Бизнес-тренинг халықты алдаудың ең оңай жолы ма?

/uploads/thumbnail/20180127104742067_small.jpg

Редакциямызға Әбіш Құнанбай (аты-жөні өзгертілген) есімді студент хабарласып, бизнес-тренингтің кесірінен өзінің тақырға отырып қалғанын айтып шағымданды. Жігіттің сөзінше, кәсіпкерлікке үйретушілер өз жұмыстарын онша білмейді екен. Тіпті, шәкірттеріне тапсырма беріп алып, оның қалай орындалғанын да қадағаламайтын көрінеді.

– Мен тренингті жиі өткізіп жүрген  бизнес мектептің курсына қатыстым. Ол курста екі ай оқу үшін 80 мың теңге төледім. Аптасына екі күн – сәрсенбі мен сенбіде сабақ болады. Сәрсенбіде семинар, ал сенбіде бизнес мектебінің негізін салушының өзі дәріс оқиды. Мен оқыған кезде курста 250 студент болды. Бәрімізді топ-топқа бөлгенде мен 21-ағымға түстім. Әр ағымға тәлімгер, онбасы сайланатын. Алайда  тәлімгер де, онбасы да өз саласының маманы емес. Олар апта сайын түрлі тақырыпты қозғап, жаңа нәрсе үйретуге тырысты. Курста алдымен көзді ашу, яғни жалпы шолу жүргізіледі. Одан кейін сала таңдау, оның ішінде сайт ашу, бейнеоролик жасау, баннер жасау, жарнама, маркетинг, фотошоп сияқты нәрселерге баулыды. Бір өкініштісі, соның барлығы үстірт қана. Себебі бір аптада бір сабақ өтеміз. Ол сабақты толық сіңірмей жатып, ары қарай жылжи береміз. Берілген тапсырмалар ешқашан тексерілмейді, көпшілігі орындалмайды. Қатысушылардың көбі ақша төлеп қойғандықтан, сабақтан қалмайтын. Ұйымдастырушылар өздеріне қажет пайданы ғана алды, ал біздің көңілімізден шыққан жоқ. Меніңше, бизнес-тренинг – қарапайым халықты сауатты алдаудың ең оңай жолы. Сол курсқа шашқан 80 мың теңгені төрт-бес ай 15 мыңнан бөліп, ағылшын тілінің курсына баруым керек еді», – дейді Әбіш Құнанбай.

Сананы тұрмыс билеген заманда екінің бірі ауқатты болуға ұмтылады. Соның жолында басын тауға да, тасқа да ұрады. Айы оңынан туғандар өзінде бар өмір тәжірибесін өзгелермен бөлісіп, ақша табуға құмар. Qamshy.kz тілшісі бизнес-тренингтер туралы зерттеу мақаласын назарларыңызға ұсынады. Мархабат!

Бизнес-тренингті кім жүргізеді?

Бизнес бастау бизнес мектебінде тәлім алған 21 ағым студентінің айтуынша, өзі қатысқан бизнес тренингтің кемшіл тұсы көп. Курста сабақ беретін тәлімгерлер белгілі бір салада ештеңеге қол жеткізбегендіктен, тренинг өткізуді табыс көзіне айналдырған. Тұрақты  базалық білімі де, тәжірибесі де жоқ адамдар бизнестің қыр-сырын түсіндіреді екен.

Ал Q4 Business School спикері, бизнес-тренер Салтанат Мінайханның пікірінше, бизнес-тренингті миллионерлер ғана өткізуі керек деген көзқарас өте қате. Брайн Трейси, Рандасап, Тони Робинс, т.б. әлемге танымал алпауыттар бизнестегі мансабын осы тренерліктен бастаған.

– Осы форматтағы тренерлердің пайдасы өте мол. Ұзаққа шабады. Ал миллионер ол – миллионер. Ақшасы бар. Аса үлкен қателік шықса, не таңдау жасау керек болса, ол өзін миллионер еткен кәсібін таңдайды. Тренерлік мұғалімдік сияқты. Миллионердің барлығы өз тәжірибесін өзгеге айтып жеткізе алмауы мүмкін. Ал тренер – тез  үйрене алатын және қажетті ақпаратты тауып, басқаға да үйрете алатын адам. Бүгінде бизнес-тренингтердің көбейгені рас, оған қуану керек. Себебі бәсекелестік бар жерде сапа да болады, – дейді Салтанат Мінайхан.

Бұған қарсы пікірдегі Әбіш Құнанбай «бизнес-тренингтердің басты кемшілігі – барлығын формалды түрде үйрететіні, олардың теориясы ғана бар, практикасы жоқ» дейді.

– Мен барған бизнес курсы  – Қазақстанда жаңа қолға алынып, алғашқылардың бірі болып ашылып, жолға қойылған мектеп.  Алайда әлі күнге дейін бизнес-мектеп жемісін беріп жатыр деп айта алмаймын. Себебі "бизнес тренингте оқып, миллионер болып кеттім" деген ешкімді естімедік те көрмедік – дейді 21-ағым студенті.

Бірнеше бизнес-мектепте оқыған, өз кәсібін енді бастап жүрген Бауыржан Құралханның ойынша, бизнес-тренингтерді өз саласының мамандары да, орта жолдан қосылғандар да жүргізеді. Тек дұрыс таңдай білу керек. 

