ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті қабылдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Б.Байбек Мемлекет басшысы - партия төрағасына партия жұмыстарының нәтижесі туралы баяндады. Сонымен қатар, Елбасы партия саяси кеңесінің кеңейтілген ауқымды отырысында « Нұрлы жол» бағдарламасы жайында сөз қозғады. Бағдарлама әлемдік экономикалық дағдарысқа қарсы іс-қимыл жасауға бағытталғанын атап өтті.
- Бұл бағдарлама партияның қолдауы аясында жүзеге асырылатын болады, өйткені оның беделі бар, бүкіл еліміз бойынша көптеген адамдар партия сапында тұр. «Нұрлы жолды» қабылдау - елдің болашақ дамуы мен халықтың игілігі үшін зор мәні бар маңызды шара. Осыған байланысты партия бастауыш ұйымдарға сүйене отырып, халыққа түсіндіру жұмыстарына ден қоюы тиіс, - деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев инфрақұрылымды сапалы дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан қолдау көрсету «Нұрлы жол» бағдарламасының міндеттеріне кіретінін айтты.
- Кәсіпкерлер несиемен қамтамасыз етілуде, бизнес ашуға жағдай жасалып, тексерулер саны азаюда. Барлық кедергілер жойылуда. Жалпы, кәсіпкерлік Индустриялық-инновациялық даму, «Нұрлы жол» бағдарламалары, жол және баспана құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртулар арқылы ұсынылатын мүмкіндіктерді пайдалануы тиіс. Егер партия Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен осы бағытта тығыз ықпалдасатын болса, қажетті нәтижелерге қол жетеді. Экономиканы дамыту арқылы халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін жұмыс істеу қажет, - деді Қазақстан Президенті.
Төрағаның бірінші орынбасары партияның сайлауалды тұғырнамасындағы міндеттемелерінің іс жүзінде 70 пайызға жуығы орындалғанына тоқталды. Ол Мемлекет басшысына қазіргі таңдағы басты мәселе «сыбайлас жемқорлыққа» қарсы іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жол картасының бекітілгенін де айтты.
Б.Байбек сонымен қатар «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру ісіне партияның қатысуы туралы баяндады.
- Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, Мәжілістегі және мәслихаттардағы партия фракцияларында «Нұрлы Жол» бағдарламасының орындалуы мен Ұлттық қор қаржысының пайдаланылуын қадағалайтын 4 комиссия құрылды, - деп хабарлады партия төрағасының бірінші орынбасары .
Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Дереккөз: ҚазАқпарат