Бөкей ордасындағы 1836-1837 жылдардағы халық-азаттық көтерілісінің шығу себептері

/uploads/thumbnail/20170708164612461_small.jpg

«Қазақ елі-550 жыл» шығармашылық бәйгесіне

XIX ғасырдың II ширегінде Бөкей ордасында феодалдық және отарлық езгі күшейе түсті. Бұл, әсіресе, жер мәселесінде айқын көрінді. Нарын құмына қоныс аударған күннен бастап, әрбір ру өздеріне қолайлы деген қоныстарға орналасқан болатын. Барлық жер мәселесін рулық старшындар мен билер реттеп отырды.

XIX ғасырдың 30-жылдарынан бастап Жәңгір хан қоғамдық жерлерді біртіндеп жеке адамдардың иелігіне өткізе бастады. Жер әуелі ханға қызметі жаққан сұлтандар мен билерге, өз ағайындарына үлестірілсе, кейін бай қазақтарға ақшаға сатылды. Мысалы, Жәңгір ханның өзі жақын туыстарымен Торғын өзені бойынан 400 мың десятина, Қарауылқожа Бабажанов Каспий теңізінің солтүстік жағалауындағы 700 мың десятина, ноғай руын басқарушы Шомбал Ниязов 1 млн. 800 мың десятина, сұлтандар Шыңғали және Мүшеғали Ормановтар Қамыс-Самар көлдері маңайынан 700 мың десятина, сұлтан Меңдігерей Бөкейханов - 400 мың десятина, Беріш руының басқарушысы Балқы Құдайбергенов 300 мың десятина жерге ие болды. Осылайша, 4 млн.700 мың десятина жер хан, сұлтандар мен рубасылардың иелегіне өтіп, халықтың пайдалануына барлық жердің 1/3 бөлігі ғана қалды. Көп жерлерге ие болған алпауыттар жерді шаруаларға жалға беріп, пайда тапты. Мұның өзі, халықтың хан-сұлтандарға деген наразылығын күшейтіп, 1836 жылғы Бөкей ордасындағы көтерілістің шығуының басты себептерінің бірі болды. Жәңгір хан өзін жақтаушыларға әкімшілік орындарды бөліп беру кезінде үлкендерден гөрі жасырақ сұлтандар мен старшындарды көбірек ұнатты. Ал, халық болса, өкімет басынан көбірек тәжірибе жинақтап ысылған, көпті көрген көнелер мен ескі салт-дәстүрді жақсы білетін адамдарды көруге дағдыланып кеткен-ді. Ордадағы басшы қызметтерге жастарды тағайындау және олардың халықпен тәкаппар сөйлесуі, ел ішінде ханға деген өкпе-назы мен наразылықтың тууына себеп болды. Губернатор Эссен сол кездің өзінде-ақ бұған Жәңгір ханның назарын аударып, халықтық дәстүрге абай болуға кеңес берген болатын.

