Шавкат Миромонович Мирзияев 2003 жылдан бастап Өзбекстаның премьер-министрі қызметін атқарған. Ол тәуелсіздіктен бері елді 25 жыл билеп келген бірінші Президент Ислам Абуғаниұлы Кәрімов дүниеден өткеннен кейін, 2016 жылы қыркүйектен бастап Өзбекстан Республикасының екінші президенті атанды.
Шавкат Мирзяев мемлекет басшысы ретіндегі шетелге алғашқы сапарын 2017 жылдың бірінші жартысында, яғни 22-23-ші наурызда Астанадан бастаған еді. Кездесуден бұрын да екі ел басшысы 3-ші қарашада телефон арқылы тілдесіп, қазақ-өзбек қарым-қатынасының саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық салалар бойынша даму мәселесінде пікір алмасқан.
Бауырлас халықтардың жаңа жыл мейрамында Өзбекстан президентінің Қазақстанға сапарлап келуі екі ел арасында орнығатын достық қарым-қатынастың игі нышаны болды десе де болады.
Өйткені, Б.Ерназардың «Рейтинг» газетіне шыққан мақаласында «Орталық Азияда жетекші мемлекеттер есептелгенімен Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы алыс-беріс осы уақытқа дейін өз деңгейінде болмағаны рас» деп жазған болатын.
Мұны сарапшылар Ислам Кәрімовтың көзі тірісінде көршілес қазақ мемлекетіне «оң қабақ» танытпауымен байланыстырады. Ал Мирзяев болса керісінше, алғашқы сапарын «тарихи сәт» деп бағалады. Оның Ресей емес, Қырғызстан емес Қазақстанды таңдауы елімізге толықтай сенімін білдіре алатындығын айғақтай түседі.
Өзінен 17 жас кіші Мирзяевты қабылдаған сәтінде Назарбаев:
- Өзбекстан - біздің стратегиялық әріптес, көрші ел, әрі бауыр ел. Біздің тұрғындар көрші елдің гүлденуін, амандығын қалайды, - деген болатын.
Назарбаев-Мирзяев кездесуінің саяси маңызы жөнінде «Эксклюзив» журналының бас редакторы Расул Жұмалы да атап өткен болатын. Каримовтың жабық саясатынан кейін бір өзгеріс болады деген үмітпен Ташкентке өзі бірінші болып барған «Путиннің аузы күйді» дейді ол. Себебі, мемлекет басшысы қай елге алғашқы сапарын жасаса, сол елге саяси басымдылық беріледі, «аймақтағы ықпал иесінің» кім екендігі меңзеледі.
Путиннің көздегені Кремль қарамағындағы Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕЭО) Өзбекстанды да енгізу болатын. Ташкент пен Самарқандқа барған Путин өзбек әріптестеріне тығыз ынтымақтастық жайлы уәдесін үйіп-төккен еді.
Бірақ, оның діттегені болмай шықты, керісінше, Мирзяев өткен жылы Бішкекте болған ТМД саммитін де елеген жоқ. Өзбекстан басшысы алғашқы сапарын Қазақстан мен Түркменстаннан бастап, Ташкенттің сыртқы саясаттағы басымдылықты Орталық Азиядағы бауырлас елдерге беретіндігін аңғартты.
2016 жылдың қыркүйегінде Нұрсұлтан Назарбаев Шавкат Мирзяевпен келісе отырып, 2018 жыл Қазақстанда Өзбекстан жылы атап өтіледі деп бекіткен. Ал 2019 жыл Өзбекстанда Қазақстан жылы болатындығы да күн тәртібінде тұрғандығын айтқан. Назарбаевтың айтуынша: «Осы бастамалар аясында өткізілетін түрлі іс-шаралар бауырлас халықтарымыздың жақындастығын одан әрі тереңдетуге септігін тигізеді».
Кәрімов бейітіне топырақ салуға барған Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстанға сапары барысында Мирзяев екеуі түрлі саладағы 100 келісімге қол қойды. Соның ең негізгілері – Мәңгілік достық туралы және Стратегиялық әріптестік туралы шарттар.
Тараптар 2018 жылы демаркация бойынша далалық жұмыстарды жүргізуді, екі ел арасында ортақ автомобиль өндірісімен қоса, теміржолы және авиация салаларында, шекара мәселелерін шешуге келіскен болатын. Қазақстан арқылы Өзбекстанға Еуроодаққа жол ашылатындығын ескерген Мирзяев, екі ел арасындағы логистикалық байланысты жақсарту керек екенін ескерді, яғни теміржол мен көлік қатынасы артпақ.
«Қазақстан мен Өзбекстан стратегиялық әріптес мемлекеттер ғана емес, ең бастысы, сенімді серіктес. Қазақстан Орталық Азияда тұрақтылықты сақтаудың өзіндік үлгісін қалыптастырды деп ойламын», деді Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев.
Әзірге, Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 2 миллиард долларға жуықтаған. Мирзяев президенттікке келген сәттен бастап Қазақстан мен Өзбекстанның алға қойған мақсаттары, жоспарланған іс-шаралары мен шешімін табуға тиісті мәселелері жетерлік. Осыған орай, алдағы уақытта қазақ-өзбек қатынасы әрі қарай да нығая түседі деген сеніммен оның іске асуын бақылаймыз.
Пікір қалдыру