Мейірімсіз қаланың тұрғындары

/uploads/thumbnail/20170708164639004_small.jpg

Бұл елді ұрлық, қарақшылық, алдап-арбау, зорлық-зомбылық, жемқорлық, бір сөзбен айтқанда, қылмыстың көз көріп, құлақ естімеген алуан түрі әбден дендеп алған. Халқы отбасы-ошақ қасында отырғанда «Бізде тәртіп жоқ. Шіркін, көрші елдерді қарашы» дегені болмаса, бас біріктіріп, жоғарыға бір талап қойған емес. Патшасы елін құрдымға әкетер осы кесапаттардан құтылар жолды ең болмаса түсінде ойламапты...

«Шынымен-ақ өзге елдерде бәрі басқаша». Патша барлық уәзірлері мен нөкерлерін жинап алды да үкім шығарды. «Бәріміз халық алдында есеп береміз. Кімде кім өтірік айтып, жалған ақпар берген болса ана көрші елдегідей тілін кесеміз. Кімде кім қазынаға қол салған болса мына көрші елдегідей оң қолын, жетім-жесірдің хақын жесе сол қолын кесеміз. Өзгенің қылмысын көре тұра жасырса арғы елдегідей бір көзін, көрмегенді көрдім деп жалған куәлік қылса екінші көзін оямыз. Қара басы үшін өзге елдермен сыбайлас болып, барыс-келіс жасаса бір аяғын, сыртқа мемлекет құпиясын алып шықса екінші аяғын кесеміз. Ел ішін бүлдіріп, зинақорлық жасағандарды әтек қыламыз. Халықты азғырып, билікке қарсы келгендердің басына сонау елдердегідей қой терісін кигізіп, мәңгүрт етеміз. Міне, осы заң бүгіннен бастап хан демей, қара демей іске асады. Көше, көшенің бәріне іліңдер, ауызша хабарлаңдар. Күллі ел құлақтансын. Алғашқы жазаны келесі аптаның басында барша жұрттың алдында жария іске асыратын боламыз!» Патша сөзін аяқтағанмен «О, ғұлама падишам», «Кемеңгерім», «Осыны біз бұрын қалай білмей жүргенбіз?», «Өзіңіздің айтуыңыз бойынша» деген сияқты қошемет сөздер айтыла жөнелмей, үнсіздік бірінші рет ұзаққа созылып бара жатты. Қол астындағылардан тек «ләппай» естіп үйренген патша сәл бозарып, «Түсінбедім» дегендей жөткірініп, қаһарына енді міне бергенде, келісіп алғандай уәзірлері мен нөкерлері бастарын жерге салып, тізерлеп жата кетті. «Дат, тақсыр!» «Е, айтыңдар даттарыңды! Тыныштық па?» Біреуі ғана айтса жазаға алдымен сол ілігетінін білетін, ал дәл қазір айтпаса бәрі бар мүшесінен айырылып, допша домаланып қалатынын сезген игі жақсылар бір ауыздан «Патша, халық алдында өзіңіз айт деген өтірікті ғана айттық. Қазынадан рұқсатыңызбен ғана бірлесе жедік. Жетім-жесір мен кем-кетікті келісіміңізбен тонадық. Бір-біріміздің қылмысымызды бұқара білмесін деп жасырдық. Өзге елдермен сіздің қамыңыз үшін сыбайластық. Ішкі құпияны сіздің артыңызды жабу үшін сыртқа шығардық. Шикізатты да сіздің қызығыңыз үшін арзанға пұлдадық. Зинаны да сіз «Әр күн пәктікті көрем» деген соң ұйымдастырдық. Сондықтан, бәрін өзіңізден бастауыңыз керек!» деді. ...Патша шошып оянды. Дереу көрпені ашып, аяқ-қолын, беті-басын сипады. Түгел екен. «Өзге елдердің заң-зәкүні өзімен кетсін. Ал мына түсті менен басқа ешкім көрмесін» деп, бетін сипады да, қайтадан жата кетті...

Қанағат Әбілқайыр

Қатысты Мақалалар