«Сталиннің өлімі» атты кинокартина елімізде 25 қаңтар бейсенбі күні жарық көруге тиіс еді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Vlast.kz сайтының мәліметіне сүйене отырып.
23 қаңтарда Ресей Федерациясының Мәдениет министрлігі 25 қаңтарда жарыққа шығуы тиіс болған «Сталиннің өлімі» кинокартинасына берілген кескіндеме сертификатын қайтарып алды. Аталмыш ұйымның заңгерлері бұл комедияның ешқандай да тарихи, мәдени құндылығы жоқ және де бұл фильмде кеңестік рәміздер – әнұран, медальдар мен бұйрықтар – қорланған деген шешімге келді.
Жергілікті тілшілер ресейлік «Вольга» компаниясына «Қазақстандықтар бұл фильмді көре алады ма?» деген сауал жолдаған болатын. Белгілі болғандай, «Сталиннің өлімі» кинокартинасы біздің елімізде де көрсетілмейтін болды, себебі бұл фильмнен барлық кинотеатрлар бас тартқан екен. Бұл жайында «Вольга» компаниясының өкілі Юлия Фатеева мәлімдеді.
Деректерге сәйкес, бұл фильмді бір киносеть пен бір мультиплекс қабылдауға келісім білдірген болатын, алайда олар да кейіннен райынан қайтыпты.
«Сталиннің өлімі» кинокартинасы 2010 жылы жарық көрген комикс кітаптың экрандық нұсқасы болып табылады. Фильмде Сталиннің өміріндегі соңғы сағаттар және оның билік үшін қалай күрескендігі жайлы көрсетіледі. Бұл кинода Стив Бушеми, Джейсон Айзекс, Ольга Куриленко, Джэффри Тембор атты әртістер ойнаған. АҚШ-та бұл фильм наурыз айында көрсетілетін болады. Ал Қазақстанда «Сталиннің өлімі» кинокартинасы Ресеймен бірдей уақытта көрсетілуі тиіс болатын. Rotten Tomatoes сайты бұл фильмге 97% жақсы деген рейтинг беріп, орташа 8,3/10 деген баллмен бағалаған.
Айта кетерлік жайт, Ресейде дау тудырған кинокартиналар Қазақстанда да жарыққа шықпай қалған бұл бірінші жағдай емес. 2015 жылы «Интервью» және «Номер 44» атты кинолар дәл осындай себептермен прокаттан алынып тасталған болатын.
Пікір қалдыру