– Көп жағдайда бизнес-тренингтерді әлдеқашан өз бизнесін бастап, біраз деңгейге жеткен, біршама тәжірибесі бар адамдар жүргізеді. Ал бізде жеке бизнесі болмаса да, бизнестен аз-маз хабары барлар тренер болып жүр. Олар шетелдік тренингтерге қатысып келіп, сол жерде алған білімі бойынша Қазақстанда кәсіп жасайды. Сол арқылы ақша табады. Яғни біреудің сөзін басқаларға қайталап айтып береді, – дейді Бауыржан Құралхан.

Рас, кез келген құбылысқа біржақты баға беруге болмайды. Ақ-қарасын ажыратқан соң ғана қорытынды шығарған жөн. Осы тұста Салтанат Мінайханның айтқаны да көңілге қонады. 

– Бар уақытын тренерлікке арнап, оқытумен айналысатындар бүкіл жан дүниесімен соған толық беріледі. Сәйкесінше, нәтижесі де жоғары. Ал миллионер қосымша ақша табу үшін, не білгенін үйрету үшін тренерлікке кірісу мүмкін. Оның болмысы – тренерлік емес, бизнес. Негізгі басымдық басқа жақта. Сондықтан кәсібін тренерліктен бастаған адам сол саланың тұлғасы болып қалыптасады, – дейді Салтанат Мінайхан.

Бизнес-тренингке кім қатысады?

Материалдық жағдай, әлеуметтік теңсіздік, қазіргі замандағы дағдарыс – осының барлығы адамды бизнес-тренинге қарай жетелейді. Ешкім еріккеннен қатыспайды. Қазақстандағы орташа жалақыға қазір отбасын асырап, бала-шағаның ішіп-жемін толық қамтамасыз ету мүмкін емес.

Ал Бауыржан Құралхан бизнес-тренингтерге кәсіпкерліктің табиғатын танып, өзінің шама-шарқын бағамдау үшін қатысқан.

– Бизнес-тренингке мен «бұл салаға лайықтымын ба, көшке ілесе аламын ба?» деген сауалдың жетегімен бардым. Тренингтерде өзім секілді арманшыл жастар да болды, аға буын өкілдері де болды. Орайлы сәтті ұтымды пайдаланып, өзінің жеке кәсібі бар адамдармен сұхбаттасып, біраз мағлұмат жинауға тырысамыз, – дейді Бауыржан. 

Психолог Наталья Нуралдиннің айтуынша, бизнес-тренингтерге баратын адамның бәріне ортақ бір ғана сипаттама беру мүмкін емес. Олардың үш түрі болады екен.

– Бірінші әрі кең тараған тип: адам өте белсенді және дамуға құлшынысы бар. Оған кеңседе отырып жұмыс істеу қызық емес. Одан да көп жетістікке қол жеткізгісі кееді. Ол өз жолын табуға, жеке бизнесін бастауға талпынады. Сол үшін тренингтерге қатысады.

Екінші типтегі адамдар – мансап жолында өсуді көздейтін ірі компания қызметкерлері. Олар өз кәсібін ашып, оны дөңгелетіп әкетуді ойламайды, бірақ бизнесті бүге-шүгесіне дейін түсінуге ұмтылады.

Үшінші типтегі адамдар – жалынды жастар. Олар болашақта жақсы қызметке орналасуды жоспарлайды.

Сонымен қатар, бизнес-тренингтерге өз арманынан адасқан, білімін кәдеге жарата алмайтындар да жиі барады. Өйткені тренингтер адамға қажыр-қайрат сыйлап, позитивті қалыпқа түсіреді. Кейде тренингтер психологиясы тұрақсыз адамдарға кері әсер етеді. Олар бірдеңені қолға алып, іске асыра алмаған соң бірден күйзеліске түсіп кетеді, – дейді психолог.

Бизнес-тренинг не үйретеді?

– Бизнес-тренингтер көбінесе бизнестің әліппесін үйретеді. Адам бірдеңені бастау үшін алдымен оның не екенін түсініп алуы керек. Көпшілік үшін бизнес деген құйтырқылығы мол құпия дүние секілді көрінеді. Тренигтер соның жай-жапсарын ұғуға көмектеседі.  

Бизнес-тренинг миллионер болуға да, жаңадан кәсіп ашуға да баулиды. Тіпті, өзінің жеке бизнесі бар тұлғалар да өз табысына көңілі толмай, бизнес-тренингтерге қатысады. Себебі олар кәсібін ары қарай дамытқысы келеді. Кейде тренингтердің арқасында айлық табысын бірнеше есеге арттыратындар бар, ал кейде тренинг үмітті ақтамайды, – дейді жас кәсіпкер Құралхан Бауыржан.

Ал бизнес-тренер Салтанат Мінайхан басқаша пайымдайды. Тренер кәсіп  бастаймын деп келген адамдарға миллионерлер секілді белгілі уақытын ғана емес, өзінің өмірін арнайды. «Уақыт өте келе әлемді алақанында тұрғандай көре алатын тұлғалар осылай тәрбиеленеді», – дейді Салтанат.

Біздің мақсатымыз – айту. Ал соңғы шешімді көрер көзі, түсінер санасы бар оқырман қауым өзі шығарады.

Қатысты Мақалалар