Негізінен хан ордасына жиналатын 2 түрлі алым-салық та халыққа үлкен ауыртпалық әкелді. Алым-салықтың бірінші түрі- мемлекеттік салық-зекет, ал, екіншісі, хан ордасын асырауға арналған соғым болды. Зекеттің мөлшері төмендегідей болып тағайындалды: 5 түйеден-1 қой, 10 түйеден-2 қой, 30 сиырдан-1 өгіз, 60 сиырдан-2, 40 қойдан-1 қой, 120 қойдан-2 қой. Зекеттен бір жылда хан ордасына 82 мың сомдай ақша мөлшерінде немесе 4 мың жылқы жиналатын. Соғым ханға әр үйден жиналды. Соғым арқылы ханға жылына 10 мың сом ақша түсетін. Тек 1836 жылы Жәңгір хан елден 18000 қой, 800 өгіз, 1000 жылқы, 700 түйе жинап алған. Жәңгір ханның Петербургке баратын сапарларының бар шығыны да елден жиналды. Одан басқа елден киіз , жүн, былғары және басқалар жиналған. Мысалы, 1836 жылы хан 500 киіз жинатқан. Жыл сайын хан сарайына өткізілуге тиісті алым-салық қазақ шаруаларына ауыр болды. Ноғай руы-40000 сом, Қызылқұрт-30000, Байбақты-40000, Жаппас-30000, Беріш-60000, Шеркеш-50000, Алшын-40000, Адай-25000, Жетіру-20000, Есентемір-10000 сом ақшалай салық төлеуге тиіс болды. Сонымен қатар күзде әрбір шаңырақ хан сарайының қажетіне құны кем дегенде 70 сомнан кем түспейтін бір жылқыдан беруге міндеттенді. Көп мөлшерде жиналған әртүрлі салықтар халықтың әлеуметтік жағдайына әсер етіп, олардың феодалдарға деген наразылығын күшейтті. Орынбор генерал-губернаторы Перовский Жәңгір ханға жазған хатында былай дейді: «Исатайлықтар жеңіл-желпі себептермен атқа қонатын жай айқайшыларға ұқсамайды. Мұндай адамдар қайғы-қасіретке ұшырататын әрекетке асығыс бара қоймайды. Сіз басқаратын ордадағы сұлтандар мен билердің қазақтардың басым көпшілігіне істеп отырған қысымшылықтардың шектен шыққаны маған енді ғана мәлім болып отыр. Басқа нәрселерді айтпағанның өзінде, әртүрлі себептермен қазақтардан өндірілетін есеп-қисапсыз алым-салықтарды ғана есіңізге саламын». Атаман Покатилов Орынбор генерал-губернаторы Перовскийдің тапсырмасымен Ордаға келіп жергілікті жағдаймен танысып, губернаторға былай деп рапорт жазады: «Ханның елге жіберген сұлтандары мен старшиналары оларды өздері-ақ оңдырмай тоңап, барын сыпырып әкетеді екен». Ал подполковник Геке 1837 жылы 10 желтоқсанда Жәңгір ханға жазған хатында: «Менің ұққаным қарсыластарыңыздың қаруланып атқа қонуының басты айыпкерлері-сіздің айналаңыз. Орда үкіметінің атынан басқарушы би-сұлтандарыңыз дұрыстықпен жүрген болса, халықтың көпшілігі Исатай жағына шығып кетпеген болар еді. Мұндай адамдар себепсіз, тектен-текке қарақан басын өлімге тікпейді»,-деп жазды. Көтерілісшілердің ханға наразылығының бірі - Жәңгірдің 1833-жылы Қарауылқожа Бабажановты, бұрын старшын Исатай Тайманұлының қарауында болған Каспий теңізінің солтүстік жағалауындағы жерлерге басқарушы етіп тағайындауы болды. Қарауылқожа Бабажанов қарапайым халықты езуші ретінде, ірі өсімқор-саудагер ретінде, хан саясатын қолдап, оны жанын сала орындаушы ретінде белгілі еді. Оған қоса халықта ежелден келе жатқан көзқарас бойынша Қ.Бабажановтың қожа тұқымынан шығуы себепті, оның қазақ руларын басқаруға хақысы жоқ еді. Бабажановты тағайындау жөнінде шешім қабылдаудың алдында және одан кейін ханға жолданған топ болып жазылған арыздар мен ескертулер ескерусіз қалды. Осыдан кейін әбден ашынған халық бұқарасы ашық қозғалысқа шықты. 1837 жылы 2 қарашада Исатайдың Жәңгірге хатында: « Қарауылқожаны старшындық қызметінен шеттетіңіз.Ол лауазымын пайдаланып, ел ішін аралауын тоқтатсын»,- деп жазылған. Бұл хатқа 300 адам қол қойған. Сонымен бірге, Бөкей ордасының қазақтары патша өкіметінің отаршылдық озбырлығынан үлкен зардап шекті. XIX ғасырдың 20-жылдарынан бастап Каспий теңізінің Солтүстік жағалауын иемденген князь Юсупов, граф Безбородко сияқты помещиктер қар қалың жауып, қыс қатты болған жылдары қазақтардың малдарын қалың қамыс арасын ықтындап, паналауға жібермеді. Жіберген жағдайда сол үшін мал беріп, ақша төлеуі қажет болды. Мысалы, 1820-жылы теңіз жағалауындағы қамысты, сайлы, ықтасынды жерлерге қыстауға жібергені үшін қазақтар мал төледі. Мұнымен бірге шаруалар қамыс шауып, мұз ойды. 1824-жылы теңіз жағалауын қыстаған шаруалар Юсуповтерге 7000 сом ақша төледі. Оның үстіне 100 мың буда қамыс шауып беруге міндеттенді.

Жайық әскери кеңсесі Үлкен және Кіші Өзендер мен Қамыс-Самар көлдері маңайындағы мал жайылымы үшін қолайлы жерлерді қазақтардан өздеріне еріксіз алып қойды. Бұл жағдайлардың қай-қайсысы да қазақ шаруаларының үлкен наразылығын туғызды.Бөкей ордасындағы 1836-1837-жылдардағы көтерілістің отаршылдық жүйеге қарсы бағытталуының себебі де осында еді.

Өмірзақов Әділбек, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті,

тарих мамандығының 2 – курс студенті.

Қатысты Мақалалар