.
Қаңтардың 18-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің "Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенімді нығайту шаралары" тақырыбында жоғары деңгейдегі тақырыптық пікірталастары өтеді. Сапар барысында, бұған дейін хабарланғандай, Назарбаев АҚШ президенті Дональд Трамппен кездеседі деп жоспарланған.
Астана БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы қызметіндегі басымдықтары ретінде ядролық қарусыз әлемді жақындату; жаһандық соғыс қатерін болдырмау және жергілікті жанжалдарды реттеу; аймақтық қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайтуда Орталық Азияның мүдделерін ілгерілету; терроризмге қарсы күрес және өзге мақсаттарды атап отыр.
Қазақстан билігі тәуелсіздігін жариялағалы бері өткен 26 жылдың ішінде елдің үлкен жетістіктерге қол жеткізгені және әлемге танымал болғаны туралы айтады. Халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар ресми Астананы елде өзге пікірдегілерді қудалап, негізгі құқықтар мен бостандықтарды шектейтіні және түрмеде саяси тұтқындарды ұстап отырғаны үшін сынап келеді.
Пікір қалдыру